Мәдениет

Он бесінде төлегенді сомдаған

Бүгінгі  әңгімеміздің кейіпкері — қазақтың Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жиенқұлова, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев сынды                                                                                                                                                                                                                                  саңлақтарымен  қатар  1958 жылғы Мәскеуде өткен Қазақстанның  әдебиеті мен өнерінің екінші  онкүндігінде  Ақтөбеден бір өзі барып өнер көрсеткен  әнші Байназар Қоңырбасов. Қарапайым көлік жүргізуші  жігіт сол онкүндікке қатысатындарды  іріктеу үшін ұйымдастырылған республикалық байқауда ерекше даусымен  көзге түсіп, өзінің тума талант екенін танытады.

Бүгінде жасы сексенге таяса да Байназар ағамыз сергек көрінеді,  нағыз сахнаның адамына лайық тіп-тік жүрісі,  сыпайы әңгімесі көп нәрседен хабар береді. Біз бір қалада өмір сүріп жатқан осындай өмірі өзгеше   жандар жайлы аз білеміз. Әлі күнге қолынан домбырасы, аузынан әні түспепті.    Кезінде өнеріне тәнті болған Ахмет Жұбанов  әлденеше рет Алматыға шақырған, Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің алдында ән салған  адам екен.  Замандастары: «Байназар деген Ермек Серкебаев тектес  күшті даусы бар әнші еді, Алматыда жүрсе  аты алысқа кететін  еді», — деп тамсанады. Алашапқын болып атақ қумай-ақ, қолынан келетін бар өнерімен елдің  көңілін көтеруді ғана білген Байназар Қоңырбасовтың өткен өміріне бір сәт үңіліп көрелікші…

Байназар аға сонау 1933 жылы елді алапат аштық жайлаған шақта  өмірге келіпті. Аяғы ауыр анасы Қымбат көппен бірге Қарақалпақ асып бара жатқанда Байназаркөпір деген жерде  толғағы қысып,  дүниеге  ұл әкеліпті, балаға сол кіндік қаны тамған жердің атын қойған.

Өзі айтады: «Жетімдікті көп көрдім. Туған әкем  Ізбасқанды көргенім жоқ.  Ізбасқанның әкесі Серікбай досы екеуі бір-бірімен бесік құда болып,   анам Қымбаттың қалың малын төлеп қойыпты. Атам аяқ астынан қайтыс болып кетеді де, оның кемпірі  Сымбат  әжем   құда түсіп қойған қыз бала Қымбатты 8 жасында қояр да қоймай, «өзім асыраймын» деп қолына алыпты. Қымбаттың анасы күйеуіне де, бәріне де  теріс батасын беріп, қатты ренжіпті, соның арты оңбады ғой. Сымбат әжеміз қыз  он үшке толған  соң, Ізбасқан екеуін қосқан, 14 жасында анам егіз ұл туған. Ізбасқан керемет әнші болыпты, бірақ мінезі ұяң болғанға ұқсайды.  Мен де жасымнан әнге құмар болдым,  ән айтқан кісіні құлақ қоя тыңдап, әнін үйреніп алуға тырысатынмын. Мектепте бірінші сыныпта жүргеннен ән  салдым. Ақан Серінің «Қараторғайын» айтып, жұрт аузында «Қараторғай» атандым. Менің туған әкем алты айлығымда қайтыс болыпты. Әкемізден соң  шешемізді  Дияр деген қайнысына қосқан. 1941 жылдың мамырында Қарақалпақстанға әкемді іздеп  аға-інілері келді, солармен  Ақтөбеге  жетіп қалдық.  Маусымда соғыс басталды.Есімізді жиямыз ба дегенде сорымызды қайнатып соғыс тап болды. Ұлы Отан соғысында  Дияр әкем жоқ болды, хабарсыз кетті.

Қиын-қыстау күндерде шешем екеуміз қайыр сұрап күн көргенбіз, не жасыратыны бар, ол талайдың басынан өткен жай ғой. Кішкентай кезім,  қалтаға салып, сорғытып қойған құрттың шұңқырға тамған көк суын ішем деп есімнен танып қалғаным  еміс- еміс есімде, төбемнен төніп тұрған балалар  мазақтап күледі. Шешем аз ғана күн қалдырып кеткенде нағашыларым мені қозылардың ішіне қосып бағыпты. Шешем келгенде менің үстімде  қозылар ойнақ салып  жүр екен, соны көріп ол  төркініне қатты ренжіп кетіпті. Енді қайтсін,  алты ұлынан қалған жалғыз баласымын ғой.

