Құқық

Сылтау жазадан құтқармады

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

«Ақтөбе»

Сыбайлас жемқорлық, одан сақтану хақында өмірде жиі айтылады. Мұның мысалдарын, осыған байланысты әр түрлі жағдайларды бұқаралық ақпарат құралдары да жазып жатады. Көп жағдайда жемқорлық өздігінен тумайды. Оған итермелейтін екінші бір нәрсе себепші болады. Сөйтіп, жемқорлыққа жол ашылады. Не күндердің күнінде соған апаратын жағдай жасалады. Мұндай әрекеттер еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңында да қарастырылған. Тікелей сыбайлас жемқор болмай-ақ, соған себепші болуға әрекет еткен жағдайда да, ол адамды жазалаудың, тәртіпке шақырудың заңдылықтары бар. Соңғы жылдары облыстық тәртіптік кеңестің талқысына түсіп жүргендер нағыз сыбайлас жемқор емес, негізінен осындай ірілі-ұсақты кемшіліктерге жол берген мемлекеттік қызметшілер.

Өткен сәрсенбі күні болған Тәртіптік кеңестің отырысында  да осы тұрғыдағы үш мәселе қаралды. Қалалық салық басқармасының бас маманы Г. Молдағазина кәсіпкерлік субъектілерінен декларацияны мерзімінен өткізіп, уақытын шегеріп қабылдап отырған. Ал бұл кәсіпорындардың салық төлемдерінен жалтаруына жағдай жасайтын еді. Бас маманның осындай құжаттарға қол қойып, мөр басқанын сот-сараптау орындары анықтаған.  Сондықтан да салық қызметшісі бұл әрекетінен жалтара алмады, Тәртіптік кеңес тарапынан тиісті жаза арқалады.

Әитеке би ауданының салық басқармасының бас мамандарының әрекеті де осыған ұқсас. Мұнда шаруа қожалықтарының басшыларына көлік құралдарын салықтан босататын заңсыз анықтамалар берілген. Бұл жерде мамандар бұған дейін сондай жеңілдік беретін заң болғанын, өздерінің заңға енгізілген кейінгі өзгерістер мен қосымшаларды білмей қалғанын сылтауратып, ақталуға тырысқанын да айтуымыз керек. Сонымен бірге, шаруа қожалықтары шалғай жерлерде тұратын, соны ескеріп беріп едік деген сынды ақталулар да айтылды. Бірақ Тәртіптік кеңес мүшелері мұның бәрін негізсіз  деп тапты. Әрбір мемлекеттік қызметші заң өзгерістерін мұқият қадағалап отыруға міндетті. Мемлекет қазынасын толтыратын салық мәселесіне мұқият қарауы керек. Ал олардың маңызды мәселеге бұлай атүсті қарауы жазалануға лайық.

Осындай жазадан Шалқар аудандық салық басқармасының бөлім бастығы Р.Мырзагелдина, бас маманы Б.Мұқанова да құтыла алған жоқ. Мұнда да кәсіпорынның міндетті бюджет төлемдері, міндетті зейнетақылық жарналар, өсімдер мен айыппұлдар  төмендетіліп көрсетілген. Соның салдарынан бюджет қоржынына 504 мың теңгенің үстінде қаржы кем түскен.

Әрине, олардың да бұл қадамға саналы түрде бармағаны, қандай да бір пайда көздемегені,  өздерінен жоғары басшылардың ауызша берген тәртіптеріне байланысты жасалғаны айтылды. Олардың бұл сөзіне илануға да болатын еді. Өмірде мұндай жағдайлар аз кездеспейді. Алайда Тәртіптік кеңес мүшелері мәселені талқылай келгенде, мұндай дәлелдер салық қызметкерлерін жазадан құтқара алмайтыны белгілі болды. Айғақ жоқ. Ауызша айтылған басшының нұсқауын іске тіге алмайсың.

Осы күні болған отырысында облыстық Тәртіптік кеңес Байғанин ауданы әкімі Б.Кемешовтің және мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жөніндегі қалалық басқармасының бастығы Н.Беркімбаеваның есебін тыңдады. Олар өздерінің баяндамаларында еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы Заңының талаптарын орындау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын, өз тараптарынын оған нендей ықпал жасалып отырғанын ортаға салды. Бұл бағыттардағы жұмыстарды жақсартуға байланысты өз ұжымдарындағы тәжірибелерді, ұсыныстары мен ойларын айтты. Тәртіптік кеңес мүшелері есептерді тыңдап, мақұлдады.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button