Құқық

Заң бұзғандар ескерту алды

Бұл жолғы Тәртіптік кеңес Мұғалжар ауданының әкімі С.Шаңғұтов пен облыстық әділет департаментінің директоры А.Мұхитованың есебін тыңдаудан басталды. Сондай-ақ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңның талаптарын бұзды деп есептелген  бірнеше адамның  істері қаралды.

Мұғалжар ауданы әкімі С. Шаңғұтов пен облыстық әділет департаментінің директоры А.Мұхитованың атқарған жұмыстары жалпы жақсы деп бағаланып, кейбір кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар айтылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы  күрес туралы» заңның талаптарын бұзған Ойыл ауданының жеті азаматының ісі қаралды. Оларға  мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілген конкурс барысында  заңды тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсетті деген айып тағылды.

Ойыл аудандық құрылыс бөлімінің бастығы М.Тілеубаевқа, аудандық сәулет,  қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бастығы А.Тоқпағамбетовке, Саралжын ауылдық округінің әкімі М. Тәжіғалиевке, аудан әкімі аппаратының бас маманы Н.Тыныштыбаевқа, Ойыл селолық округінің әкімі Ж.Назаровқа және Ойыл ауылдық округі әкімінің орынбасары  С.Нұғымановқа қатысты істер талқыланды. Екі жақтың уәждерін тыңдай келе, Тәртіптік кеңес мүшелері аталғандардың алтауына ескерту түрінде жаза қолдану керек деп шешім шығарды. Ал Ойыл селолық округінің әкімі Жүсіпбек Назаров  бұған дейін де  заң бұзғандығы үшін ескерту алған екен. Ескерту ала тұра, әрекетін  қайталап отырғаны үшін оған қызметінен босату жөнінде шешім шығарылды.

Сол секілді Тобыл-Торғай экология департаменті Қостанай филиалының бас маманы Б. Ордабаевтың да «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңның талаптарын бұзып, заңды тұлғаға қатысты әкімшілік материал дайындау барысында  дұрыс шешім шығармағаны анықталған. Б.Ордабаев ақталып баққанымен, кінәсін мойындауына тура келді. Оған да ескерту түрінде  жаза қолданылатын болып шешім шығарылды. Ал Ақтөбе қаласындағы №5 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары А. Киреева мен осы мектептің бас есепшісі Қ.Кубесоваға жемқорлыққа қарсы заңның талаптарын бұзды деген айып тағылды. Бұлар да сатып алу  бойынша конкурс өткізу  барысында шешімдерді әзірлеу мен қабылдау кезінде жеке тұлғаға заңсыз артықшылық көрсетіп, табыс алуға байланысты кәсіпкерлік және өзге де қызметті жүзеге асыруда заңда көрсетілмеген әрекетке барған. Және заңды тұлғаларға  құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруда көренеу кедергі жасаған.

Бұл азаматтар  білместік жасағанын мойындап, шаруаны іске асырмай тоқтатқандығын айтты. Оларға да ескерту берілді.

Соңғы іс бойынша талқыға түскен  облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының анықтау бөлімінің бастығы А.Жукеноваға да ескерту түрінде жаза қолданылды.

Тағы айта кетер жайт, облыстық тәртіптік кеңес мүшелерінің құрамы өзгерді. Тәртіптік кеңестің мүшелігінен өз еркімен шығуға ниет білдірген  Е.Қалиевке әріптестері жақсы жұмыс атқарғаны үшін Алғыс хат беріп, шығарып салды.  Ал Балғали Ордабаев, Марс Шынтасов және Зәкіратдин Байдосов агенттік төрағасының  бұйрығымен Тәртіптік кеңестің құрамына енгізілді.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button