БілімБасты жаңалықтар

Қос мектептегі қуаныш

Жаңа жыл қарсаңында Ақтөбе қаласында тағы екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ақшат ауылы мен қаланың Болашақ шағын ауданында 300 орындық білім ордаларының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған жергілікті атқарушы билік өкілдері, ардагерлер, ұстаздар мен ата-аналар, ауыл тұрғындары мен оқушылар қатысты.

 Ақшаттықтардың алғысы

Ақтөбе қаласы маңындағы Ақшат ауылында бой көтерген Әлихан Бөкейханов атындағы №67 орта мектептің ашылу салтанатына келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевты білім ордасының алдында ауыл ақсақалдары күтіп алды. Жаңа жылдың нышаны ретінде Аяз ата мен Ақшақар, сондай-ақ ертегі кейіпкерлері бұл күні көпшіліктің көңілін көтерді. Ауыл ақсақалы Сұлтан ата облыс әкіміне бұл сәттің жұртшылықтың көптен күткен қуанышы екенін айтып, осындай еңселі ғимараттың Ақшатта бой түзегені үшін алғысын білдірді. Содан соң лента қию рәсімі жасалып, облыс әкімі бастаған топ мектепке кірді. Бұл кезде дәлізде Бердібек Машбекұлын оқушылар мен мектеп ұжымы, ата-аналар қуанышты көңіл күйде қарсы алды.

Ақтөбе қаласындағы құрылыс бөлімінің тапсырысымен жүзеге асырылған жобаға «ТрейдИнтерКом» ЖШС мердігерлік еткен. Жоба құны — 865 млн теңге. Құрылысы бір жылда салынып біткен мектептің жалпы аумағы — 6460 шаршы метр. 300 орындық білім ордасы 2 қабатты, құрылыс жұмыстарына блоктар пайдаланылған. Автономды әдіспен жылытылатын мектепте 15 оқу кабинеті бар. Оның 5-еуі бастауыш сыныптар үшін жабдықталған. Сол сияқты, арнайы пәндік кабинеттер де толықтай жарақтандырылған. Бүгінгі таңда білім ордасындағы оқушылардың саны 200-ге жуықтайды. Кадр мәселесі де шешілген.

Салтанатты рәсімде Бердібек Машбекұлы көпшілікті жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.

Әрбір ұлттың, мемлекеттің болашағының  бірден-бір негізі  — оның денсаулығы мықты, білімді, мәдениетті азаматтарына тікелей байланысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп жатқан саясат — білімді жастарды тәрбиелеп, болашаққа даярлау. Ол үшін біз мектеп, балабақша, мәдениет, спорт ғимараттарын салуымыз керек. Міне, осындай ғимараттың бірі Ақшат ауылында бой көтерді. Бұған дейін ауыл балалары Ақтөбенің түкпір-түкпіріне автобуспен тасымалданып білім алған еді.  Бұл — егемендігіміздің жемісі. Себебі, кеңес заманында мұндай мектептер ең кем дегенде 2-3 жылда салынатын, — деп Б.Сапарбаев бірінші кезекте қысқа мерзім ішінде осындай еңселі ғимаратты тұрғызған құрылыс компаниясының өкілдеріне алғысын білдірді.

Өз сөзінде облыс әкімі ауыл тұрғындарына Ақшаттағы бірқатар әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табатынын айтты.

Біз шамамыз келгенше елді мекендердегі мәселелерді шешу үшін жұмыс жасап жатырмыз. Сіздер үшін ауылда тағы да шешілмей жатқан екі-үш мәселе бар. Мұны маған қала әкімі баяндады және өздеріңізбен кездескенде де айтқан болатынсыздар. Ол мәселелер шешіледі. Қазір ауылда медициналық пункттің, балабақшаның  құрылысы жүргізіліп жатыр. медициналық пункттің құрылысы он шақты күнде аяқталады. Ал балабақша құрылысын келер жылдың алғашқы айларында салып бітіру жоспарланған. Ауыл тұрғындары үшін тағы бір мәселе — жол. Оны сіздер кездесулерде де мәселе ретінде көтеріп жүрсіздер. Келер жылы жол құрылысын салатын боламыз. Негізгі тас жолдан ауылға дейінгі аралық жаңа технологиялық әдіспен түгел асфальтталады.  Сонда Ақшаттағы негізгі мәселелер толығымен  шешімін табады, — деп облыс әкімі ауыл тұрғындарына мал ұстап, егін егу керектігін, жалпы айтқанда әрбір адамның өз жағдайын жақсарту бағытында еңбектенуі қажет екенін баса айтты.

Б.Сапарбаев өз сөзінде он екі мүшесі сау жастардың еңбекке белсенді араласуы керектігін айтып, көгалдандыру жұмыстарына мән беру қажеттігін ерекше атап өтті.

Жастар қазіргі заман талабына сай білім алуы керек. Ұстаздар тек қана кітапта жазылғанды немесе оқу бағдарламасындағы, жоспардағыны ғана емес, балалардың жан-жақты дамуы үшін білім беруі керек. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалануын ұстаздар ғана емес, ата-аналар да ойластыруы керек. Сонда ғана жастарымыз ұлтымыз үшін жат әрекеттермен айналыспайды, — деді Бердібек Машбекұлы.

Мердігер мекеме басшылығы мектептің символикалық кілтін табыстау шарасын жасағаннан кейін облыс әкімі бастаған топ жаңа ғимараттың ішін аралап көрді.

