Басты жаңалықтар

Облыс әкімі аламан айтыстың қазылар алқасымен кездесті

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Ән дарыған далада, шыңға айналған Астанам» атты республикалық ақындар айтысына арнайы келген қазылар алқасымен кездесті.

Ақтөбе қаласында Өнер орталығында өтетін аламан айтысқа қазылық жасауға арнайы келген қазақстандық өнер майталмандары Асанәлі Әшімов, Жүрсін Ерман, Татьяна Бурмистрова, Алтынбек Қоразбаев, Серік Ақсұңқар, Серік Қалиевтер облыс басшысының қабылдауында болды.

Облыс әкімі құрметті қонақтарға алғысын білдіріп, облыс экономикасының жеткен жетістіктері туралы айтып өтті.

— Биылғы қыстан аман-есен шықтық, судан аманбыз, қар көп болған жоқ. Сіздердей ағаларымызды көріп көңіліміз жайланып отыр.  Біз бірінші тоқсанды 4 пайыз өсіммен аяқтадық, жалпы экономикалық көрсеткіштеріміз жаман емес. Жыл аяғына дейін жұмыс жасап, 5 пайызды игереміз деп жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қандай қиыншылықтар болса да экономикамыздың қарқынын төмендетпеуіміз қажет. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Астананың 20 жылдығына орай көптеген шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Өткен жылы пайдалануға берілген Өнер орталығы мен «Жұбановтар әлемі» музей-үйі бүгінде шығармашылық жобаларды жүзеге асырудың ұйытқысы болуда. Қазір Ақтөбеде 480 мың халық тұрады. Кейінгі жылдары қаламыз жақсы дамып, аумағы үлкейіп келеді. Заң бойынша облыс орталығында халық саны 400 мыңнан асатын болса, оны ауданға бөледі. Өздеріңіз де баспасөз беттерінен оқып танысқан боларсыздар, біз жақында Ақтөбе қаласын Астана мен Алматы деп екі ауданға бөлдік.

Кездесу барысында даңқты актер Асанәлі Әшімов пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» төрағасы Жүрсін Ерман облыс әкіміне өздерінің алғысын білдіріп, айтыстың мақсатымен таныстырып өтті.

— Біздің Ақтөбеге келген сапарымыздың басты мақсаты — биыл елімізде өтетін үлкен шара — Астананың 20 жылдығын ел арасында кеңінен насихаттау.  Астананың  мәртебесін көтеру — елдіктің мәселесі,  жалпы халықтың тойы. Ертеңгі болатын аламан айтыста ақындарымыз тәуелсіздіктің тірегі болған Астана мен тарихта аты қалған хандарымыз бен батырларымыздың ерліктерін, Әбілқайыр ханның 325 жылдығын жырға қосады. Ақтөбе жұртшылығын қазақтың өлмес мұрасы айтыспен бір сусындатамыз деп ойлап отырмыз, — деді олар.

Айтысқа елімізге танымал Р.Зайытов, Ө.Көпбосын, А.Керімбек, Т.Жаманов, Д.Қамиев, Е.Қайболдин, М.Ахметов, Ж.Бейбітов, Ә.Жақсылық, М.Сұлтанхан, И.Күзенбаев, Б.Қасымов, О.Қабденов, Қ.Мырзаханұлы, Б.Оразбаев, Қ.Жұбаниязов, Р.Қайдаров, Н.Тілеуқұл сынды ақындар қатысады деп күтілуде.

Кездесу соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қонақтарға келгендері үшін алғысын білдіріп, қазылар алқасының мүшелеріне жемісті жұмыс тіледі.

Республикалық айтыс 19 сәуір күні Өнер орталығы ғимаратында өтеді, кіру тегін. Салтанатты шара сағат 10.00-де басталады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button