Басты жаңалықтар

Бердібек САПАРБАЕВ: Негізгі міндет — Елбасының тапсырмасын орындау

Жұмыс сапарымен Темір ауданына барған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қопа ауылында шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесіп, Ақтөбе — Атырау — Астрахань тасжолының құрылыс жоспарымен танысты. Сондай-ақ  Шұбарқұдықта бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, облыс әкімдігінің көшпелі отырысына қатысты.

Мал өсір!

Облыс әкімінің жұмыс сапары Кеңесту ауылдық округінің Қопа ауылынан басталды. Бұл жерде аудандағы шаруа қожалықтарының қатысуымен далалықта көрме өтті. Облыс басшысы көрмені аралап, қожалық басшыларынан шаруашылықтарының мән-жайын сұрады.  Соңғы жылдары ауданда асылтұқымды мал басын көбейту қолға алынған. Мәселен, былтыр «Әлихан» шаруа қожалығы әулиекөл тұқымды 230 ірі қара, «Сегізбай» шаруашылығы ангус тұқымды елу сиырды сатып алған. Қазір ауданда 45 мыңнан аса ірі қара бар. Дәстүрлі емес шаруашылық түрлерін дамыту да  оң жолға қойылған. Үй қояны мен бөдене, күркетауық құстарын өсіретіндер көбейген. Мәселен, кәсіпкер Асхат Сатанов 2015 жылдан бастап брама тұқымды тауық өсіруді қолға алыпты. Бұл тауық кәдімгі тауыққа қарағанда етті әрі күй талғамайды. Кәсіпкер қорадағы 15 тауығын өсіріп, етін сатуды көздеп отыр. Ал «Жан-Қанат» шаруа қожалығының басшысы Сақыпжамал Әнешова 2004 жылдан бері көшім және мұғалжар тұқымды жылқы өсірумен айналысады. Қазір қожалықта мыңнан аса жылқы бар. Қызылорда, Қостанай, Астана, Орал өңірлерінің шаруалары асылтұқымды жылқыларды Сақыпжамалдан  сатып алады. Қазір табыстың негізгі көзі  жылқыларды сатудан ғана түсіп отыр. Алдағы уақытта кәсіпкер  цех ашып, бие сүтін саудаға шығарғысы келеді.

Облыс әкімі көрмеге қойылған асылтұқымды малдарды қарап, жаңа техникаларды көрді. Биыл осы уақытқа дейін ауданға техника алу үшін 41 миллион теңге инвестиция тартылған. Жыл соңына дейін  шаруалар 30 миллион теңгеге техника сатып алуды жоспарлап отыр. Қожалық басшылары сұрақтар қойды. Оның ішінде жер мәселесіне қатысты проблемалар көтерілді. Облыс әкімі жерді тиімді пайдаланған жағдайда ешқандай мәселе туындамайтынын, сұрақтарға қатысты тексеру жұмыстары жүретінін айтты. Сондай-ақ ауыл тұрғындарына, оның ішінде жастарға мал шаруашылығымен айналысуға кеңес берді.

Темір — мал шаруашылығына ең қолайлы өңір. Өкінішке қарай, ауданда бұл шрауаны қолға алғысы келетіндер сирек.

Малмен айналысамын деген адамға мүмкіндік көп. Облыста жайылымдық жердің өзі 25 миллион гектар. Оның 35 пайызы ғана пайдаланылады. Егер жыл сайын мал басын 10-15 пайызға өсірсек, ешкімнен кем болмаймыз. Мал өсіру үшін жер де, су да бар. Тек жұмыс істеу керек. Ауылда жұмыс жоқ дейсіздер. Неге мал ұстап, оны өсірмейсіздер? Жастар жалқаулыққа бой алдырған. Егер мал өсіремін деп әрекет қылсаңыздар, мемлекет қолдауға әзір. Мәселен, кеңес дәуірі кезінде осы ауданда 100 мың гектар жерге егін егілді. Қазір 9 мың гектар аумаққа ғана тұқым себіледі, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ ол ауыл маңынан өтіп жатқан Ақтөбе — Атырау —Астрахань тасжолының құрылысы кезінде ауыл тұрғындарын жұмысқа алу көзделгенін, жарық, жол мәселесі де шешілетінін айтты.

