Әлеумет

Жақсылық қылсаң — өзіңе…

Ақтөбеде «Игі іс» акциясы басталды. Қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан шара 22 қаңтар мен 7 ақпан аралығында өтетін болады.

Акцияға мұқтаж жандарға қолдау көрсетемін деген кез келген ақтөбелік қатыса алады. Қалалық білім бөлімінің бас маманы Гүлжан Әмірованың айтуынша екі жылға жуық ұйымдастырылып келе жатқан акцияға қаламыздағы білім ордаларымен мектепке дейінгі ұйымдардың қосып жатқан үлесі ерекше.

Ақтөбе қалалық білім бөлімі Қазақстанның іскер әйелдер ассоциациясының бастауын қолдап, жылма-жыл  «Игі іс» акциясын өткізіп келеді. Осы жылдар аралығында мыңдаған отбасыға көмек көрсетілді. Бұл жолғы акцияға да белсенді түрде қаламыздағы 77 мектеп пен 51 мектепке дейінгі мекеме қатысуда. Біз үнемі дүкенді толықтырып, киімдерін жаңартып тұруға тырысамыз. Бұл дүкеннен кез келген аз қамтылған отбасы туу туралы куәлігінің немесе жеке куәлігінің көшірмесін әкеліп, өзі ұнатқан киімді тегін ала алады, ─ дейді  Гүлжан Әмірова.

Айта кетейік,  «Қайырымдылық ісі» дүкені маусымдық киімдер, аяқкиім, балалар киімі мен төсек орын жабдықтарын және жұмсақ ойыншықтар қабылдайды. Қабылданатын заттардың жағдайы жақсы, жуылған, таза болуы шарт.

Бұл жолғы акцияға қолдау көрсетіп, ерекше үлес қосып жатқан мекеменің бірі — қаламыздағы  №12 «Інжугүл» балабақшасының ұжымы. Мектепке дейінгі мекеменің кәсіподақ ұйымының төрағасы  Нұргүл Жұмалиеваның айтуынша, мұндай акцияның адамға берері мол. Өйткені осындай шаралардың арқасында адамдардың бір-біріне деген мейірімі молайып, сыйластығы күшейе түседі.

Біздің мекеме ұйымдастырылған кез келген қайырымдылық акциясына қатысып отырады. Өткен жолы ұйымдастырылған кезде, жазғы киімдерді әкелген едік, бұл жолы қысқы киімдер мен аяқкиімдер әкеліп отырмыз.  «Жетім көрсең, жебей жүр» дегендей, аз қамтылған жандарға көмек көрсете білу парыз деп білеміз. Қайырымдылық шараларын ұжым болып қолдаймыз, — дейді.

«Қайырымдылық ісі» дүкені Ақтөбеде осыдан 2 жыл бұрын Қазақстанның іскер әйелдер ассоциациясының қолдауымен іске қосылған болатын. Көмек көрсету мақсатында ашылған дүкенде аз қамтылған, көпбалалы және мұқтаж жандар отбасы мүшелеріне маусымдық киімдер мен аяқкиім, тағы басқа киім түрлерін тегін ала алады. Қалалық білім бөлімі келтірген мәліметке сүйенсек, Ақтөбеде үш мыңға жуық аз қамтылған отбасы тіркелген.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button