Бұл — биылғы жаңа оқу жылында ашылып тұрған алтыншы мектеп. Бұған дейін биыл қыркүйекте 5 мектеп ашылған болатын. Мектеп 300 орынға арналған. Жаңа мектепте Ақшат елді мекенінің ғана балалары білім алады.  Бұрын бұл ауылда бастауыш мектеп қана болды. Ал 5-11 сыныптар аралығындағы оқушылар тасымалданып, Ақжар ауылындағы №45, №49 мектептерде оқыды. Енді бұл ауылдың барлық баласы жаңа мектепте оқитын болды, — деді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Индира Бексұлтанова.

Мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған.  Индира Бексұлтанованың айтуынша, жаңа мектепте мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы пандустар орнатылып, лифт жұмыс жасайды. Білім ордасында 6 интерактивті тақта, 6 LED-экран қойылған. Компьютермен толықтай қамтылған мектепте бұдан бөлек 13 ноутбук медиатекаға жасақталған.

— Болашақта бұл ауылда бала саны көбейеді деген ойдамыз. Себебі, қазір бұл ауылда тұрғындарға жер телімдері  беріліп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл мектептің салынуы қаладағы №45 және №49 мектептердегі үш ауысымдық мәселені шешуге оң ықпалын тигізетін болады, — деді И.Бексұлтанова.

Мерекелік шара кезінде іштегі қонақтарды есік аузында тосқан егіздер — Әлия мен Мәншүк Бердібек Машбекұлына жаңа мектеп салуға ықпал еткені үшін ризашылықтарын білдіріп, облыс әкімімен бірге аспанға шар ұшырды.

Жұмабек Тәшенов  атындағы мектеп

Бұл күні Ақтөбе қаласындағы Болашақ ауданында да 300 орынға арналған Жұмабек Тәшенов атындағы №68 орта мектеп салтанатты жағдайда халық игілігіне берілді. «Регион-Сервис-Ақтөбе» ЖШС тұрғызған мектептің жалпы құны — 755,0 млн теңге. Қысқа мерзім ішінде салынған ғимараттың жалпы ауданы — 2870,0 шаршы метр. Екі қабатты зәулім мектеп заманауи үлгіде жабдықталған. «Екі мектептің де жобасы бірдей. Жабдықталуында да еш айырмашылық жоқ. Мектепте 85 орынға арналған акт залымен қоса, 120 орынға арналған асханасы, үлкен спорт залы бар. Ең бастысы — бұл мектептерде үйірмелер тегін жұмыс жасайды. Ер балалар ағаштан, сүйектен, тас секілді әртүрлі заттан бұйымдар жасайтын болса, қыз балаларға тігін мәшенкесін пайдалану, іс тігу әдістері үйретіледі», — деді қалалық білім бөлімінің басшысы.

Индира Бексұлтанованың айтуынша, Болашақ шағын ауданында бой көтерген жаңа мектептің салынуына байланысты қаладағы №56 орта мектептің үш ауысымдық проблемасы шешіледі.

Болашақ шағын ауданында тұратын оқушылар  бұған дейін қаланың 11-12-шағын аудандарынан бөлек, алыс аудандардағы білім ордаларында да оқуға мәжбүр болды. Жаңа мектеп екі ауысымда жұмыс жасайды. Бүгінгі күні бұл мектептегі оқушылар саны — 520, — деді И.Бексұлтанова.

Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірмановтар қатысты.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында 31 мектептің құрылысы салынып жатыр. Соның 16-сы — Ақтөбе қаласында. Биыл 15 мектепті пайдалануға бердік. Соның 8-і — осы Ақтөбеде. Тұрғындардың көпшілігі қалада орналасқаннан соң, оның үстіне үш ауысымдық, апатты жағдайдағы мектептер мәселесі Ақтөбеде болғаннан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес біз Үкіметтің қолдауымен осындай жаңа ғимараттар салып жатырмыз. Мақсат —  балалар заман талабына сай білім алуы керек. Үш тілді меңгеру маңызды. Жаңа мектепте барлық жағдай жасалған, — деді облыс әкімі.

Бердібек Машбекұлы ит жылын игі істермен қарсы алу үшін осындай әлеуметтік ғимараттарды Жаңа жыл қарсаңында пайдалануға беріп жатқандарын сөзінің арасында айтып, биыл облыста маңызды іс-шаралар жүзеге асырылғанын  атап өтті.

Бұдан кейін қонақтар мектеп ішін аралап көрді.

Мектеп бір ауысымда 300 баланы қамтиды. Бүгінгі күні ата-аналардан түскен 521 арыз бойынша 15 қазақ сыныбы, 5 орыс сыныбы үшін оқушылар жинақталды. Бұл — орта білім беретін мектептердің ішінде 12 орындық қыш шеберханасы бар қаладағы ең алғашқы білім ордасы. Әзірге мұндай шеберхана қаладағы Шығармашылық академиясында ғана бар. Сондай-ақ, мектебіміздегі 616 шаршы метрлік спорт залы түгелдей заманауи құралдармен жабдықталған, — деді мектеп директорының міндетін атқарушы Әсел Сұлтанова.

И.Бексұлтанова келер жылдың үшінші тоқсанында Ақтөбе қаласында тағы 6 мектеп пайдалануға берілетінін айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button