Экономика

Керамикалық плиткалар мен керамикалық граниттер шығарылады

Бірнеше ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы бейсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен индустриялық-инновациялық даму жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралды.

Байғанин ауданында «Қожасай» кен орнының шикізат базасын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін газды кешенді дайындау қондырғысының белсенді құрылысы жалғасуда. Құны 21,2 миллиард теңгеден асатын жобаның бастамашысы — «Gas Processing Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Компания өкілдерінің мәліметінше бүгінде 400-ге тарта адам жұмылдырылған нысанның құрылысы  70 пайыз аяқталған. Ал оны пайдалануға беру осы жылдың желтоқсан айына жоспарланып отыр. Қайта өңдеу процесі кезінде мұнда құрғақ тазартылған және сұйылтылған пропан-бутан техникалық газын, тұрақты газ конденсаты мен түйіршікті күкірт алынады, 258 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.Сонымен бірге, жоба экологиялық тұрғыдан да  қолайлы.

«Зерде-Керамика-Ақтөбе» жауапкершілігінің керамикалық гранит және керамикалық плиткалар шығаратын зауыты іске қосылысымен осы жылдың қыркүйек-қазан айларында ақтөбеліктер үшін 150 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаның жалпы құны — 6,9 миллард теңге.

Инвесторлар сондай-ақ жобаларды жүзеге асыру кезіндегі проблемалық мәселелерді көтерді. «АКМЭЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылтайшысы Бауыржан Қондыбаев Хромтау ауданында салынып жатқан қуаттылығы жылына 35 мың тонна өнім болатын май экстракциялау зауытын сумен және теміржол жерасты жолымен қамтамасыз ету кезіндегі қиындықтар туралы айтты.

Өңір басшысы құзырлы органдарға көтерілген мәселелерді  реттеуді, сонымен қатар бизнес кедергілерін төмендету және бизнес жағдайды жақсарту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Бұл жобалардың барлығы да халықтың экономикалық жағдайын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға,  бәсекеге қабілетті отандық өнімді шығаруға бағытталған. Біз кәсіпкерлерге қолдау көрсетуіміз қажет, — деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев.

Бұдан басқа, іске асыруға жоспарланған жобалар қарастырылды. Олардың қатарында «Ақтөбе» индустриялық аймағындағы жекеменшік өрт сөндіру депосының, табиғи газдан алынатын техникалық көміртек, сонымен қатар биологиялық ыдырайтын пакеттер  өндіретін кәсіпорындардың құрылысы бар. Кеңес мүшелері көрсетілген жобалардың барлығын да қолдады. Өз кезегінде облыс әкімі инвесторларды жергілікті билік тарапынан жобаларға қолдау көрсетілетініне сендірді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button