Басты жаңалықтарСпорт

Желаяқтар облыстық газеттердің жүлдесі үшін жарысты

Өткен сенбі күні олимпиада резервтерін даярлау орталығында «Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің жүлдесі үшін жеңіл атлетиканың негізгі түрі — жүгіруден жарыс өтті. Биыл 45-ші мәрте облыстық деңгейде ұйымдастырылған сайыс «Актюбинский вестник» басылымының 100 жылдығына арналды.

Жасы мен жасамысына дейін

Дәстүрлі додаға бұл жолы жүзден аса спортшы қатысты. Олардың арасында Қобда, Хромтау, Қарғалы, Мәртөк және Мұғалжар аудандарынан келгендер де бар. Әртүрлі жастағы желаяқтар өзара 1-3 шақырым қашықтыққа жүгірді. Ал қатысушылардың ең кішкентайы 8 жаста болса, үлкені — 75-те.

— Осы жылы қатысушылардың саны көп. 153 спортшы бақ пен бабын ортаға салғалы отыр. Соның ішінде ауданнан арнайы келгендер баршылық. Айталық, Қобда, Хромтау, Қарғалы, Мұғалжар мен Мәртөктің белсенділері аз емес. Олар осы жарысқа жыл сайын міндетті түрде қатысады. Жалпы, ұйымдастырушылар алқасы қатысамын дейтіндердің ешқайсысына шектеу қойған жоқ. Кез келген адам өз әлеуетін сынап көре алады.

Менің ойымша, осындай жарыстар өскелең ұрпаққа үлгі болып, олардың салауатты өмір салтын ұстануына сеп болады. Осыдан барып спортпен айналысатындардың қатары артады. Бұл ретте облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері редакциясының еңбегі зор, — деді халықаралық дәрежедегі төреші, спорт ардагері Владимир Кореньков.

1 шақырым қашықтыққа жүгіруден облыста рекорд орнатқан Ахтям Сулеймановтың есімі, әсіресе, спорт сүйер қауымға жақсы таныс. Ол 1970 жылдардың басында аталған аралықты 2 минут 28 секундта жүгіріп өткен. Мұндай көрсеткішті сол уақыттан бері әзірге ешкім қайталай алмағанын айта кету керек.

— Әртүрлі қашықтық бойынша мен 15 рет чемпион атандым. Ең алғашқы жеңісіме 1960 жылдары жеттім. Кеңес одағының құрамасына да іліктім. Меніңше, бүгінгі жарыс, қай қатысушыға болсын, тек жақсы естеліктер қалдырады, — деп ағынан жарылды Ахтям Сулейманов.

Тағы бір қатысушы Ксения Иванова:

— Мен 11 жасымнан бастап спортты жаныма серік етіп келемін. Жеңіл атлетикамен 13 жасымнан «доспын». Алматыдағы спорт мектебінде жаттықтым. Бүгінгі таңда мен жеңіл атлетикадан спорт шеберімін. Өзімді бұған дейін әртүрлі қашықтықта сынап көрдім. Соның ішінде 200-400 метрге жүгіруге мамандандым. Менің пікірімше, бүгін спорттың айтулы мерекесі. Және бұл баршаға тек оңды әсер ететіні сөзсіз. Әсіресе, балалар жағы мәз-мейрам болып, қуанып жүр. Осының өзі тамаша емес пе? Осындай жарыстарды мейлінше көптеп өткізсек, нұр үстіне нұр болары анық.

Айта кетейік, «Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты қос редакция ұжымы жыл сайын қысқы және жазғы спорт түрлерінен осындай бәсекелерді өткізуді әдетке айналдырған.

Аға буын — алдыңғы шепте

Шара барысында облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев пен «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Айгүл Нүркеева сөз алып, бұның мән-маңызына тоқталды.

— Бүгінгі спорттық сайыс біз үшін ерекше. Өйткені ол осымен 45-ші рет ұйымдастырылып отыр. Ең бастысы — кросс өңірдің байырғы басылымы — «Актюбинский вестник» газетінің мерейтойына арналып отыр. 19 маусым күні басылымның жарыққа шыққанына 100 жыл толады. Осында спорт ардагерлері ғана емес, жастар да жиналыпты. Барлық қатысушыларға мықты денсаулық, сәттіліктер тілейміз, — деді олар.

1 шақырым қашықтыққа жүгіруді алғашқы боп ардагерлер бастады. Олардың арасында ең үлкені — 75 жастағы Марат Фахрутдинов:

— Бұл кросты назарымнан тыс қалдыра алмадым. Өйткені жастайымнан осы спорт түрімен айналысып келемін. Осы шараны ұйымдастырған редакция ұжымына рақмет! — деп лебізін білдірді.

