Басты жаңалықтар

Оқырманын тапқан газет өміршең болар

Мінеки, Жаңа жыл басталды. Жаңа жыл — өткенді қорытындылап, алға жоспар құратын кезең. Біз осы орайда  «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншинмен әңгімелескен едік.

Жыл табысты аяқталды

— Раукен Сағызбайұлы, аяқталған жылда жасалған жұмыстарға тоқталсаңыз?

— Былтыр  ұжыммен келісе отырып, біраз шаруаларды қолға алдық. Ең біріншіден,  газеттер үшін штрих-код алдық. Бұл қазіргі заманда өте маңызды дүние.  Басылымдарды тарату мәселесіне баса назар аудардық. Қазір оқырман облыстық әкімдікте, әуежайда, вокзалда, «Анвар», «Дина» секілді ірі супермаркеттерде, тағы басқа орындарда біздің басылымдарымызды тез  таба алады. Бірнеше жерден жарнама қабылдау пункттерін аштық. Арнайы роликтер жасадық. Оншақты дүңгіршік иелерімен газеттерімізді тарату жөнінде келісімшарт жасастық. Астанаға қатынайтын «Тальго» мен «Ақтөбе — Алматы» бағытындағы пойыздарда да басылымдарымыз таратылады. Газеттеріміздің электронды архивін жасауды қолға алдық.

Жалпы оқырманын тапқан газет өміршең болады. Басылымдарымыздың мазмұнын көтеруге де күш салып жатырмыз. Былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғаны мәлім. Бұл халық арасында ерекше сілкініс туғызды.  Біздің облыстық газеттер осы бағытта орасан зор жұмыстар атқарды. Мысалы,  «Ақтөбе» газетінің «Дөңгелек үстел» айдарында зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен мақалада айтылған алты бағыт жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ қайта жаңғырған «Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін», жаңадан ашылған «Ақтөбе — құтты мекен», «Редакция қонағы», «Есте қалар есімдер», «Күлкі базары» сықақ беті, жастарға арналған «Жанартау» атты  айдарлар да оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Бір айға шолу жасалатын болды. Облысымыздағы  «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына енген қасиетті орындарды кеңінен насихаттадық.

Елбасы Жолдауы мен жоғарыда аталған мақаланы халық арасында насихаттау үшін облыстық ішкі саясат басқармасымен бірге арнаулы топ құрып, алыс елді мекендерді аралап шықтық. Республикада тұңғыш рет Ақтөбе облысында кең өріс алған «Халық қауіпсіздігі» жобасын да барынша көрсетуге тырыстық.

Облыс басшысы  Бердібек Сапарбаев облыстың түкпір-түкпірін тынбай аралап, халықпен кездесіп жүр. Бір барған жеріндегі көтерілген мәселені екінші келгенінде  орындайтын әкімнің іскерлігіне жұртшылықтың көзі жетті. Халық арасында билікке деген сенім пайда болды. Біздің облыстық басылымдар, «Ақтөбеньюс» сайты осы сапарларда көтерілген мәселелерді оқырманға тиянақты жеткізіп келеді.

Бердібек Машбекұлының жиі көтеретін мәселелерінің бірі — қарапайым халықтың мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруі. Сондықтан бұл — біздің де көбірек қаузайтын  тақырыптарымыздың бірі. Мемлекеттің көмегінің арқасында тиыннан тиын құрап, өз қолы өз аузына жетіп қана қоймай, өзгелерге де жұмыс тауып беріп отырған кәсіпкерлерімізді  қолдау, үлгі етіп көрсету — біздің міндетіміз.