Күнкөріс үшін кәмелетке жетпей жұмыс іздеуге тура келді. Анамның денсаулығы мәз емес. Мені «Жасың жетпейді» деп еш жер жұмысқа алмайды. Бір күні Балтұрсын Сарыбаева деген күйші апайдың ұлы Сәрсенбай айтты: «Сен қиналып жүрсің ғой, театрға жұмысқа тұрсаңшы, мен де сонда көпшілік сахналарда ойнаймын, апама айтайын». Менің ән айтатын өнерім барын біледі, спектакльдерді көріп жүремін.   Соғыс уақыты, театрдағы ер-азаматтар да шетінен соғысқа кетіп азайған,  жоқтың қасы. Балтұрсын апайдың көмегімен «Көмекші құрамның артисі» етіп  жұмысқа алды, 285 сом айлығы бар. Көпшілік сахналарға қатысып жүрдім.  Сол жерде бір жарым жылдай жұмыс жасадым,  музыкалық драма театр болғандықтан,  әнсіз спектакль болмайды,  бірте-бірте «Қыз Жібекте» Төлеген,   «Айман-Шолпанда» Әлібек, «Жалбырда» Елемес , «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» Қозы болып арияларын айттым. Халықтың қошеметіне бөлендім.  Сол тұста театрда Жүсіп Сейілов, Балтұрсын Сарыбаева, Қарақожаева, Қали Нұрпейісов, Алтынзер Есеновалар қызмет жасады. Кейін түрлі себептермен  театр жабылып қалды. Соғыстан кейінгі қиын жылдар. Концерттік-эстрадалық бюро деген болды, соның құрамында 5-6 адамнан өгіз арбамен, кейде тіпті жаяу-жалпы аудан, ауыл аралаймыз. Мен артистердің шабаданын тасып жүремін, үстімде күртеше, жамаулы шалбарым бар, жас баламын ғой. Сахнаға ән айтып шыққан кезімде: «Е, мына баланы шабадан таситын жүкші екен десек, әнші екен ғой өзі!» ,«Анаңнан сені тапқан айналайын, өркенің өссін!» деп батасын беріп жатады ауыл адамдары. Филармонияда жүргенімде әскерден де  5-6 айға алып қалғаны бар. Шешемнің жалғыздығына қарамай, ақыры әскерге алып кетті. Құрылыс батальонына сұранып едім, болмады. Теңіз флотында әскери қызметімді өтеуге тура келді, он сегіз күн жүріп Хабаровск өлкесіне әрең жеттік. Қиыр Шығыстағы ән-би ансамблінде әнші болдым, кеменің моторшысы мамандығын оқып алдым. Жұмысыма тиянақты едім.  Ол жақта да мақтау мен марапаттан кенде болмадым. Елге екінші дәрежелі старшина әскери атағымен оралдым.

— Байназар аға, сізді жас кезіңізде Ахмет Жұбанов Алматыға консерваторияға  шақырыпты. Сол кезде бармағаныңыз үшін өкінбейсіз бе қазір?

— Ол бір ақылымыз тоқтамаған, оң-солымызды танып үлгермеген жас шағымыз. 1948 жылы Алматыда облыстық театрлардың байқауы болды, соған бардым. Көшеде Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі Жүсіп Сейілов екеуміз  келе жатыр едік. Жанымыздан бір машина  өтіп барып тоқтады. Машина жүргізушісі көліктен түсіп, Жүсіп ағамен амандасып, бізді театрға дейін жеткізіп тастайтынын айтты. Жүкеңнің  хал-жағдайын сұрап,  өзінің мекен-жайы мен телефонын берді. Соншалықты кішіпейіл адамның Ахмет Жұбанов екенін артынан білдім.  Менен:   «Елде не істеп жүрсің? Неге Алматыға келмейсің?», деп сұрайды. «Шопырмын» деймін.  «Міне, мен де шопырмын ғой,  бірақ ол басқа  жұмысыма  кедергі келтіріп жатқан жоқ» дейтін әзілге бұрып. Бұл Ахаңды бірінші рет көруім.

Кейін 1960 жылы Қазақ ССР-інің 40 жылдығына арналған  көркемөнерпаздар ұжымдарының республикалық байқауында І дәрежелі дипломға  ие болдым, лауреат атандым. Мұқан Төлебаевтың «Біржан–Сара» операсындағы Біржанның ариясын орындадым. Байқаудың  сараптау комиссиясының  төрағасы Ахаңның өзі еді, қорытынды сөзінде мені консерваторияда оқуға қалдыру туралы шешімге келгендерін, профессор Кургановтың шеберханасынан тәлім алатыным  жайлы айтты. Бекен Жылысбаев та  елден келген  бізбен дайындық жүргізеді, ол да мені «Консерваторияға кел» деп үгіттейді. Әнімді тыңдаған Байғали Досымжанов та консерваторияға барғанымды жөн көрді. Жалғыз анамның сөзін жерге тастай алмай, жас келіншегім мен баламды қимай, Ақтөбеден ұзап шыға алмадым, ол жақтың дәм-тұзы тартпады. Енді «оны бекер-ақ жасаған екенмін» дегеннен не өзгереді, болары болды, бұйырғаны осы. Сөйтіп, Ахаң Алматыға екі шақырғанда да бара алмадым. Кейін  Ахмет Жұбанов өзінің 60 жылдық мерейтойын тойлауға елге келді, ол кезде мен қазіргі дарынды балалар мектеп-интернатында    сабақ беремін. Сол мектепке кездесуге келді. Ахаңдар тумысы бөлек адамдар ғой, ел туралы, жер туралы,  қазақ халқының қаһармандығы, өнерпаздығы, еліміздің әйгілі адамдары жайлы ғажап шешендікпен әңгімелеп берді.  Кеудесі қазына кісі еді. Балалар сілтідей тынып тыңдады.

