Экономика

Бюджеттің төртінші деңгейін енгізу талқыланды

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша бюджеттің төртінші деңгейін енгізу барысы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен өткен кеңесте қаралды.

Жиынға бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ бейнеселектор режимінде аудандардың әкімдері қатысты. Атқарылған жұмыстар туралы Хромтау ауданының әкімі Аманғали Бердалин мен Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Бекболат Құлмағамбетов есеп берді.

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанның 2000 адамнан асатын тұрғындары бар селолары мен селолық округтерінде бюджеттің төртінші деңгейі енгізілгені мәлім. Облыста жергілікті өзін-өзі басқарудың органдары өкілеттігі 50 селолық округте кеңейтілді. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлкасима Сүйінтаева хабарлағандай, жаңа өзгерісті енгізудің алғашқы үш айында төртінші деңгейдегі бюджеттің кіріс бөлігі трансферттерді есептемегенде, 305 миллион теңгеден артық қаржы құрады. Осылайша, жоспар екі еседен астам артығымен орындалды.

Хабарламашы, сонымен бірге бірқатар елді мекендер бойынша бастапқыда кіріс бойынша жоспарды төмендетуге жол берілгенін атап өтті. Бұдан басқа, төртінші деңгейдегі бюджеттің шығыс бөлігі кірісті артығымен орындаған деп есептегеннің өзінде, одан бірнеше есе асып түседі.

Осыған байланысты облыс әкімі өкілетті органдарға селолық округтердің дербес бюджетін құрылымдайтын кіріс көздерін түгендеу үшін аудандарға шығуды тапсырды.

— Меніңше, селолық әкімдер дербес бюджет дегеннің не екенін әлі сезініп үлгермеген сияқты. Ең бастысы — есепті жолға қоюымыз керек, сонда ғана кіріс бөлігінің нақты көлемін болжамдауға болады. Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін барлық кемшіліктер түзетілуі тиіс, — деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту мақсатында облыста ҚР Ұлттық экономика министрлігі ұйымдастырған жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджеттік процестерді және коммуналдық меншікті басқаруы мәселелері бойынша практикалық оқу семинары өтетін болады.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button