Білім

Оқушыларды тасымалдайтын автобустар көнерген

Комиссия отырысы

Ақтөбе қаласындағы №39 орта мектепте облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің қатысуымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Облыс әкімінің орынбасары алдымен №39 орта мектептің спорттық базасымен танысып, оқушылар арасында футболдан ұйымдастырылған жолдастық кездесудің ашылу рәсіміне қатысты.

— Биыл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Бақытты бала» жылы жарияланған болатын. Осы мақсатта облыста көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Ағымдағы жылы облыс бойынша 140 спорт алаңы бой көтеріп, балаларға арналған 100-ге жуық ойын алаңы салынбақ. Сондай-ақ жасөспірімдерге арналған спорт орталықтары мен әлеуметтік нысандарды салу жоспарланып отыр.

Жалпы №39 орта мектептің көптеген жетістіктері бар. Бұл оқу ордасының бірқатар түлектері бүгінде «Ақтөбе» футбол клубының спортшылары. Бізге дені сау, бәсекеге қабілетті ұлт керек. Сондықтан жастарымыз салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданғандары жөн, — деді Е.Нұрғалиев өз сөзінде.

Бұдан соң аталған мектептің акт залында кәмелетке толмаған оқушылардың өз-өзіне қол жұмсау мәселесі, оның алдын алу жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы және балаларды мектепке тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік мәселелері туралы жиын өтті.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, биыл жасөспірімдер арасында 3 суицид әрекет анықталса, оның біреуі өліммен аяқталған. Жасөспірімдер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде 441 жасөспірім тұрақты бақылауға алынып отыр. Оның ішінде 104 бала жоғары қауіпті топқа жатқызылды.

— Ақтөбе қаласындағы №31 орта мектепте және Алға ауданындағы №2 орта мектепте «Сенім» психологиялық кеңес беру кабинеті жұмыс атқаруда. «Мәселе жоқ» сенім телефоны бойынша 483 қоңырау түскен. Ағымдағы жылы ақпан-наурыз айлары аралығында «Өмірге «Иә» деп айт!» атты республикалық ақпараттық науқаны өткізіліп жатыр. Осы бағытта түрлі тәрбие сағаттар мен психологиялық тренингтер ұйымдастырылды, — деді Л.Оразбаева.

Бүгінде суицид мәселесі — өте өзекті тақырып. Балалардың өміріне, тәрбиесіне немқұрайлы қарамау керек. Суицид деректері, әсіресе колледж оқушылары арасында болып отыр. Сондықтан бүгіннен бастап, барлық психологтар мен педагогтар жаз мезгіліне дейін тексеріс жұмыстарын жүргізіп, бақылауға алулары керек, — деді Ербол Нұрғалиев.

Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға оқу ордасы 3 шақырым қашықтықта орналасса, күнделікті ақысыз тасымал қамтамасыз етілуі тиіс. Облыста мектептері жоқ 76 елді мекен бар. Ал тасымалдауды талап ететін мектеп жасындағы балалар саны — 1059. Бүгінде оқушыларды тасымалдау үшін 46 автобус ұйымдастырылған. Бұл автобустардың 15-і ғана тиісті талаптарға сай. Мәселен, Қарғалы ауданында пайдалануға берілгеніне 14 жыл болған ескі автобустар бар. Ақтөбе қаласында 13 автобус қосымша бөлшектерді көп ауыстыруды қажет етеді. 2016-2018 жылдар аралығында төрт жаңа автобус қолданысқа берілген. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселелерді қалалық әкімдікке жолдап, тиісті орындарға шешуді тапсырды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button