Нарық заманында тек қана газетті жақсы шығарып қою аз. Сондықтан халықпен  етене араласа бастадық. Ойыл, Шалқар аудандарында  кездесу өткіздік. Көп жылдардан бері біздің газеттерімізге жазылып келе жатқан оқырмандарды марапаттадық. Алматыдан арнайы әншілер алдыртып, жергілікті өнерпаздарды тарта отырып,  мәдени шаралар  ұйымдастырдық. Бұл өз нәтижесін берді. Жыл қорытындысында осы екі ауданның оқырмандары басылымдарымызға белсенді түрде жазылғанын байқадық. Сөз арасында айта кетейік, біз облыс аудандарындағы қырық шақты белсенді оқырманымызға 2018 жылға «Ақтөбе» газетіне жазылу сертификатын тапсырдық. Аудандарға сапарларымыз биыл да жалғасады.

Былтыр облысымызда республикамызда тұңғыш рет «Туған жер» форумы өткені мәлім. Әлемнің 21 елінен 300-ден астам ақтөбелік қатысқан бұл жиыннан облыс халқының ұтқаны көп. Біздің басылымдар форумның ақпараттық іргетасын қалап қана қоймай, оны ұйымдастыру жұмыстарына да белсене араласты. Мысалы облыс әкімінің бастамасымен «Құтты мекен Ақтөбе» атты энциклопедиялық анықтамалық жарыққа шықты.

Өз музейімізді аштық. Өткен тарихтан хабар беретін бұл орын шағын да болса, жылы ұяға айналды.

Жалпы өткен жыл біздің мекеме үшін өте табысты өтті деуге негіз бар. Бірнеше қызметкеріміз үй алды, белгілі ақын, «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев «Құрмет» орденін, халықаралық «Алаш» сыйлығын  иеленді. Тағы бірнеше журналисіміз республикалық байқауларда үздіктер қатарынан көрінді. Бұл аз жетістік емес.

Екі жақты меморандумдар

— Газетке жазылу демекші, биыл «Ақтөбе» газетіне 22 601, «Актюбинский вестник» басылымына 9190 адам жазылыпты.  Бұл оқырманның дені кез келген басылымды интернет арқылы оқуға ұмтылатын заманда жаман көрсеткіш емес қой?

— Әрине. Осы ретте барша оқырмандарымызға, әсіресе, баспасөзге жазылу науқанында ерекше белсенділік танытқан Мұғалжар, Ойыл, Хромтау, Шалқар, Ырғыз, Темір аудандарындағы газет жанашырларына ерекше алғыс айтамыз. Біз олардың сенімдерін ақтау үшін бар күш-жігерімізді аянбай жұмсайтын боламыз.

Біз өз басылымдарымыздың  электрондық нұсқасын да жетілдіруге күш салып жатырмыз. Өйткені заман талабы солай. Қазір біздің газеттердің барлық әлеуметтік желілерде өз парақшасы бар. Ертең шығатын газет нөмірінің барлық материалын қолында смартфоны бар оқырман сол парақшалардан  бүгін кешке-ақ оқып алады. Бұл, әрине, газеттерімізге жазылушылар санының азаюына алып келетіні рас. Бірақ газетті қолына алып отырып, парақтайтын оқырмандардың да қатары сиремейтініне сенеміз.

Газеттеріміздің сайттары да әжептәуір беделге ие екені қуантады. Мысалы, тоғыз мыңға жуық қазақстандық сайттардың рейтингтік статистикасын саралайтын ZERO kz сайтында «Ақтөбе» газетінің дәйім алғашқы екі жүздіктің қатарында көрінуі, тіпті кейбір сәттерде алғашқы елуліктің де қатарына енуі арзан сенсация қумайтын басылым үшін үлкен көрсеткіш.

— Өткен жыл бірқатар мекемелермен екіжақты  меморандум жасасумен де есте қалды.

— Иә, қазіргі заманда өз қазаныңда ғана қайнай беруге болмайды. Көп шаруа өзгелермен тізе қосып жұмыс істегенде ғана бітеді. Былтыр облыстық  «Аqto’be» телеарнасымен,  Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетімен, Атырау облысының «Атырау-Ақпарат» ЖШС-ымен, Орынбор облысындағы «Оренбуржье», Орск қаласындағы «Орская хроника» басылымдарымен меморандумға отырдық.

