Ауыл

Ауылды айтқанға, қуанып қалдық

Қолдау

Қай уақытта да қазақ халқының алтын бесігі—ауыл болып келді. Ұлтымыздың басым көпшілігі негізінен сол ауылдарда өсіп, өнді. Тіпті қалада туды деген қазақтың тәрбиесіне де ауылдың ықпалы аз болған жоқ. Ең аяғы азық-түлікке дейін ауылдан келіп тұрды. Даланың төскейі малға толды, ойы егінге тұнды. Ауылдың еңбектен басқаға алаңы жоқ еді. Алайда екі қоғамның тоғысындағы кешегі өтпелі кезеңнің ауылдарды біраз тоқыратқаны белгілі. Тіршілік қамымен ауылдың қазағы қаланы төңіректеді. Жаппай қоныс аударды. Бірақ мұның уақытша құбылыс екенін біз сол кезде-ақ білгенбіз. Ауылдың да қамын ойлайтын басшылар шығатынына сенгенбіз.

Міне, біз күткен сол кезең де келіп жеткен екен. Қазір ауылдарда бұдан он шақты жыл бұрынғыдай көшу-қону жоқ, тұрақтады. Себебі, ауылға жыл сайын мемлекет тарапынан қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Облыс басшысы ерекше қарасып тұр. Мұндай қамқорлық алда барлық тараптан жалғасатын түрі бар. Жуырда облыстық газет бетінде жарияланған «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының облыстық басшыларының «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» атты Үндеуін оқып, қуанып қалдық. Осы ойды өткен ғасырдың басында Мағжан ақын айтқан, «Гүлденсе ауыл — гүлденеміз бәріміз» деген. Талай нар тұлғаларды өмірге әкелген қазақтың алтын құрсағы ауылдың қамы іс басындағы әр азаматты алаңдатуға тиіс. Біздің облысымыздың басшысы Елеусін Наурызбайұлынан бастап, іс басындағы азаматтардың басым көпшілігі ауылдан шыққаны да бізді үміттендіреді. Себебі, олар ауылдың жағдайын, тыныс-тіршілігін жақсы біледі.

Биылғы халыққа арнаған Жолдауында Елбасымыз да бұл мәселені орынды көтерді. Ауылдың тұрмысын жеңілдету, қаланың деңгейіне жеткізу міндетін қойды. Демек, жергілікті жерде алынып отырған мына шаралар — сол міндеттерді орындаудың алғышарттары деп білеміз.

Әсіресе, жастарды еңбекке баулу, оларды ауылдарда қалып жұмыс істеуге ынталандыру шаралары көңілге әбден қонады. «Жасыл ел» ұранымен ауылдарды абаттандыру да жақсы үрдіс.  Ауылдардағы құрылыс жұмыстарына студент жастарды араластыру, тарту ертең-ақ өз жемісін берері даусыз. Оларға облыс әкімі тарапынан белгілеген көтерме сыйлықтардың тиімді жағы аз болмауға тиіс. Жастарды еңбекке баулу, ынталандыру мәселелері осылай шешілсе керек. Біз, ауылдықтар, осы бағыттағы қолға алынып жатқан игі бастамаларды қолдаймыз. Бастама баянды болсын дейміз.

Абат ЖОЛАМАНОВ,

Ойыл орман шаруашылығының

орман өсіру жөніндегі инженері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button