Мереке

Наурыз — мейірім мерекесі

Түркі тілдес халықтардың ортақ тарихының бір дәлелі саналатын Наурыз  мерекесін әр ел өзінше тойлағанмен, барлығы бір мақсатқа үндейді. Наурыз — халықты татулық пен бірлікке шақырады. Мерекені әр ұлт өз ұлттық тағамдарын пісіріп, ерекше атап өтеді.

Көже ағзаны тазартады      

Халықтық  дәстүр бойынша наурыз көжеге бидай, тары секілді дән мен  сүр ет, бұршақ, су, сүт, тұз секілді кем дегенде жеті түрлі азықтық заттар міндетті түрде қосылуы тиіс. Ертеректе наурыз көже әзірлегенде әжелеріміз тақ санын сақтап, мұндай заттарды салуды  көбейте берген. Соғымнан арнайы сақталған мүшелер (қазы, қарта, шұжық, т.б.) де қосылады. Сондай-ақ наурыз көжеге құрт қосады. Оның  себебі де бар. Әсіресе жазғытұрым уақытта құрттың пайдасы мол. Әлсіз, аурушаң адамдарға қуат береді. Бұл асты —  қуаттың көзі болсын, ел қуаты нығайсын, денсаулығы берік болсын деген ырымға негіздесе керек.

Наурыз көжеге қазақтың ең жақсы көретін, негізгі ас дәмдерінің бірі — ет қосылады. Ет — қазақтың төл асы. Қазан толсын, асар мол болсын деген мақсатта «ұзынсарыға» сақталған сүр етті тұтастай наурыз көжеге салып қайнатады. Ертеректе көжеге арпа қосатын болған. Арпа — сырқатқа ем. Білетіндердің айтуынша, арпаны жиі пайдаланатындардың қаны бұзылмайды. Ирак тәуіптері бұл дәнді «ғажап құтты дән» деп атаған. Көптеген ауруларға шипалы. Зерттеушілер «Арпа ай тұтылған кезде себілетін болса, кейін одан пісірілген нан есі ауысқандарға шипа болады. Арпа сеуіп жатқан кезде ай дөңгеленіп, Зухар жұлдызына қарама-қарсы тұрса, арық-тұрақ мал оңалып, қоң жинайды. Жылдың жақсы немесе жаман келуі арпаға қарап анықталады. Данышпан қарапайым бабаларымыз осыны арқау еткен», — дейді.

Наурыз көжені қыстан арып-ашып шығатын ағзаны қалпына келтіру үшін де пайдаланған. Наурыз көжеге құрамында гемоглобині көп арпаны сол үшін қосады екен.

 «Сумалак»

Өзбек халқының Жаңа жылды қарсы алу дәстүрі ерекше. Бұл күні өзбектер үйді-үйді аралап, қонаққа барып, ұлттық тағамдардан ауыз тиеді. Жастар күресіп, асық ойнап, ақсақалдар бата берсе, үлкендер ұлттық тағам — сумалак әзірлейді. Сумалак аспайтын өзбек үйі болмайды. Бұл астың наурыз көжеден айырмашылығы — бидайды екі күн қайнатып, тайқазанға асады. Барлығы өз арман-тілектерін айтып, астан ауыз тиеді. Халықтың сенімі бойынша, сәбилі бола алмай жүрген келіншектер Алладан перзент сұрап, осы көжеден ауыз тисе тілегі орындалады екен. Интернет деректеріне сүйенсек, сумалак туралы мынандай аңыз бар. Ертеде көктем шыға бір ауылдың жұрты ашаршылыққа ұшырайды. Жеке-жеке қазан көтеріп, ас пісіруге елдің шамасы келмей қалады. Қиын сәтте ауылдың аналары қолдарындағы бар азықты жинап, біреуі бір уыс бидайын, енді бірі жүгерісін, тағы бірі өсімдік майын алып келіп, қазанға салып, тамақ әзірлеуге кіріседі. Ең соңында тоғыз баласын ерткен жесір әйел келеді. Қосатын ештеңесі жоқ ол қазанға тазалап жуып, жеті тас салады. Дәу қазан орта белінен асып тола түседі. Қазан қайнаған сайын аналар Тәңірден тоқшылықты, жылдың түсімді, берекелі болуын тілеп жалбарынады. Құдай аналардың тілегін қабыл етіп, ел сол жылы молшылыққа кенеледі. Содан бастап «сумалак» деп аталған осы  тағамды ерте көктемде елдің бірігіп, бір қазанда пісіру салтқа айналған. Сондай-ақ, өзбек халқының сенімі бойынша, Наурыз күні үйге бірінші боп бас сұққан адамға көп нәрсе байланысты. Сондықтан өзбектер Жаңа жылдың алғашқы қонағы атына заты сай, пейілі түзу, оң ниетті, ең бастысы, қой егіз табатын құтты қонақ болса деп ті­лейді.

Наурыз мерекесін Қазақстандағы өзбектер ерекше ықыласпен атап өтеді. Осы күні облыстағы барлық ұлттық орталықтардың өкілдері бір-бірлерін құттықтап, игі тілектерін білдіреді. Өнерлі жастар меркелік шараларға қатысып, ән айтып, би билейді.

 «Қарға ботқа»

Наурызды ерекше атап өтетін халықтың бірі — татарлар. Бұл күнi татарлар мерекеге арнап жаңа киім сатып алады.  Үй-iшiн тазалап, жапқыштарды жаңартып, мiндеттi түрде ақ дастарқан жаяды. Ұлттық тағамдар – шәк-шәк, губадия, кабартма, ляваш, бәлiш қойылады. Мереке күнi бiр-бiрiне қонаққа барып, ескi жылдан қалған өкпе-назы болса, кешiрiм сұрап, көңiлдерiн жiбiтедi. Татарлар наурыз көжеге ұқсас жеті дәннен тұратын «Қарға ботқасын» әзірлейді. Қарға ботқа атауы алқапқа себілген дәнді қарғалар шоқып, болашақ егінді құртып жібермесін деген ырымнан шыққан екен.

«Шекербура»

Әзірбайжандар ата-бабаларынан қалған ең  ізгі мереке ретінде Наурызды кеңес дәуірінде де тойлаған халық. Наурыз айы кірген уақыттан бастап  әр аптаның екiншi күнi, табиғат құбылыстары су, жел, от, жерге  арнап алау жағылады. Соңғы төртiншi алау жер, топыраққа  арналады. Яғни бұл «ақырғы сейсенбi» деп аталады. Ал наурыздың жиырма бірі күні барлық әзірбайжандар жаңа күнді өз отбасында қарсы алады. Жиырма екісінде қонақ күтіп, бірін-бірі құттықтайды. Бұл күндері  тек қана  жақсы сөздер айтылуы тиiс. Наурыз күнi ескi өкпелер ұмытылып, араздасқан туыстар бiрiн-бiрi кешiрiп, дастарқан басына жиналады.  Дәстүр бойынша «тонгал» деп аталатын от жағып, одан жеті рет секіреді.

Наурыз айы басталған кезде әзірбайжандар бидайдың  тұқымын егеді екен. Дәннен өнiп, өскен бидайдың өркенiне қарап келген жылдың қаншалықты берекелi болатынын болжайды. Оны қызыл лентамен көмкерiп байлап, дастарқан үстiне қояды. Қасына ай тәрізді қамырдан жасалған тәтті тағам қояды. Бұны шекербура деп атайды.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button