Әлеумет

Қыс мезгілінің қызығы

Қар түсіп, қыс басталса, қала тұрғындары қысқы спортқа ден қояды. Біреулер бос уақытында мұз айдындарына барып коньки тепсе, енді бірі қала сыртындағы туристік базаларға барып демалады. Биыл ақтөбеліктер қандай орындарға барып жүр?

Облыста 321 мұз айдыны бар

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, биыл облыс бойынша жалпы саны 321 мұз айдыны жұмыс жасап жатыр. Оның 55-і Ақтөбе қаласында болса, 266-сы облыс аудандарында орналасқан. Атап айтсақ, биыл Әйтеке би ауданында 28, Алға ауданында 30, Байғанин ауданында 25, Ырғыз ауданында 21, Қарғалы ауданында 11, Қобда ауданында 19, Мәртөк ауданында 27, Мұғалжар ауданында 29, Темір ауданында 21, Ойыл ауданында 21, Хромтау ауданында 9, Шалқар ауданында 20 мұз айдыны жасақталған.

Облыс бойынша мұз айдындары орталық алаңдар мен саябақтарда, сондай-ақ мектеп жанындағы алаңдарда жасақталған. Мектеп жанынан ашылған мұз айдындарының көбі ашық алаңда дайындалса, бірқатары қоршалған хоккей алаңдарында орналасқан.

Қазір Ақтөбе қаласында мектептерден тыс ойын-сауық орталықтары мен саябақтар аумағында 14 мұз айдыны жұмыс жасайды. Биыл барлық мұз айдынында конькиді жалға алу құны — 300 теңге. Бүгінгі күні қала тұрғындарының көпшілігі облыс орталығындағы Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақ пен «Keruencity Aktobe» ойын-сауық орталығы алдында орналасқан алаңдарға, сондай-ақ «Гранд» сауда үйіне қарама-қарсы орналасқан мұз айдындарына барады. Бұл алаңдарда жастармен қатар ересектерді де көп кездестіруге болады.

Қыс мезгілінде жастар, әсіресе, ер балалар шайбалы хоккей ойнағанды ұнатады. Бұған дейін көргеніміздей, жастардың көпшілігі шайбалы хоккей ойнау үшін «Keruencity Aktobe» ойын-сауық орталығындағы алаңға барады. Сондай-ақ бұл жерге келіп коньки тебушілердің де саны аз емес.

Осы тұста айта кету керек, биылғы жылы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық білім басқармасы өзара бірлесіп шайбалы хоккейден дәстүрлі «Жұлдызша» турнирін өткізбекші. Аталған турнирдің бірінші кезеңі алдымен облыстағы ауылдарда (мектепішілік, мектепаралық) 20 қаңтарға дейін, ал екінші кезеңі (ауданаралық құрама командалар арасында) 5 ақпанға дейін өткізу жоспарланған. Турнирдің шешуші кезеңі, яғни облыстық кезеңі 22-25 ақпан күндері Ақтөбе қаласында өткізу белгіленген.

Коньки, шана, сырғанақ…

Қала орталығындағы бізге мәлім мұз айдындарының бірі — «Гранд» сауда үйіне қарама-қарсы орналасқан мұз айдыны. Желтоқсан айында өз жұмысын бастаған алаңға бүгінде келушілердің саны көп. Студенттер, оқушылар демалыс күндерін осында өткізеді. Таңғы сағат 9-дан түнгі 12-ге дейін жұмыс жасайды.

Біздің ашылғанымызға бір айдан астам уақыт өтті. Келушілердің саны көп. Тек аяз күндері сырғанаушылардың саны күрт азаяды. Мұнда кішкентай балаларымен бірге ата-аналар да келіп коньки тебеді, — дейді келушілерге қызмет көрсетуші Мейрамбек Жантөрлиев.

Оның айтуынша, қазір мұнда 5 адам қызмет көрсетеді. Сондай-ақ әртүрлі өлшемді 300-ден астам коньки жалға беріледі. Бір сағаты — 300 теңге. Ал өзімен бірге коньки алып келушілерге мұз айдынында сырғанау тегін.

  • Осы уақыт аралығында біздің алаңда ауыр жарақат алған не қол-аяғын сындырғандар болған жоқ. Егер алаңда келушілер жарақат алған жағдайда жедел жәрдем шақыртамыз. Кішкентай балаларды алаңға жібермейміз, олар ата-аналарымен келуге тиіс, — дейді Мейрамбек.

