БілімМереке

Сарыжарда жаңа мектеп ашылды

Мәртөк ауданы Сарыжар ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұған дейін ауылдағы жалғыз мектепте балалар үш ауысыммен оқып келген еді. Мектептің ашылуында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарын Тәуелсіздік мерекесі  және жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтады.

Әрбір ұлттың болашағы оның білімді, денсаулығы мықты азаматтарына байланысты. Елбасымыз тәуелсіздік алған күннен бастап, осы салаға көңіл бөліп келеді. Оны күнделікті баспасөзден оқып, біліп отырсыздар. 2017 жылы білім беру саласын қаржыландыру 17,3 миллиард теңгеге көбейіп, 84 миллиард теңгені құрады. Соңғы үш жылда біздің өңірде 7 000 орындық 21 жаңа мектеп ашылды. Осының барлығы — Тәуелсіздіктің жемісі. 

Сарыжар ауылына алғаш келуім емес. Бұған дейін де  бірнеше рет ауылды аралап, жағдайымен таныстым. Тұрғындар біраз мәселе айтты. Ол шаруалар біртіндеп шешіліп жатыр. Қазір ауылда газ да, жарық та бар. Жағдай түзеліп келеді.  Болашақта осы жерден жер беріліп, тағы 700 үй салынады. Мектептің бұл аймақтан салынуы бекер емес. Балалар заманға сай білім алулары керек. Ал ата-аналар бар жауапкершілікті мұғалімнің мойнына іліп қоймай, балаға көңіл бөлулеріңіз керек. Қазір заман басқа. Егер бала жан-жақты білім алмаса, өмір сүруі қиын болады. Мемлекет үздік жастарға «Болашақ» бағдарламасын ұсынып отыр. Жылына екі мыңға жуық жас шетелде білім алады. Кез келген білімді жас осы бағдарлама арқылы оқуына болады, — деді облыс әкімі.

Өңір басшысы елімізде жастар үшін өзге де қыруар жұмыстардың атқарылып жатқанын айтты. Сондай-ақ мектептің алдына жиналған балаларға жақсы оқуларына кеңес берді.

Сендер шаршамай, ерінбей оқуларың керек. Газет, кітапты көп оқу керек. Телефонға көп үңілудің қажеті жоқ. Егер ертеңгі күні баспен жұмыс істемесеңдер, сендер  үшін телефон жұмыс істемейді. Барлық шығарманы интернеттен көшіріп алмаңдар, бастарыңды жұмыс істетіңдер. Ал біз сендер жақсы оқысын деп, осындай  жағдай жасап отырмыз, — деді облыс әкімі.

Мектептің ардагер ұстазы Атанғали Қалиұлы облыс басшылығына ризашылығын білдірді. Жаңа білім ордасының лентасы қиылған соң басшылар ғимараттың ішін аралап көрді. Үш қабатты жаңа мектеп  320 орынға есептелген. Жобаны жүзеге асыру үшін 700 миллион теңге қаржы бөлініпті. Кітапхана, шеберхана мен спорт залдары арнайы жабдықтармен жарақталған. Балалар үшін қажетті құралдардың барлығы бар. Кең әрі жарық бөлмелер оқушылардың еркін отырып білім алуына өте ыңғайлы. Қонақтарды әсіресе мектеп асханасы қызықтырды. Бұл жерде аз қамтылған отбасының 39 баласына аптасына екі рет таңертеңгілік 15 грамм табиғи бал беріледі. Асхана меңгерушісі Айжан Өксікбаева келер жылдан бастап күн сайын беруді жоспарлап отырғанын айтты. Өңір басшысы мектеп директорының бұл бастамасын құптап, ризашылығын білдірді. Ғимаратты аралаған ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Әсіресе балалары автобуспен қатынап оқитын ата-аналар дән риза.

Мектеп директоры Әділбек Тәжібайдың айтуынша, бұрынғы мектепте 852 бала білім алса, мектепалды даярлыққа 95 бала барады екен.

Ол мектепте мұғалімдер бөлмесі болған жоқ. Бос жердің бәріне, тіпті дәлізге дейін парта қойып, балаларды оқыттық. Осылай екі жылдан бері қиындық көріп келген едік. Себебі жыл сайын бала саны өсіп  келеді. Бүгін жаңа мектеп іске қосылды. Келер тоқсаннан бастап ауылдың Жаңақоныс аталған аумағындағы 350 бала осы мектепке келеді. Бұрын бұл ауданның балаларын мектепке автобуспен тасыдық, — деді мектеп директоры.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, облыс бойынша 24 үш ауысыммен оқитын мектеп бар. Оның 21-ін келер жылы екі ауысымға көшіру көзделген. Жылдың соңына дейін үш мектеп ашылады. Ал облыста ағаштан салынған 16 мектеп болса, саманнан — 34, қамыстан салынған  5 білім ордасы бар. Биыл 31 мектептің құрылысы басталған. Оның 12-сі ашылып отыр. Жылдың соңына дейін үш мектеп іске қосылады. Олар — осы ауданның Родниковка ауылындағы мектеп, Ақтөбе қаласындағы Болашақ, Ақшат ауданындағы мектептер.  Құрылысы басталған өзге мектептер жоспар бойынша іске қосылады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button