Білім

Балдырған

Жанды барометр

Қоқиқаздар көтеріліп ұшқан кезде көл айдыны алаулап, құлпырған қызыл шұғылаға бөленеді. Бұл құстар кейде қызылқаз, қызылқанат деп аталатын қоқиқаздар болып табылады.

Қоқиқаздың 6 түрі белгілі. Олар Африкада, Америкада, Оңтүстік-Батыс Еуропада  және Азияда кездеседі.

Қазақстанда кәдімгі қоқиқаз дейтін түрі мекендейді.

Кәдімгі қоқиқаз —  салмағы 3-4 килограмдай шығатын, аяғы мен мойны ұзын, басы кішілеу, шомбал тұмсығы төмен қарай иілген ірі құс.

Жалпы түсі қызғылтым ақ, ал қанаттарының түп жағындағы қауырсындары қызыл болып келеді.

Қоқиқаз топтанып ұялайды. Ұясын көлге таяу жерге, таяз суға саз-балшықтан биіктете өріп, қиық конус тәріздес етіп жасайды. Оның биіктігі 10-60 сантиметрдей болады. Ұяның ұшындағы ойысқа 1-2 жұмыртқа туып, оны мекиені мен аталағы екеуі кезектесіп басады. 30-32 күн дегенде балапан шығарады.

Қоқиқазды ғажайып жанды барометр деуге болады. Егер ол көктемде жұмыртқалайтын жеріне келісімен ескі ұясын саз-балшықпен өсіріп биіктетсе — ұямды су басып кетпесін, биыл жаз жауынды болады дегені; егер ескі ұясын жай ғана жөндеп, биіктетпесе, ол — құрғақшылықтың белгісі.

Қоқиқаздар шаян, су насекомдары, олардың личинкалары және балдырлармен қоректенеді. Күзде жылы жаққа қарай қайтып кетеді.

Қорғауға алынған құс.

Табиғат

Өзен-көлді өгейсіткен өзіміз

Табиғат біртіндеп өзгеруде. Бұл өзгерісті судан, ауадан, жерден, яғни барлық жер қабығынан байқап жүрсіз. Табиғи ортаның өзгеруі орман өртінен, су тасқынынан, жанартаулардың атқылауынан, өсімдіктер мен жануарлардың біртұтас табиғи бірлестігінің жойылуынан болады.

Біздің республикамызда ірілі-ұсақты 7,5 мыңдай өзен, 40 мыңға жуық көл, мыңдаған бұлақ бар. Ғалымдардың деректеріне сүйенсек, жыл сайын көлдердің, жер асты суының көлемі күрт азайып барады. Оның қаншалықты зардабы болатынына Арал теңізі куә. Тұзды тозаң жан-жағын күйдіріп, қу тақырға, сорға айналдырды. Ауру-сырқау көбейді.

Өзіміз күнде көріп жүрген салақтық пен немкеттілік те  табиғатты бүлдіреді екен. Біз саяхаттап жүріп лақтыра салатын қаңылтыр қалбырлар мен шишалар суды ластайды, шіріген заттар ауаны да, топырақты да бұзады.

Соңғы уақытқа дейін зауыт-фабрика басшылары да табиғатты қорғауға мүлде мән бермеді. Өнеркәсіп орындарынан шыққан қалдықтарды, қоқыстарды өзен, көлге ағызып, қаншама таза суды ластады. Мұның бәрі халықтың денсаулығына көп зиян келтірді.

Түрлі апаттарды қолдан жасағаннан гөрі немесе немқұрайдылық пен салақтықтан табиғатты бүлдіріп, оны сауықтыру үшін қыруар қаржы жұмсағаннан гөрі бұл істің алдын алған әлдеқайда тиімді. Әрине, соңғы жылдары табиғатты қорғауға көп көңіл бөлініп жатқаны қуантады.

Дегенмен, қалай болғанда да, табиғатты бүлдіретін өзіміз, адамдар екенбіз.

Айжан ҮМБЕТОВА,

№ 24 лингвистикалық мектеп-гимназияның

5-сынып оқушысы.

Атамекен

Біздің бесігіміз

Отан отбасынан басталады. Отан — атамекенің, туған елің, кіндік қаның тамған жер, алтын бесігің, бауырың, ата-анаң, досың, ата-бабаң қоныстанған жер.

Менің ауылым — Жарқамыс. Мен ауылымды аялаймын. Ауылым жыл сайын өзіммен бірге көркейіп өсіп келеді.

Іргедегі Жем өзенінде алуан түрлі балықтар бар: шортан, жайын, сазан, алабұға, қызылқанат, т.б.

Ал жануарлар әлемі ше? Қасқыр, түлкі, қарсақ, қабан, қосаяқ, суыр, борсық, бәрі де жортып жүреді. Кеңес Одағы кезінде киіктер ауылдың қасында, Жем өзенінің бойында тіршілік еткен.

Мен біздің жерімізде өсетін көптеген өсімдіктерді білемін: жусан, адырасапан, боз, қияқ, қараған, қоңырбас, бидайық, сүттіген, шағыр, қамыс, құрақ, түйежапырақ, бетеге, ши, қаңбақ, көкпек, құланқұйрық, жалбас, есекмия, шоғайна, көктікен, т.б.

Жем өресінің тарихы көп. Солардың бірі — қазақтардың жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресі. Еділ қалмақтары ежелгі жұртына қазақ жері арқылы үдере көшкен кезде, оларға осы Жем өзені бойында алғаш соққы берілген. Біздің жеріміз осындай тарихи деректерге бай.

Мен ауылымды жақсы көремін. Ауылымның табиғатын, тарихын қорғау — менің міндетім.

Аймат БИСЕН,

Жарқамыс орта мектебінің 4-сынып оқушысы.

Байғанин ауданы.

Оқушының өлеңі

Ана

Аналардың тілегін

Есте сақтап жүремін.

Анамды мен ардақтап,

Амандығын тіледім.

Ана сөзін тыңдаймын,

Ана сүтін ақтаймын.

Өскенімде бойжетіп

Анамды мен баптаймын.

Алтынай ҚАЗИЕВА,

Әлия Молдағұлова атындағы

орта мектептің оқушысы.

Қобда ауданы.

Көктем

Көктем айы туғанда

Шуақ келіп  тұрады.

Көкжиектен Күн ылғи

Күліп бетін бұрады.

Жанель ОРАЛБЕКОВА,

№ 5 орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Менің әжем

Әжем — асыл анасың,

Немерең үшін дарасың.

Түсірмеңдер ешқашан

Қадірлі әже бағасын.

Шуақ шашқан Күнің — мен,

Тербеттің мақпал үніңмен.

Өзіңе арнап, әжетай,

Жыр жазамын бүгін мен.

Мектепке кеткен шағымда,

Әже, сағынып қалдың ба?

Сүйікті атам екеуің

Жайнап жүрші алдымда.

Әйгерім АРЫСТАНБЕКОВА,

№ 3 орта мектептің 5-сынып оқушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button