Құқық

Бақытжан Қаратаев — қазақтың тұңғыш заңгері

Өткен жұмада облыстық тарихи-өлкетану музейінде Әбілқайыр ханның тұқымы, қазақтың  тарихи ірі тұлғаларының бірі Бақытжан Қаратаевтың туғанына 150 жыл толуына арналған шара өткізілді. Оған Қаратаевтың ұрпақтары, оның өмірін зерттеп жүрген ғалымдар, студенттер шақырылды. Қобдадан Қаратаевтың ұлы Фердаус, Ақтөбедегі ұлы Ғаббастан тараған тұяқтары ,  немересі Жәрдемнің зайыбы Бибажар, шөберелері  Шәміл мен Бауыржан, тағы басқа да туыстары қатысты.

Музейдің бөлім меңгерушісі Рысты Досова салтанатты шараны ашып,  Бақытжан Қаратаевқа қатысты деректерді жинау музейде 1960 жылдары басталғанын, осы істің басы-қасында  Рысжан Ілиясованың жүргенін  баса айтты. Одан кейін Қ.Жұбанов атындағы университеттің аға оқытушысы Е.Есенбаева белгілі қоғам қайраткері, қазақ зиялысының өмірі мен қызметі туралы баяндады. Е.Құрманбеков Әбілқайыр хан әулетінің шежіресін тарқатып, осы тектен шыққан мықтыларды жіліктеп берді. Хан тұқымының бір бұтағы Есен Ерғалиевтің әңгімесі де көңіл аударарлықтай болды. Бақытжанның келіні Бибажар апай — атасының артында қалған жәдігерлерді тірнектеп жинап, музейге өткізіп , кейінгі ұрпаққа насихаттап жүрген елгезек адам. Ол кісі өзіне сөз кезегі тигенде: «Ұрпақтары үшін ғана емес, жалпы ұлтымыз үшін орны бар атамызды қадірлеп, кейінгіге танытып жатқан музей қызметкерлеріне  алғысым шексіз», — деді.

Музейдегі   Санкт-Петербор университетінің заң факультетін  алтын медальмен бітірген қазақтан шыққан тұңғыш заңгер, Мемлекеттік Дума депутаты, қазақтарды қара жұмысқа алу туралы патша жарлығына қарсы шыққан  Бақытжан  Қаратаевқа қатысты бұрышта кезінде   сол кісі тұтынған күміс қасық, фарфор ыдыстар,  кітаптар, құжаттарының көшірмелері, Санкт-Петербор университетін бітіргенде алған төсбелгі, т.б. заттар  бұрыннан  тұр. Ал сол күнгі көрмеге оған қоса музей қорында сақтаулы тұрған  Б.Қаратаев Грузияның Кутаиси қаласында  қызмет еткен кезде алған кілемі, әйелі Әбуханифа  ханымның иығына жамылған жібек шәлі де  қойылыпты. Бақытжан Қаратаев тұтынған ыдысты, табанының табы қалған   кілемді кие тұтып ұстап көріп жатқандар да болды. Осы кездесуге келген жас буын Б.Қаратаев туралы  көбірек  естіп-біліп, таным көкжиегі кеңейіп қайтты. Музей ұжымының да діттегені осы.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button