Басты жаңалықтар

500 жеміс ағашы егілді

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласындағы Қарғалы («Нұр Ақтөбе») тұрғын үй массивінде ағаш егу жұмыстарына қатысып, бірқатар құрылыс алаңдарын қарап шықты.

Алдағы уақытта аталған тұрғын үй алабындағы Энергия тиімділігі орталығының аумағына жеміс бағы және демалыс орны ашылмақ.

Бұл күні Қарғалы ауылының ақсақалдары, мемлекеттік қызметкерлер мен көгалдандыру мекемелерінің жұмысшылары аумаққа алма, алмұрт және өрік ағаштарының 500

көшетін екті. Алдағы уақытта демалыс орнына жөке, шаған, үйеңкі ағаштарының 1500 көшеті егілмек.

— Алма және өрік ағаштары біздің климаттық жағдайға толығымен бейімделген, жергілікті тәлімбақтарда өсірілген. Биыл көктемде қала бойынша 200 мыңға жуық емен, үйеңкі, жөке сияқты, тағы басқа қылқанжапырақты және бағалы тұқымдас ағаштарды егеміз. Сонымен қатар қала аумағындағы жасыл желек тағы 200 мың көшетке көбейеді, — деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлібек Серікбаев.

Жеміс ағаштарын егуге қатысқан облыс әкімі тұрғын үй алабының тұрғындарымен  тілдесті.

Болашақта бұл ауданда 200 мыңға жуық адам тұратын болады, осыған орай бұл жерде барлық инфрақұрылым қарастырылған. Мектеп пен балабақша салуды, жолдарды жөндеуді жалғастырамыз. Жуырда үйге жылу, газ, су, жарық беру кезінде қуат көзін үнемдейтін Энергия тиімділігі орталығы пайдалануға беріледі. Барлық үйлердің кіреберістеріне, аулаларға камера орнатамыз. Олар арқылы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқықбұзушылықтың жолын кесу үшін осы орталықтан бақылау жүргізіледі. Ғимараттың бір қанатында Халықтық кеңсе орналасады. Тұрғын үй алабын көгалдандыру — бұл маңызды іс. Бүгін ағаш көшеттері егілген бақ 3-4 жылдан кейін аудан тұрғындарының жақсы демалыс орнына айналады. Ағаштарды үздіксіз суару үшін Песчанка өзеніне Ақтөбе су қоймасынан су жеткіземіз, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің сөзін ұйып тыңдаған жергілікті тұрғындар алдағы уақытта жасыл желекке, аудандағы абаттандыру нысандарына ұқыппен қарауға уәде берді.

Бұдан кейін облыс әкімі қаладағы Нариманов көшесінің күрделі жөндеуге дайындығын қарап, жұмыс барысымен танысты. Бұл жерде автомобиль жолын жаңартудан басқа, тротуар мен ағынды суларға арналған құбырдың құрылысы қарастырылған.

Сондай-ақ облыс басшысы 12-шағын аудандағы жер үсті жүргіншілер жолы құрылысының жобасымен танысты. Бердібек Сапарбаев жобада шатырдың болмағанын атап өтіп, жаяу жүргіншілерді жаңбыр мен қардан қорғау үшін міндетті түрде оған шатыр орнатуды тапсырды.

Айта кету керек, жаяу жүргіншілер көпірі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынады. Жаңадан салынатын жүргіншілер жолы биылғы жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға берілмек.

Облыс әкімі атақты қолбасшысы Бөкенбай батыр ескерткіші салынып жатқан алаңға да барды. Ескерткіш Ақтөбе және Қазақстанның басқа өңірлерінен келген кәсіпкерлер қаржысы есебінен салынуда.

  • Қоладан құйылған және гранит тұғырдан тұратын ескерткіштің жалпы биіктігі 16 метрден асады. Жоба құны — шамамен 150 миллион теңге. Ескерткіштің артында Әбілқайыр хан мен Бөкенбай батырдың басшылығымен үш жүздің әскерлері біріккенін бейнелейтін көркем көрініс орналастырылады. Тағы бір ерекшелігі — батырдың қолында қару емес, Қарақұмда ұйымдастырылған тарихи құрылтайдағы қазақтың ұлттық әскерінің туы болады, — деді ескерткішті салу жөніндегі қоғамдық кеңестің басшысы Мәлік Жекеев.

Айта кету керек, алдағы уақытта ескерткіш аумағындағы 1,5 гектар жер көгалдандырып, балаларға арналған ойын және спорт алаңдарын орнату, автотұрақтар салу жоспарлануда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button