Жол құрылысы басталады. Жоба пысықталуы керек

Республикалық маңызға ие Ақтөбе — Атырау —Астрахань тасжолының күрделі құрылыс жұмыстары басталды. Аталған жолдың 319 шақырымы біздің облыстың үстімен өтеді.  Күре жолдың ақтөбеліктер үшін маңызы зор. Күн сайын осы жолмен 12 мың көлік жүреді. Мыңдаған тонна зат  Ресейден тасымалданады. Бердібек Сапарбаев тасжолды қалпына келтіру бойынша көшпелі кеңес өткізді. Оның ішінде Темір ауданымен өтетін 160-220 шақырым аралығындағы жерін жөндеу жұмысының жоспарымен танысты. Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов негізгі шаруаны баяндады. Жолды италиялық «Тодини Конструциони Дженерали С.п.А.»  және әзірбайжандық «СПИК Аккорд» компаниясы салады. Қазіргі күні барлық құрылыс материалдары дайын тұр. Жұмыс осы аптада басталмақ. Жоба бойынша Ақтөбеден Қандыағашқа дейін  төрт жолақты, яғни бірінші санаттағы жол салынады. Қандыағаштан кейінгі құрылыс екінші категория бойынша жүреді. Сондай-ақ жол үстінен 21 көпір салынады. Оның ішінде алты көпірдің құрылысы  Алға ауданына қарасты бөлігінде жүреді. Сондай-ақ құрылыс  кезінде жақын маңдағы ауылдарға баратын жолдар да жөндеуден өтіп, жарықтандырылады. Бұл жұмыстарды мердігер компаниялар өз мойындарына алуы керек. Жоба жасалып, республикалық тиісті комитет тарапынан мақұлдануы тиіс. Осыған қатысты сұрақтарға мүдірген орынбасарына Бердібек Сапарбаев қатаң ескерту берді.

Бұл жолдың осыдан кейін енді қай уақытта жөнделетінін ешкім білмейді. Сондықтан мүмкіндікті пайдалану керек. Бұл шаруаны өткен жылдан бері айтып келемін. Бірақ жұмыс әлі пысықталмаған.  Сәуір аяқталуға жақын. Мердігер компаниялар құрылысты қалай жүргізетінін нақты білуі керек.  Мәселен, жол Қопа ауылының маңынан өтсе, сол ауылға баратын жол да жөнделуі керек. Қанша елді мекенге жол баратыны, қанша шақырым жер жаңаратыны, жарықтандырылатыны алдын ала құжатта болуы тиіс. Жолдың бойында  мал өтетін қанша жер бар, барлығы анықталуы керек. Сервистік қызмет көрсететін орталықтардың да құрылысы қатар жүруі тиіс. Себебі жол іске қосылғанда жолаушылар тамақтанатын, жанар-жағармай құятын орындар жұмысын бастайды. Сондықтан аудан әкімдері мен тиісті мекеме басшылары осы бастан кәсіпкерлермен жұмыс істегені жөн, — деп, Серік Төленбергенов пен аудан әкімдеріне, тиісті мекеме өкілдері мен мердігер компания басшыларына тапсырма берді.

Күре жолдың біздің өңірмен өтетін бөлігінде 23 елді мекен бар. Жалпы жөндеу жұмыстарына 35 миллиард теңге жұмсалмақ.

Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, ең бірінші кезекте жергілікті тұрғындар жұмысқа орналастырылады. Жұмыссыздарды жол тегістеуші көліктің машинисі, жүк тиеуші, автогрейдерші және т.б. мамандықтарына қысқа мерзімді оқыту басталды. Бүгінде реконструкциялау нысандарында Ақтөбе облысының 90 тұрғыны еңбек етіп жатыр. 55 адам оқуды жалғастыруда. Олар теориялық курсты аяқтаған соң мамандандырылған тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналастырылады.

— Адамдарды сырттан алмаңыздар. Белгілі бір мамандардың жетіспейтіндігін түсінеміз, бірақ біз қазіргі таңда оқытып жатырмыз. Құрылыс басталған кезде біз сіздерге жұмысшыларды даярлап береміз, — деді Бердыбек Сапарбаев мердігер мекемелердің тас жолды реконструкциялаумен айналысып жатқан басшыларына.

