Әлеумет

Мал аурулары: бақылау күшейе түспек

Мәслихат

Кеше облыстық мәслихат депутаты Гүлжанат Ерғазинаның төрағалық етуімен облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер, экология және табиғатты пайдалану жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, депутаттар мен журналистер қатысты.

Жиында алғашқы боп сөз алған облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанатбаев бұл саладағы бақылау һәм  қадағалау жөнінде баяндады. Оның айтуынша, төрт түлік пен ит-мысық сияқты үй жануарларына белгіленген жоспарға сәйкес түрлі ауруларға қарсы егу жұмыстары жүргізілген. Өткен жылы кеселдің алдын алу үшін бруцеллезге 573544 бас ірі қара, 1 миллионнан астам ұсақ мал тексерілген. Жалпы, ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында анықтамаларды бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі арқылы беру қолға алынған, яғни барлығы электрондық нұсқада беріліп жүр. Ал жергілікті полициямен бірге өткізілген рейд барысында облыстағы тірі малдар мен жаңадан сойылған малдардың еттерінің құжаты тексеріліп, нәтижесінде 28 тұлғаға айыппұл салыныпты.

Өткен жылғы көрсеткіштерге сүйенсек, өңірде 79 арнайы мал сою орны рәсімделген. Өз кезегінде жыл басынан бері мал сою орындарында 34 мың бас ірі қара, 24 мың қой-ешкі, 5 мың бас жылқы, 292 бас түйе сойылып, тиісінше сонша жануар ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өткен. Мұнымен бірге, жоспардан тыс 72 өндіріс орны мен сақтау қоймаларында тексеру  жүргізіліп, 30 заңды тұлға және 42 жеке кәсіпкерге жоғарыда аталғандай қорытынды берілген.

Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті аумақтық инспекциясының басшысы Темірбек Нұртазин өз сөзінде эпизоотиялық жағдай — жан-жануарлардың жұқпалы аурулары мәселесіне бөлінген қаражаттың нендей жұмыстарға жұмсалып жатқанына тоқталды. Биыл бұған облыстық бюджетке 696 миллион теңге аударылған. Сондай-ақ, облыста халықаралық талаптарға жауап беретін модульді 6 ветеринарлық зертхананың салынғанынан хабардар етті. Осы орайда облыс бойынша 13 ветеринарлық станция аудандарда, 137 пункт ауылдық округтерде құрылғаны жөнінде айтылды. Ал жалпы мал қорымдарының саны — 171.

Отырыста, сондай-ақ, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл «Жер үсті көздеріндегі су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы ставкалары туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» сұрағы бойынша хабарлама жасады.   

Тұрақты комиссия қаралған мәселелер бойынша баяндама жасағандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, соңында қаулы қабылдады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button