Бұл меморандумдардың алғашқы нәтижелері де көріне бастады. Мысалы, «Аqto’be» телеарнасымен бірге Қызылорда қаласына, Орынбор, Орск қалаларына экспедиция ұйымдастырып, мол материал жинақтадық. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері бізде өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Бұл — біздің болашақ кадрларымыз. Ал Орынбор қаласында Қазақстан мен Ресей шекаралас өңірлерінің экономикалық форумы өткенде «Оренбуржье» газеті біздің «Актюбинский вестник» газеті әзірлеген облыс жетістіктері туралы материалдарымызға айқара бет ұсынды. «Атырау-Ақпарат ЖШС-ымен де нақты жоспарлар түзіп отырмыз. Бұндай меморандумдар басқа да көрші облыстардың БАҚ-тарымен жасалады.

Қарттарымыз — қазынамыз

— Аға буын журналистер мен бүгінгі қызметкерлердің қарым-қатынасы қалай?

— Былтыр Наурызда қарияларымызды шақырып, құрмет көрсеттік. Емен-жарқын әңгімелесіп, ақыл-кеңестерін тыңдап, басылымдарымыз туралы пікірлерін білдік.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС-ында бұрыннан қалыптасқан бір дәстүр бар. Наурыз айында жылды қорытындылап, басылымның ең үздік журналисі анықталып, сыйлықтар беріледі.  Бұған дейін «Ақтөбе» газетінде бұрын басылымның бас редакторы болған  Смағұл Мұқашев, «Актюбинский вестникте» белгілі журналист Николай Хан  атындағы сыйлық беріліп келген екен. Бұған біз аздап өзгеріс енгіздік. Қорытынды есепті 28 маусым —  Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнінде жасадық. «Ақтөбе» газетінің бұрынғы редакторы, облыс журналистикасының ардагері Нұрқайыр Телеуов атындағы сыйлықпен былтыр үздік журналист деп танылған  Гүлжан Әбдібекова  марапатталды. Басқа да атаулы сыйлықтар табысталды. Мысалы, өзіміздің төсбелгімізді шығардық. Куәлігімен қоса берілетін бұл төсбелгі тек қана өзімізде істейтін журналистерге ғана емес, басылым жанашырларына да берілді.

Биыл «Ақтөбе» газетінің ардагері Төлеміс Меңдіғали Алға қаласындағы «Шипагер», «Актюбинский вестник» басылымының ардагері Мәлика Түгелова Меркі шипажайында демалып, ем алып келді. Бұндай қамқорлық алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Өмірден ерте озған әріптестерімізді де ұмытқанымыз жоқ. Былтыр дүниеден озғанына он жыл толған Әлімбай Ізбайдың отбасын редакцияға шақырып, ілтипат көрсеттік. Биыл белгілі журналист, екі газеттің де бас редакторы болған Әмір Оралбайдың отбасына құрмет көрсетпек ойымыз бар.

— «Аqto’be» телеарнасынан «Мейірім» қайырымдылық эстафетасын қабылдап алдық. Осыған байланысты қандай шаралар жасалып жатыр?

— Осы акция аясында газетімізді жарты ғасырға жуық жаздырып, оқып келе жатқан Қобда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Кереймағамбетов пен Байғанин ауданының тұрғыны Мұңалбай Құлмұратовты бір жылға облыстық басылымға тегін жаздырып, Меркі шипажайында демалуға жолдама бердік. Сондай-ақ, «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігіне де қаржылай қолдау көрсеттік. Облыстық Қарттар үйінде, балалар үйлерінде де әртүрлі  шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз.

ЖШС атауы неге өзгерді?

— Жыл соңында жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің  аты өзгеріп, «Ақтөбе Медиа» атанды.  Мекеменің атауын өзгерту қандай қажеттіліктен туды?