Құрылыс қызғанда ауданның 800-ден аса тұрғыны жұмыспен қамтылады. «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының директоры Жаңабай Қобыландин, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев құрылысқа қатысты атқарылып жатқан шаруаларды баяндады.

10 балаға 1,4 млн теңгенің сертификаты табысталды

Облыс әкімінің сапары аудан орталығы Шұбарқұдықта жалғасты. «Қызылжар» шағын ауданында салынып жатқан коммуналдық-арендалық 15 үйдің құрылысын көрді. «Ардақ» көтерме сауда үйі мен «Шұбарқұдық-нан» кулинариясының жұмысымен танысты. Аудандық Мәдениет үйіндегі «Темірде жасалған» атты аудан кәсіпкерлерінің көрмесін аралап, «Бақытты балалық шақ» атты концерттік бағдарламаны тамашалады. Осы шарада Бердібек Сапарбаев «Бақытты бала» жобасы туралы айтып, жиналған балдырғандарға  жақсы оқуларына тілектестігін білдірді. Сондай-ақ жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 10 балаға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі»  есепшоттарын толықтыру үшін жалпы сомасы 1,4 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.  Тағы 250 бала облыс басшысының қолынан Астанаға, Шығыс Қазақстан облысы мен Щучинск қаласындағы балаларға арналған ең үздік демалыс лагерьлері мен санаторийлерге жолдама, сонымен қатар Қазақстанның киелі жерлеріне экскурсиялық саяхат жасау үшін сертификаттар алды. Айта кетейік, «Бақытты бала» жобасы аясында осы жылы еліміздің киелі жерлеріне 6200 ақтөбелік оқушы саяхат жасайды.

Төрт мәселенің түйіні

Түстен кейін Шұбарқұдықта облыс әкімдігінің көшпелі отырысы өтті. Жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасарлары мен барлық басқарма басшылары,  аудан әкімдері және ауылдық округ әкімдері онлайн түрде қатысты.

Жиында төрт мәселе көтерілді.

Бірінші мәселе — облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының бірінші тоқсандағы қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов баяндама жасады. Биылғы жылдың бірінші сәуіріне дейін  бюджетке 28,8 миллиард теңге салық түскен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18,5 пайызға өсіп отыр. Жыл басынан бергі үш айда 1,1 миллиард салық түсіру жоспарланса, бұл көрсеткіш 1,3 миллиард теңгеге, яғни артығымен орындалған. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 402, 3 миллиард теңгені құраса, өңдеу өнеркәсібінің көлемі —  127,9 миллиард теңге болып, инвестиция өсімі 28,1 пайызды көрсетіп отыр. Мұнайдың бағасына байланысты қара алтын өндіру көлемі сәл төмендеген.

Облыс әкімі орынбасарына ай сайын экономикалық көрсеткіштер бойынша есеп жүргізіп отыруды тапсырды.

Негізгі міндет — Елбасының тапсырмасын орындау, яғни облыстың даму қарқыны былтырғы жылмен салыстырғанда төмен болмауы керек. Биыл облысқа кем дегенде  512 миллиард теңге инвестиция тартуы тиіс. Бірінші тоқсанда 59 миллиард теңге инвестиция тартылуы. Егер  осы қарқынмен жүрсек, қалған бөлігі келесі жартыжылдықта жүзеге аспай қалуы мүмкін. Сондықтан экономистермен кеңесіп, жүйелі жұмыс істелуді тапсырам, — деді Бердібек Сапарбаев.

