Тұлға

Тертеге сыймаған тағдыр

Өтежан Нұрғалиев — 80

Қазақтың көрнекті ақыны Өтежан Нұрғалиевтің туғанына биыл 80 жыл толады. Әдебиет есігін тамылжыған лирик болып ашқан қаламгер өткен ғасырдың төртінші ширегінде зор эпикалық қарымын танытты. Оның «Соғыстың соңғы жазы» атты төрт кітаптан тұратын балладалары қазақ әдебиетіне жаңа тыныс әкелді.

Бүгін жарияланып отырған мақала — ақын туралы алда да ұсынылатын туындылардың бастауы.

Жеткіншектіктен енді шыға бере өлеңнің есігін:

«Әндетіп жел, дөңгелейді қалқып күн,

Қалай берем нәзік сырын көкейдің.

Отан-әке, қай ұлыңнан артықпын,

Қайтсем ғана парызымды өтеймін» —

сияқты жолдармен ашқан Өтежан сол ілкі бастауында-ақ поэзия әлеміне биіктеу үшін «қайтсем», «қалай» секілді сұрақтарға жауап табудың қажеттілігін түсінді. Сол түсінгендік оны ерте есейтіп, мұрат-сұраққа жауапты сырттан емес, өмір туралы өзіңнің табиғи ішкі түйсігіңмен іздеудің қажеттілігін сезіндірді. Сөйтіп, қазақ поэзиясына басқа ешкімге де емес, тек өзіне ғана ұқсайтын ақын келген. Сол әу бастан-ақ елдегі қалыптасқан әдеби орта «қазақтың Пушкині» деп қабылдаған Өтежанның соншалықты жарқырап көрінуі шынында да балаң Пушкиннің тегеурінін танытқандай еді. Лицейдің он екі жастағы оқушысы өлең жазғанда орыс поэзиясының қадырлы ақсақалы Гаврила Державин ризалықпен қол соғып бата бергені секілді, Жем-Сағыз даласынан жолдаған өлеңдері 1958 жылы республикалық «Әдебиет және искусство» (бүгінгі «Жұлдыз») журналында жарияланғанда қазақ поэзиясындағы аға буын да оны қуана қабылдаған-ды. Бозбала Пушкинді Карамзин, Батюшков, Жуковский сияқты орыс сөз өнерінің ірі өкілдері мадақтаса, Өтежанға Әбділдә Тәжібаев, Қуандық Шаңғытбаев сияқты көрнекі ақындар сәт сапар тіледі. Александр Сергеевичтің қолдан жасалған ажалына ара түсер ешкім болмай, отыз үш жасында дүниеден өтті. Өзінен басқа ешкімге ұқсамай өмір сүру — қауіп, топ қарғаның ішіндегі ақ қарғаны қара түсті орта ұқсастық заңдарына кереғарлығы үшін аулақтатады, тіптен ол мақтаулы болса қызғаныш тудырады.

Қауіптің ең қатерлісі — қызғаныш, мұндайда көз көрмейді, құлақ естімейді, жүрек сезбейтін болып келеді. Ол өзгеден озып оқшау жүргенді, саяқтау өмір кешкенді торуылдайтын да. Өтежан ақын туралы мерзімдік басылымдарда ара-тұра жарық көрген бірлі-жарым материалдар болмаса, осы уақытқа дейін іргелі зерттеу болған емес. Тек аса көрнекті мәдениеттанушы, марқұм Әуезхан Қодар ғана бір уақыттағы телехабарларында ақынның шығармашылығынан « … көне Грецияда Сократтан басталған дәстүрдің қазақ топырағында жалғасуын» танып, «Өтекең антимифология жасаушы Гомер, керісінше, яғни тонын айналдырып киген Гомерді» көруі — оның поэзиясындағы ой мен бейнелеудің тереңдігін айқындағандай («Жер жұлдызы жақындайды жұлдыздарға көктегі…», Әуезхан Қодар. «Қазақ әдебиеті» газеті, 21.09.2012).

