Басты жаңалықтарСпорт

Мұз үстіндегі марапат: жас хоккейшілердің жеңісі

Өткен сенбі күні шайбалы хоккейден жасөспірімдер арасындағы «Жұлдызша» облыстық турнирінің жеңімпаздары анықталды. «Олимп» хоккей модулінде өткен салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Жарыста 17 командадан әртүрлі жастағы 250-ден аса спортшы белсенділік танытты. 2004-2009 жылғы бозбалалар арасында ұйымдастырылған сайысқа, әсіресе, ауыл-аймақтан келіп, бақ сынағандардың саны көп. Марапаттау рәсімінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

— Кезінде «Жұлдызша» балалардың қуана қатысатын жарыстарының бірі болатын. Осының арқасында Олимпиаданың, әлемнің көптеген чемпиондары да шықты. Бұйыртса, сіздер де болашақта чемпион боласыздар.

Қысқы спортты дамыту мақсатында биыл Мұз айдыны сарайын пайдалануға бергелі отырмыз. Қазақстанда ойнайтын жастардың құрама командасын жасақтау үшін де қазіргі таңда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ең бастысы, сіздер шаршамай, осы хоккеймен айналысуларыңыз керек. Өз тарапымыздан біз сіздерге әрдайым жағдай жасаймыз. Облыс басшылығы атынан барлықтарыңызға осынау жарысқа келіп, қатысқандарыңыз  үшін рақмет айтамын, — дей келе, бір топ балаға Асқар Мамин басшылық ететін Қазақстанның Хоккей федерациясы атынан арнаулы форманы тарту етті. Артынша жеңімпаздарды марапаттады.

2008-2009 жылдары туғандардың арасында ақтөбелік ер балалар, 2006-2007 жылғылардан Хромтау ауданының жеткіншектері, ал 2004-2005 жылдары дүниеге келгендерден Ақтөбе командасы жеңіске жетті. Оларға дипломдар табыс етілді.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрлыбек Жүсіповтің айтуынша, осы жылы  Ақтөбе қаласы мен барлық аудандарда жалпы саны 321 мұз айдыны құйылған.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button