— 2005 жылдан бері екі облыстық газет «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-ның құрамында болды. ЖШС атауына жұртшылықтың көз үйренгені де рас. Бірақ қазір біздің мекеме құрамына екі облыстық газеттен бөлек үш журнал,  «Ақтөбеньюс» сайты және өзге де құрылымдар кіретін үлкен медиақұрылымға  айналды.

Міне, осындай сәтте мекеменің атауын өзгерту қажет болды. Меніңше, «Ақтөбе Медиа» — қазіргідей ірі құрылымның әлеуетін байқататын лайықты атау.

— «Ақтөбе Медианың» логотипі бекітілді. Онда қызғалдақ бейнеленіпті. Оның мағынасы қандай?

— Логотипке қызғалдақ бейнесі әдейі таңдалды. Оның  отаны — қазақ даласы екені әлемге әйгілі. Сондықтан да біз осы дала гүлін өз логотипіміз етіп бекіттік. Онда бейнеленген үш тал қызғалдақ — береке, ырыс, ынтымақтың көрінісі. Ал екі жағындағы алтын қалам —  журналистердің басты «қаруы», кәсіби шеберлігінің белгісі.

— ЖШС құрамындағы екі газеттен басқа құрылымдар жөнінде әңгімелесеңіз.

— Ақтөбеден республикалық «Адырна» әдеби-көркем журналы шыға бастауы еліміздің  әдеби өміріндегі  ірі оқиға болды деп  есептеймін. «Үш тағанның» да өз оқырмандары бар. Үш тілде шығатын түрлі түсті «Ақтөбе» журналы — қалың оқырманға, инвесторларға өңірдің әлеуетін танып, таразылауға мүмкіндік беретін таптырмас басылым.

— Биылға қандай жоспар жасалып отыр?

— Биыл 19 маусымда  «Актюбинский вестник» газетінің шыға бастағанына 100 жыл толады. Өңіріміздің ғасырлық шежіресін жазып келе жатқан басылымның мерейтойын лайықты атап өту — парызымыз. Оған жылдың бірінші күнінен бастап кірісіп кеттік.

Сондай-ақ келесі жылы «Ақтөбе» газетінің де шыға бастағанына 95 жыл толады. Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойымен қатар келетін бұл мерекеге де әзірлікті қазірден  бастауымыз керек.

Биыл Астана қаласының елорда мәртебесін иелегеніне 20 жыл болды. ХХІ ғасырдың тұңғыш астанасы атанған Елордамызды  ұлықтау мақсатында екі облыстық газет Астана құрдастары арасында мақала жазудан «Астана — арман қала» атты байқау ұйымдастырып отыр. Байқаудың жеңімпазына  бірнеше күнге Астана қаласына  жолдама, ал  жүлдегерлерге  сыйлықтар  берілмек.

Сондай-ақ «Қала», «Мәдениет», «Жастар», «Отбасы» секілді газет қосымшаларын қайта жаңғыртпақ ниетіміз бар. Облыстық сотпен бірге заңгерлерге арналған қосымша да ашылады.

Биылдан бастап газет бетінде аудан әкімдерін де «сөйлетпекпіз». «Ашық әңгіме» айдарымен Ақтөбе қаласының және он екі ауданның әкімімен сұхбат болмақ. Облыс орталығы мен аудандардың жетістіктері ғана емес, олқы тұстары да назарға ілінетін болады. Сондықтан оқырмандарымыз биліктің қолы жетпей жатқан тұстарды жиі айтып, пікір білдірсе дейміз.

— Оқырмандарға жаңа жылдық тілегіңіз?

— Әрбір адам Жаңа жылдан тек жақсылық күтеді ғой. Сол үміттер алдамағай. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Барша отбасыға береке, ырыс, ынтымақ тілеймін.

Әңгімелескен

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button