Көрнекті ғалымның әлемдік, мәңгілік ойлар мен өнердің алыптарымен параллель жасап пікір айтуы, әрине, қызғаныш тудырады. Мен Өтежанмен қазақ университетіндегі оқуды бірге бастап, біршама бірге жүрген адаммын. Ол жиырма жастан енді ғана шыққан кез болатын. Өтекең Жем, мен Ойыл жағалап — екеуміз де орта мектепті жақсы бағамен аяқтаған екенбіз; менің де мектептен тыс оқудан да біршама білетінім бар секілді еді, сосын ол уақытта мектеп беретін білімде көп айырмашылық жоқ-ты, сонда оның эрудициясы — білігі жоғары еді, таңдап, талғап үңіле оқығандығы анық байқалатын. Бұл қабілет Алматының ағартушылық мүмкіндігі көп жағдайында оны сапалық жаңа биіктерге көтеріп, оның үстіне, әлгі айтылғандай, мадақтаулар жан дүниесін кернеген ақындық буды күшейтті, ұдайы кернеумен жүру жоқ… сөйтіп, әсіресе, өнер адамдары, оның ішінде бақсылық мінезге де жақындығы жоқ емес ақындар «кернеуден» жеңілдеудің жолы деп… соқтығып қалатыны жиі кездеседі. Аруағы кешіргей, қасында жүріп көргесін, білгесін айтамын, ондай жағдай Өтекеңнің басында да болды. Бірақ тез өтті. Оның көбінесе саяқтау жүруі, әдеби ортамен байланысының аздығы, жаратылысынан: ол өзінің тіршілігін мінезінің сипатына қарай сәйкестендірген адам. Бірге жүріп танып, білген жастық жылдарда оның белгілі ақынмын дегенін немесе поэзия туралы, оның өкілдері туралы мадақтау, не ұнатпау пікірлер айтқанын естіген емеспін; топқа қосылмайтын, топтасып әңгіме айтпайтын; оның үстіне Өтекең өткені бар, бүгінгісі бар көпшілік аузында жүрген сөз өнеріндегі ірілерді мақтамады да, даттамады да, өзін білумен шектелді. Мұның да салқыны тигенін білемін. Өзінің өмірде қандай адам, поэзияда қандай биікте екендігін айқын сезінген ақын еді. Оның үстіне ол уақыт дейтін категорияның өткен бөліктерінің жыршысы болатын, уақыттың не екенін тұрлаулы тұжырыммен белгілеу жоқ, себебі бүгінің ертең-ақ өткенге кетеді, бүгінің тек бір ғана тәулік, алдағы уақыт — беймәлім. Меніңше, көп өлеңдердің өміршең еместігі — өткінші, алдамшы, ертең неге апарары беймәлім бүгінді айту ғой деп ойлаймын. Өтежан бүгінді бүгінге ұнау үшін не одан жеру үшін жазған ақын емес. Мәселе, ненің не екені енді өзгеруі мүмкін емес кешегіні тануда, соны тарқата айтып пайымдауда. «Соғыстың соңғы жазы» деп аталған төрт кітабы осының дәлелі — соғыстан кейінгі барша қазақ ауылына ортақ — адамдар тарихы. Ақынның тіршіліктің шынайы философиясын танудың өрісін осылайша өткеннен іздеуі оны «Афина мектебіне» әкелуі табиғилық.

Осы айтылғандай, Өтекеңнің мінезіндегі бірбеткей ерекшеліктер — оқшауланудың «адамдардың көздерінен ашу-ыза мен көргенсіздіктің беттерін оқимын» (М.Ю.Лермонтов «Пайғамбар») себептерінен, өзгелерден оқшаулану мен топқа қосылмау («өзімен-өзі кету» деп жазады М.Цветаева. Соч. В 2-х т. М., 1980, 1, с 319) ақынды шындығы мен жалғаны мидай араласқан кәдуілгі өмірдің тертесіне сыймайтын етті, ортаны түсінгісі келмеді, әлеуметтік орта да түсіне алмады, оны осы тіршілік шетке шығарды, шеттетіп жүргізді. Онсыз да Мұқағали Мақатаев жазғандай «өмірде ақындардың бәрі жалғыз», Өтекең-мінезді түсінетіндер, мысалы, Сағат Әшімбаев, Әуесхан Қодарлар сирек.

Өтекеңнің өмірін жан-жақты баяндауға ешкім барған жоқ, шығармашылығы туралы іргелі зерттеулер болмағанмен әр жылдары, әртүрлі мерзімдік басылымдарда пікірлер, орнықты ойлар айтылып келді, сонда да ақынның өмірін де, поэтикасын да мейлінше таныған, оны адамзат тарихының мәңгілік қордағы шедеврлерімен ұштастыра жария еткен белгілі мәдениеттанушы интеллектуал марқұм Әуесхан Қодардың орны бөлек.