Мәскеуде өткен Қазақстанның 40 жылдығына арналған  концертке де қатыстым. Соған дайындық кезінде Алматыдағы Офицерлер үйінде концерт бердік, сонда Мұхтар Әуезовтің келіп тыңдағаны есімде. Мен Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасын» айттым.

Ғарифолла Құрманғалиевпен   Алғадағы колхоз басқармасының төрағасы Рахметолла Ақниязовтың үйінде бірге болдым. Мен басқарманың көлігін жүргізетінмін.  Сол жерде әншінің  өз әні «Сүйген жарды»  шырқадым, қайырмасын өзінікінен өзгешелеу етіп айттым, тіпті қарап тұрмай:«Сіз қайырмасының соңғы жағын  былай, өкінішпен неге айтпайсыз?» деп сынап та жіберіппін, жастықтың әсері ғой деп ойлаймын қазір. Көпті көрген Ғарифолла аға онымды елең қылған жоқ, риза болып күліп, қолымды алып,  батасын берді.

Қандай қызметте болсам да, әншілігім бірінші орында тұрды, жалпы Алланың берген өнері кісіні жерге тастамайды. Артистің оқуын бітірмесем де, қолымда Мәдениет министрі М.Дінішев қол қойған «солист-вокалист» деген куәлігім болды, ол менің концерттерде ән салуыма мүмкіндік берді.

—    Музыкалық аспаптардың қайсысында жақсы ойнайсыз?

—    Домбыраны салдыр-гүлдір тартатыным бар.  Жас кезімде  домбыраны сұмдық үйренгім келді, бірақ сол онша қонбады. Тіпті Қарақобдадағы құмалақшыға барып түнегенім бар. Сол үшін 200 сом тұратын бір әшмөңке үнді шайын алып, арнайы бардым, ол кезде бәрі қат уақыт қой.                                                                                          Түсімде домбыраны салдыр-гүлдір еткізіп тартып жүр екем, өмірде де солай болды. Қазақтың «Құдайдан қысқа тілек тілеме, мол сұра» дейтіні сол екен.    

—    Басқа қандай жұмыстар істедіңіз, басқа саладағы қызметтер өнеріңіздің өрісін тарылтқан жоқ па?

—    Алдымен осындағы педучилищенің бастауыш  сынып және ән пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Оралдағы пединститутты бітірдім.  Мектеп-интернатта 10 жыл,  жасөспірімдер колониясында 10 жыл, МАИ-де 12 жыл қызмет  жасадым. Интернатта да балаларды өнерге баулыдым. Колонияда балалар хорын ұйымдастырып, «Партия наш рулевой» деп ән айтқыздым. Балалармен тіл табысып жұмыс жасадым. Қай жұмысымда да әнімнің пайдасы тимесе, зияны тиген жоқ.

— Байназар аға, Базар апай екеуіңіз әдемі қарттықты бастан кешіріп жатыр екенсіздер, жас кездеріңізде қандай болдыңыздар?

—  Елу екі жыл бойы бірге келе жатырмыз ғой. Менің әнімді талмай тыңдап, тіпті қосыла шырқап жүрген зайыбым өзімнің көзіме сол баяғы күйінде өзгермеген сияқты. Жастық шақта  ән салып гүл жайнаған қыздардың ортасында талай жүрдік, «қауіпті кезіміз» ғой. Апаларыңның  қызғанған кезі болған шығар. Бірде орыс театры «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» қойды, сол спектакльді көруге Ғабит Мүсіреповтің өзі келді. Пьеса басталар алдында қыз бен жігіт қол ұстасып ән  айтып шығамыз, режиссердің  қосқан жаңалығы шығар деймін. Сонда Базар апаң  соңымнан іле-шала театрға  жетіп келіпті…

Шүкір, балалы-шағалы болдық, қыздарымыз Несібелі мен Назым   музыка саласының мамандары, кенже қызым Октябринаның  мамандығы басқа.  Екі немереміз бар.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button