Аңғарғанымыздай, мұз айдынының иесі алаңға келушілерге арнап ағаштан сырғанақ жасап қойыпты. Сырғанақтан балалар мәз болып шанамен сырғанап жүр.

Балалар мен оқушылардың қуанғанын көріп, біз де мәз боламыз. Балалық шағымызды еске аламыз. Бұрын біз бала кезімізде төбешік жасап, содан сырғанаушы едік. Қазір қалада балалардың дені коньки тебуге құштар, — дейді Мейрамбек.

Алаңға баласын әкеліп коньки теуіп жүргендердің бірі —  Лариса Гайсина. Ол кішкентай қызы Лидияны коньки тебуге үйретіп жүр екен. Спортқа жаны құштар Лариса жыл сайын мұз айдынына келуді әдетке айналдырған. Ол балаларының барлығына коньки тебуді өзі үйреткенін айтады.

  • Қыс мезгілінде қаланың балалары үшін бар қызық — осы мұз айдынында. Сондықтан біз отбасымызбен үнемі мұз айдындарына келіп, коньки тебеміз. Сондай-ақ балаларымыз өткен жылы 11-шағын ауданда ашылған «Олимп» хоккей модуліне барып, дәріс алады, — дейді Л.Гайсина.

Айта кету керек, былтыр облыс орталығында қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында «Олимп» хоккей модулі салынды. Бұл спорт ғимараты Мемлекет басшысының «Туған жер» жобасы аясында бой көтерді. Біздің облыста бұрын-соңды қысқы спорт түрін дамытуға арналған мұндай спорттық ғимарат болған жоқ. Қазір аталған спорт кешенінде балалар таңғы сағат 7.00-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін мәнерлеп сырғанаумен, шорт-трекпен, хоккеймен тегін айналыса алады.

Ақбота Мұханбетова, №30 орта мектептің 7-сынып оқушысы:

— Құрбым Салтанат екеуміз бүгін коньки тебуге келіп тұрмыз. Қысқы демалыс кезінде өзім бір рет келген едім. Өте көңілді. Конькиді жалға алу бағасы да қолжетімді. Барлық балаларды коньки тебуге шақырамын.

«Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз!»

Қыс мезгілінде бірқатар қала тұрғындары шаһар сыртындағы демалыс орталықтарына барып уақыт өткізгенді ұнатады. Осындай орталықтардың бірі —  «Тау» демалыс базасы. Бұл орталық таңертеңгі сағат 10.00-ден түнгі сағат 00.00-ге дейін жұмыс жасайды. Мұнда келушілер тау басынан тюбингпен сырғанап, сондай-ақ мұз айдынында коньки, арнайы алаңда шаңғы тебе алады. Бағасы да қолжетімді. Атап айтсақ, конькиді бір сағатқа жалға алу бағасы 500 теңге болса, шаңғы — 1000, тюбинг — 2000 теңге тұрады. Сондай-ақ базада сағатына 2000 теңгеге атпен серуендеуге болады.

Мұнда келушілерге арналған шағын үйлер де бар. Жұмыс күндері үйлерді бір тәулікке 25 мың теңгеге, ал сенбі, жексенбі күндері 35 мың теңгеге жалға алуға болады.

Қала тұрғындарының арасында демалыс орталықтарына жыл сайын баратындар да бар. Солардың бірі — Саматовтар әулеті.

Біз жыл сайын Жаңа жыл мерекесінен кейін демалыс базасына барып, демалғанды дәстүрге айналдырдық. Биыл да үлкен-кішіміз қалмай, отбасымызбен «Тау» орталығына барып демалып қайттық. Сенбі, жексенбі күндері ол жақта адам көп болады. Сондықтан демалыс күндері барғанды ұнатамыз. Келушілер көп болса, соншалықты көңілді болады. Балаларымыз таудан тюбингпен сырғанап, коньки, шаңғы теуіп, мәз болды.

Қазір елімізде азаматтардың денсаулығын жақсарту, салауатты өмір салтын қалыптастыруға көп көңіл бөлінуде. Сондықтан осы мақсатта біз де өз үлесімізді қосып жатырмыз. Біз отбасымызбен салауатты өмір салтын қолдаймыз. Бұл, ең алдымен, денсаулыққа пайдалы, сондай-ақ қыс мезгілінде уақытты тиімді және көңілді өткізудің бір жолы, — дейді Н.Саматов.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button