Қашанда міні көп болатын қоғамның бейімделу ережелерін қабылдамағандықтан оның тертесіне сыймай ғұмыр кешкен Өтекеңді орта осылайша түсінбеді, оның табиғи болмысын қыңырлық деп қабылдады. Өйткені ақынның мінезі, пікірі, ой толғамы көпшіліктік үйреншікті аяға сыймайтын, биліктің жайын сірә да мүлдем танымай өтті. Өз шығармаларында адамның кім болмағы Құдай мен тағдырға тәуелді деген көне грек Софокльдің «Антигонасынан» мына жолдар ойға оралады (аударма өзімдікі):

«Иманды іс — өліктерді жебеу деген,

Билікті биіктегі басып өтпе.

Түсірер шырғалаңға, құрған торға

Адуын мінезіңді асып, төкпе.»

(Софокль. Трагедии. М., 1958, с 180). Өтекең ғұмырында билікті билік деп, биікті биік деп білмеген адам, сол себепті материалдық жағынан несібесі аз, өзін жақтыра бермейтіндер көп болды. Материалдың бас жағында мысалға келтірілген, бозбалалық шағының өзінде: «Отан-әке» деп өз үнін, өз танымын таңа келген ақын кемелді шағында қайдан өзгерсін. Әрине, кеңестік дәуірдің бүкіл өн бойында орыс поэзиясына еліктеп, Отанды анаға теңеп жырлаған жалпы дәстүрді мектеп оқушысы Өтежан Нұрғалиев біреу сын айтар деп елемей «әке» деп өзгертті. Қазақы түсінікте Отан, ана, әке сөздері бұрынғы поэзияда балама ұғым ретінде қолданылмаған.

Ол осыдан жеті жыл бұрын 73 жасында өмірден өтті. Адамзаттың өнердегі тарихы Өтекең секілді, жоғарыда айтылғандай адаммен де, қоғаммен де жарасымы табылмай ғұмыр кешкен ерекше жаратылымдардың өмірі күрделі, жайсыз, ауыр болатындығының мысалдарын біледі. Әйгілі Гете өзінің поэзиясын олардың қасында түк емес деп есептеген ортағасырлық шығыстың даңқты шайырлары сарай әміршілеріне бірде жақса, бірде жақпады. Фарсы поэзиясының негізін салушы Рудакиден Хорасанның билеушісі мадақтау дәметіп атақ пен байлыққа бейімдегенмен шығармашылық рухының тәуелсіздігіне көзі жеткесін қудалауға түсірді, өмірінің соңы жоқшылықта өтті. Сол орта ғасырдың өзінде билеушіні, билеушінің істерін жырлап, үлде мен бүлдеге оранған жағымпаз шайырлардың талай қатары өтті, бірақ бәрі ұмытылды. Ал Рудакилер поэзия әлемінде әлі жарқырап тұр. Ақын билікке жақындамау керек деу емес, Өтекең саясаттан тыс, әлеуметтік ортаға әуестігі жоқ, сондықтан түсінбейтін көпшілік оған наразы қараған, өлеңде нені жазса да өзі үшін жазған ақын. Шынайы ақын өлеңді өзі үшін, өзін буған ойды жеткізу үшін жазады, оның бүкіл болмысы сонда. Қоғамның, заманның тертесіне сыймағанның тіршілігі қалай да қиын, оның өмірін әлгі жасқа жеткізген алдымен, Софокль айтқандай Құдай, сосын тағдыры болған жары Күләш деп ойлаймын. Күләш Атыраудағы Индер дейтін өңірдің көркем қызы еді, екеуі ерте отау құрды, бүкіл ғұмырын Өтекеңді бағып-күтіп, аялаумен өткізді. Қазақ поэзиясына осы ақынның дарыны арқылы қосылған өлмес мұра иесінің бабын тапқан марқұм Күләштің үлесі көп екенін білемін.

Адам өмірден өткенмен жалғасқан ұрпақ көріп, танитын, пайымдайтын із қалады. Оның кезінде кім болғанын, қандай болғанын түсінігі барларға жеткізе баяндайтын сол іздер. Өтекеңнің ізі — поэзияда. Орыстың Пушкині «ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес» десе, әрине, шығармаларын айтты, кезінде «қазақтың Пушкині» атанған Өтежан туралы да осылай деуіміз керек. Оның поэзиясы да қазақ көркем сөзіне қосылған елеулі үлес, өзіне ескерткіш. Мен бұл шағын материалда ақынның өлеңдерін дәлелге келтіріп, үзіп-жұлып бергім келмеді. Өтежанды түсінгісі келген жан, оның поэзиясын тұтас біліп, оқуы тиіс. Ол өлең-сөзбен өлмейтіндей ескерткіш жасап кетті, ал оның аруағын туған өңірі құрметтеп, есте жүрерліктей белгі жасай алды ма? Бұл — жауабын іздеген мұңлы сұрақ.

 Идош АСҚАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button