Жылдың аяғына дейін облыста 1 триллион 900 миллиард теңгенің өнімі шығарылуы тиіс. Облыстық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Басқосуда айтылған екінші мәселе — «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру. Аталған бағдарламаның басты мақсаты — қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру. Қазіргі уақытта заманауи ақпараттық-технологиялардың мүмкіндігі зор. Оның ең сапалысы — цифрлы технология. Қай салада болмасын, бұл технология жұмысты жеңілдетуге бірден-бір ықпал етіп отыр. Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұржауған Қалауов осы бағытта атқарылып жатқан шаруаларды жан-жақты айтып берді.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру барысында ең әуелі халықтың цифрлық сауаттылығы жақсарып, интернет пайдаланушылардың саны бірнеше есе көбейеді. Электронды құжатайналым қызметі де жолға қойылып, ақпараттық-коммуникациялық технология мамандарына сұраныс артады. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым тұрғындардың мемлекеттік қызметті алуы оңтайландырылады. Бүгінгі күні облыстағы 367 елді мекеннің 27 пайызы ғана жоғары сападағы интернет жүйесін пайдаланып отырса, 42 пайызында  интернет  жылдамдығы нашар. Қазіргі күні облыс әкімдігі «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесе жұмыс жүргізіп жатыр. Жоспар бойынша 2018-2021 жылдар аралығында 233 елді мекен сапалы интернет желісіне қосылады.

Білім беру, денсаулық сақтау салалары бойынша да цифрландыру жұмыстарын жүргізу қолға алынған. Мәселен, облыстағы  410 мектептің 35 пайызы ғана жылдамдығы жоғары желіні пайдаланады. Нұржауған Қалауов мәселені шешу үшін  екі кезеңнен тұратын жоспар жасалғанын айтты.  Бірінші кезең бойынша —  242, екінші кезеңде 92 мектепті сапалы интернет желісіне қосу көзделген. Әрине, білім ордаларын цифрландыру үшін материалдық-техникалық база мықты болуы керек. Қазір мектептердегі компьютерлердің 47,9 пайызы ескірген. Ал оны жаңарту үшін бюджеттен 1,4 миллиард теңге керек. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша денсаулық, білім, мәдениет, ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді. Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов облыс орталығындағы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Облыс әкімі бірқатар басшыларға ескерту жасап, тапсырмалар жүктеді.

Жиында көтерілген үшінші мәселе «Туған жерге тағзым» бағдарламасының орындалуы жөнінде болды. Облыс әкімі басталған нәрсенің аяқсыз қалатынын, бағдарламаның биыл жалғасын таппай жатқанын, орынбасарлары мен басқарма басшылары және аудан әкімдерінің сылбырлығын сынға алды.  Облыс әкімінің  орынбасары Ербол Нұрғалиев биыл екі миллиард теңгеден астам қаржыға 645 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Оның басым бөлігі «Бақытты бала» жобасы бойынша жүзеге аспақ. Қазіргі таңда 121 миллион теңгеге 102 жоба жүзеге асқан. Бұл ретте Мәртөк, Темір, Мұғалжар аудандары белсенділік танытып отыр. Байғанин, Қобда, Ырғыз аудандарында балабақша, спорт кешендері жөнделіп, көпір салынған.

Облыс әкімі Ербол Нұрғалиевке жұмысты нәтижелі жүргізуді тапсырды. Оның ішінде шетелде тұратын жерлестермен байланыс орнату керектігін айтты.

—  Олардың барлығы қаржы беруге міндетті емес. Кімнің қандай пайдасы бар, қай жағынан көмегі тиеді, соны білу керек. Жай ғана ауыл тұрғындарымен кездесу ұйымдастырудың өзінің маңызы зор. Жерлестерінің елін, туған ауылын  ұмытпай келуі кейінгі ұрпаққа үлгі болады, — деген облыс әкімі әкімдер мен басқарма басшыларына тапсырма берді.

Басқосуда көтерілген соңғы мәселе  Темір ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде болды.  Аудан әкімі Асқар Жүсібалиев атқарылған жұмыстарды баяндады.

Сондай-ақ жиында денсаулық сақтау мен білім саласында тәртіптің нашарлығы да сөз болды. Облыс әкімі мемлекеттік мекемені өз меншігіндей билеп-төстейтін бас дәрігерлер мен мектеп директорларына шара қолданылатынын айтты. Ауылдық округ әкімдеріне де тапсырмалар берілді.

Жиын соңында облыс әкімі Темір ауданы әкіміне көшпелі отырысты ұйымдастырудағы жұмыстары үшін алғысын айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button