ЖеңісМереке

Біз іздеген бір дерек…

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 73 жыл болғанмен, соғыста хабарсыз кеткен әлде артынан қаралы қағаз келген немесе елге аман-есен жеткенмен, қандай әскери бөлімде болып, қай тұстағы ұрыстарға қатысқаны, әскери марапаттары жөніндегі құжаттар мен деректері сақталмаған майдангерлер ұрпақтарының оларға іздеу салуы толастамай келеді.

Әсіресе, соңғы жылдары Ұлы Отан соғысының жауынгерлері жөніндегі деректерді іздеуге талпыныс артты. Бұған бір себеп — бүгінде өміріміздің бір бөлшегіне айналған ғаламтор, яғни іздеу салушыларға көмекке келетін сайттар.

…Әкесі Омар майданға аттанғанда, Үрбибі Яхияева небәрі 4 жастағы сәби болатын. Анасы Ханафия ерінің шаңырағына, енесі мен үлкені 4 жасар, ал кішісі әлі жасқа да толмаған екі сәбиге бас-көз болып қала беріпті.

Бұл 1942 жыл еді. Ханафияның 25 жастағы кезі. Сол кездің әйелдеріне тән, басты орынға ұят пен ибаны қоятын әдет бойынша, «Ұлымды өзім шығарып саламын» деген енесімен қабаттаса жөнелуге батпай, майданға аттанып бара жатқан еріне тек есік алдына дейін ілесті. Қоштасар сәтте Омар кіші қызы Мәрияның жүзіне қарап тұрып: «Мен келгенде тілі шығып, сөйлеп жүреді-ау», — деді. Сосын келіншегіне: «Анам мен балаларым — өзіңе аманат», — деді де, аттана берді.  1943 жылдың соңына дейін Омардан хат келіп тұрған. Содан кейін хабар үзіліпті…

Ханафия екінші рет тұрмысқа шығу жайлы ешқашан ойламаған. Ерінің бір хабарын күтумен ғұмыр кешіпті. Енесін туған анасындай күтіп-бақты. Екі қызын тәрбиелеп-өсіріп, тұрмысқа берді, жиен немерелер сүйді.

Үрбибі апайдың қызы Зәуреш бізбен әңгімесінде:

— Нағашы әжемізанамның сіңлісі Мәрияның қолында тұрды. Бізге де үнемі қонақ болып келетін. Сонда байқайтыным, әрдайым бір ой үстінде жүретін. Кей сәтте ойланып отырып, бір күрсініп алатын да, «Тірілердің қатарында жоқ болғаны ма?», — деп күбірлейтін. Енді бірде 41 құмалақты жайып салатын да, әлден соң: «Бұл дүниеде кездеспейміз-ау», — деп мұңаятын… «Әже, неге олай дейсің?», — дегенімізде селт етіп, басқа бір іске кірісіп кететін. Кейін түсіндік, қайткенде ерінің бір хабарын білуді аңсайды екен. Сол аңсаумен ғұмыр кешіпті, — деді.

Ханафия Яхияева қайратты жан еді. Соғыс жылдары ол Арал жағындағы балық аулаумен айналысатын шаруашылықтардың бірінде бригадир болған. Ерінің бір хабарына күтумен өткен ғұмырын Зәурешке есейген шағында ғана сыр қып шерткен.

— Әр сөзін ойланып сөйлейтін әжемнің оңашада айтқан сол бір әңгімесі ұмытылмастай болып есімде қалды. Кейіннен бір жұмыстасымның соғыста қаза тапқан атасының жатқан жерін ғаламтор арқылы анықтап, зиярат етіп қайтқаны жайлы әңгімені естігенімде, есіме бірден әжем түсті. Ол кісі 2005 жылы дүниеден өткен еді. Шалқардың Бозой деген ауылында жерленген. Бәлкім, атамның бір дерегі шыға келер деген үмітпен, мен де талай рет ғаламтордағы өзім білетін сайттарға үңілдім. Бұл талпынысым биылға дейін нәтиже бермеді. Тек жақында ғана атамның аты жазылған бір құжатқа кезіктім: оның соңғы ұрысқа кірген уақыты 1944 жылдың ақпаны екен. Құжатты басып шығарғанда, «Мұны әжем көргенде ғой!» деген ой келді… 1944 жылдың басы — соғыста бетбұрыс болған, яғни Кеңес армиясы жаппай шабуылға шығып, фашистер жаулап алған жерлерді азат етуге кіріскен кез ғой. Енді нақты деректерге әскери орындар арқылы іздеу жібермекпіз, — дейді Зәуреш.

Ал құжаттың бұрынырақ қолға түспеуі бір әріптен кеткен қатенің салдары екен. Құжатта атасының «Яхияев» деген фамилиясы «Яхиятов» болып кеткен.

— Әкесінің бір хабарының шығуы анамызды қатты қуантты. Оның тілегі бойынша, Бозойдағы әжеміздің зираты жанына атамызға да белгі қойдық. Қайткенде де, екеуінің рухы бір ғой деген ойдамыз. Ал 9 мамыр — Жеңіс күнінде атамыздың рухына арнап ас береміз, — дейді Зәуреш.

Соғыстан соң 73 жылдан кейін табылған бір деректің тарихы осындай.Бұл дерек obd_memorial.ru сайтынан табылыпты.

Ал майдангер ата-бабалары туралы деректер іздеп жүрген оқырмандарымызҚР Қорғаныс министрлігі сайтындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан және хабарсыз кеткен қазақстандықтар жөніндегі дерекқорға жүгіне алады. Майдангерлердің аты-жөні мұнда алфавит бойынша тізімделген. Сайттың адресі —mod.gov.kz.

Сондай-ақ,obd_memorial.ru ( Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне қатысты көлемі 10 миллионнан астам парақ болатын құжат жинақталған), pamyat-naroda.ru (жауынгерлерді марапатқа ұсыну, т.б. архив құжаттары); podvignaroda.ru, soldat.ruсындыресейлік сайттардың көмегіне жүгінуіңізге болады. Орыс тіліндегі сайттарға жүгінушілер майдангерлердің аты-жөнінде кейбір әріптердің қате түсуі мүмкін екендігін ескеріп, бірнеше ұқсас нұсқада тексеріс жасағандары дұрыс.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button