Экономика

Биыл 300 жобаға қолдау көрсетіледі

Өткен жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасын жүзеге асыру көрсеткіштері бойынша біздің облысымыз өңірлер арасында көшбасшылар қатарынан көрінді.

Кеше облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, аталған комиссияның мүшелері, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері және облыстық департаменттер мен басқармалар басшылары қатысты.

Тұрақты комиссия отырысында депутаттар «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасын іске асыру туралы мәселе қарады. Бұл жөнінде облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев баяндама жасады. Баяндамашы атап өткендей, 2017 жылы облыста бағдарлама аясында 198 жобаға субсидия берілген. Бұл арқылы 21 миллиард теңгеден астам несие сомасы субсидияланған. Тағы 96 жоба 1 миллиард теңгеден астам сомаға кепілдендірілген. Шағын және орта бизнес саласындағы 8 жобаға инженерлік инфрақұрылым жүргізуге құжаттар әзірлеу үшін, 234 миллион теңге бөлінген. Жалпы, бағдарлама аясындағы 4 бағыт бойынша барлығы 323 өтінім мақұлданыпты.

Биыл да 300-ден астам жобаға қолдау көрсету жоспарланған.Оларды жүзеге асыру барысында 100-ден астам жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Талқылау кезінде депутаттар тарапынан «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасын іске асыру туралы Үкімет қаулысына енгізілген өзгерістер, қаржыландыру барысы, т.б. мәселелерге қатысты сауалдар қойылды.  Сауалдарға облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры аймақтық филиалының басшысы Берік Нұрғалиев жауап берді. Жиын қорытындысында депутаттардың ескертпелері мен ұсыныстары ескеріле отырып, қаралған мәселе бойынша қаулы қабылданды.

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button