Спорт

Халықаралық турнир: 440 спортшы күш сынасты

Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек спорт сарайында каратэ-додан әлем чемпионы Әшім Қалидің жүлдесіне арналған «AKTOBE OPEN — 2018» дәстүрлі халықаралық турнирі өтті. Жаһандық жарысқа 400-ден астам спортшы қатысты.

Спорттық сайыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев:

— Барлықтарыңызды облыс әкімі Бердібек Машбекұлының атынан жерлесіміз, әлем чемпионы Әшім Қалидің жүлдесіне арналған турнирдің ашылуымен құттықтаймыз. Бұл дәстүрлі турнир талай жас спортшының бағын ашып, үлкен жетістіктерге жетуіне себепкер болған. Сондықтан бүгінгі шараға біз үлкен үміт артамыз. Алдағы уақытта өтетін Олимпиадада, басқа да жарыстарда Ақтөбенің атын асқақтататын жігіттердің осында шыңдалатынына сеніміміз зор. Баршаңызға сәттілік тілейміз! — деп жылы лебізін білдірді.

Дүбірлі доданың бас төрешесі Тимур Шатаевтың айтуынша, еліміздің барлық облыстары мен Ресей, Қырғызстан сынды көршілес елдерден бас-аяғы 440 каратэші күш сынасып, ұзын саны 22 команданы құраған. Осымен 17-ші рет ұйымдастырылып отырған жарыстың жеңімпаздары Ұлттық құрамаға қабылданып, Азия чемпионатына, өзге де байрақты бәсекелерге жолдама алады.

Жеңімпаздарға дипломдар мен медальдар, әлгінде аталып өткен жолдамалар берілді.

Айта кетейік, жеңіс тұғырынан көрінгендердің қатарында Ринат Сағындықов, Әлібек Ідіріс, Герман Косенко, т.б. жерлестеріміз бар.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button