Ал 8 жастағы Аяна Балхатова — ең кішкентай қатысушы. Жеңіл атлетика бойынша тұңғыш рет жарысқа қатысып отырған оқушы қыз бұл туралы:

— Бұған дейін қыс мезгілінде шаңғыдан сайыс ұйымдастырылғанда, қатысып, екінші орын алған едім. Ал жазғы спорт түрлерінен бірінші рет бағымды сынағалы отырмын. Ересектермен бірге жүгіріп, облыстық жарысқа қатысып жатқаныма қуаныштымын, — деді ол.

Бауырлар ерекшеленген бәсеке

Облыстық додаға үлкен-кіші ғана емес, отбасымен қатысқандар да болды. Соның бір дәлелі — ағайынды Беловтар. 15 жастағы егіздер Сергей мен Анатолий жеңіл атлетикамен үш жылдан бері айналысып келеді. Қатарластарымен сынға түсу үшін Хромтау ауданынан арнайы келген жеткіншектер:

— Біздің ойымызша, жеңіл атлетика — спорттың ең күрделі түрі. Сырт көзге ғана оңай боп көрінеді. Бірақ бізге бәрібір ұнайды. Болашақта республикалық кросқа қатысып көргіміз келеді, — дейді бозбалалар.

Ал Екатерина мен Анастасия Куреченколардың аталған спорт түрімен шұғылданғанына 5 жылдан асыпты.

— Біздің жасымыз — 16-да. Бүгінгі жарысқа келсек, қарсыластарымыз осал емес. Десе де, жас спортшылар шыңдалу үшін солай болуы тиіс деп ойлаймыз. Ең қызығы, екеуміз де бір қашықтыққа жүгіреміз. Қайсысымыз мықты, сол жеңеді. Негізгі мақсатымыз — тәжірибе жинау, — деп сыр бөлісті Екатерина мен Анастасия.

Жалпы, кросқа қатысушылар ұзын саны 10 топқа бөлінді. Олардың дені 1 шақырымға жүгірді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге «Ақтөбе Медиа» ЖШС атынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Серіктестік ұжымы жарысты өткізуде қолдау көрсеткені үшін жаттықтырушылар Н.Морчук, И. Малиновская, С.Музыкант, Қ.Сейілов, А.Исмаилов пен облыстық олимпиада резервтерін даярлау орталығының басшылығына алғысын білдіреді.

P.S. Спорттық сайыстың жабылу салтанатында жеңімпаздар мен жүлдегерлер, сондай-ақ қатысушылар бірауыздан ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Олар спорт мерекесін келер жылы да асыға күтетінін айтып, риза болып тарқасты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер:

 50 жастан жоғары ер адамдардың арасында (1 шақырым)

  1. Валерий Григорьев
  2. Нұртуған Есмұратов
  3. Жұлдыз Нүкүшев

40-49 жастағы ер адамдардың арасында (1 шақырым)

  1. Амангелді Өксікбаев
  2. Нұртас Наурызбеков
  3. Шыңғыс Төлеуов

2005 жылғы және одан кіші қыздардың арасында (1 шақырым)

  1. Аружан Қарақұлова
  2. Зарина Бекдәулетова
  3. Елизавета Головко

2003 жылғы және одан кіші ер балалардың арасында (1 шақырым)

  1. Әлім Бөлебаев
  2. Руслан Талғатов
  3. Данил Решетняк

2003-2004 жылдары туған қыздардың арасында (1 шақырым)

  1. Надежда Балясная
  2. Каролина Лещенко
  3. Арайлым Бердоңғарова

2003-2004 жылдары туған ер балалардың арасында (1 шақырым)

  1. Сергей Белов
  2. Анатолий Белов
  3. Тұрлыбай Әбдірахым

2001-2002 жылдары туған қыздардың арасында (1 шақырым)

  1. Екатерина Куриченко
  2. Анастасия Куриченко
  3. Сәбина Бабаниязова

2001-2002 жылдары туған ер балалардың арасында (1 шақырым)

  1. Эдуард Галимов
  2. Александр Константинов
  3. Артем Волынский

2000 жылғы және одан жоғары қыздардың арасында (1 шақырым) 

  1. Альбина Орденова
  2. Нұржауған Сәттіғалиева
  3. Алена Моор

2000 жылғыдан жоғары ер адамдар арасында (3 шақырым)

  1. Шәміл Тереғұлов
  2. Нұрыспек Сексенбай
  3. Айдын Шибаев

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button