Мәдениет

Күй кешіне келіңіздер!

«Мен — қазақпын» телевизиялық мегажобасында жеңімпаз атанған жерлесіміз, жас күйші Ардақ Елеусіз алдағы аптада есеп беру концертін өткізбек. Өнер иесінің айтуынша, бұл нағыз дәстүрлі өнердің асқақтаған кеші болады.

Жерлесіміз — халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, елордадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің түлегі Ардақтың бұл алғашқы концерті емес. Қазақтың домбырасын серік еткен жігіт былтыр «Аманат» атты шығармашылық кешін өткізгенін айта кету керек.

— Бұл концертімді ұйымдастырудағы мақсат — өткен жылдың соңында «Мен қазақпын» байқауында маған тілеулес болып, қолдау көрсеткен жанкүйерлеріме ризашылығымды білдіру, оларға есеп беру. Кешімнің атауын «Мен — қазақпын» деп қойғаным сондықтан. Кеш қонағы — маңғыстаулық жыршы-термеші Оспан Құлсымақ. Сондай-ақ жерлес дәстүрлі әншілер, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген әріптестерім де концертіме атсалыспақ.

Көпшілік тарапынан кешті неліктен 200 орындық «Жұбановтар әлемі» орталығында өткізіп жатыр деген сұрақ тууы мүмкін. Себебі, маған ондағы залдың дыбыстық жүйесі өте ұнайды әрі жаңадан ашылған орталық. Сұраныс болған соң, концертімді екі мезгілге белгіледім, — дейді Ардақ.

15-ке тарта күй күмбірлеп, дәстүрлі әндер мен термелер құйқылжитын кеш, әлгінде айтқанымыздай, 16 ақпан күні сағат 15.00-де және 18.30-да «Жұбановтар әлемі» орталығында өтпек. Билеттің құны — 2 мың теңге.

 

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button