Білім

Грант берілді, санат жоғарылады

Биыл екінші жыл қатарынан облысымызда қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда жоғары нәтижеге қол жеткізген үздік мұғалімдерге материалдық көтермелеу гранттарын тағайындау байқауы өтті.

Облыстың аудандарынан, Ақтөбе қаласының мектептерінен, облыстық мектеп-интернаттардан, мемлекеттік емес «Сымбат» мектебінен қатысқан барлығы 63 үміткердің 29-ы байқаудың екінші кезеңіне өткен болатын.

Кеше осы байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі облыстық әкімдікте өтті. Әуелі облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосып жүрген ұстаздарды құттықтады. Сосын грант иегерлеріне Алғыс хат пен грант сертификаттарын тапсырды. Грант иегерлеріне қаралған қаражат мөлшері — 1.3 млн. 700 мың теңге.

Бұнда облыс әкімі тағайындаған грант пен «Қазақ тілі мен әдебиетінің үздік мұғалімі» атағын қазақ тілінде оқытатын мектеп мұғалімдері арасында Шалқар ауданындағы Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің мұғалімі Сая Төлеуова мен орыс тілінде оқытатын мектеп мұғалімдері арасында Алға ауданының Шибаевка орта мектебінің мұғалімі Берік Оразов иеленді. І дәрежелі дипломдармен марапатталған олар бір жыл бойы ай сайынғы жалақыларына 50 мың теңге қосылатын грантты жеңіп алды.

Ал ІІ дәрежелі дипломға ие болған 3 мұғалімге бір реттік 170 мың теңге табысталды. ІІІ дәрежелі диплом мен бір реттік 120 мың теңгеге 5 мұғалім ие болды.  Қалған 19 мұғалім Алғыс хаттармен және 15-70 мың теңге көлемі аралығындағы жүлделермен марапатталды. Байқауға Байғанин және Әйтеке би аудандарының мұғалімдері қатыспады.

24 жыл осы салада жүрген тәжірибелі мұғалім, байқау жеңімпазы Сая Төлеуова:

—  Бағым жанып, жеңімпаз атандым. Мұғалімдер арасында бәсекелестік тудырып, ынталандыруды ұйымдастырып отырған облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлына алғыс айтамын. Баршаңызды құттықтаймын! — деді.

Тағы бір жеңімпаз мұғалім Берік Оразов Абай, Шәкәрім, Мұқағали оқуларында оқушыларының жеңімпаз атанып жүргенін, солардың арқасында өзінің де еңбегі еленіп жатқанын мақтанышпен жеткізді.

Мемлекеттік тілді дамытуға өзіндік үлесін қосып жүрген Алға балалар үйінің жас мұғалімі Әлия Мыңжасарова да «Өзгені көр, өзіңді көрсет» деп байқауға жіберген директоры Кенжеғазы Байғазинге алғысын газет арқылы жеткізуді жөн көрді.

Мәртөк ауданы Хлебодар орта мектебінің мұғалімі Айнұр Оразаева жас та болса, былтырғы облыстық мұғалімдер марафонына қатысқан 600-ден астам мұғалімнің бірі. 45 мың теңгеге ие болған ол да алғысын білдіріп, аудандық, облыстық байқаулардағы біршама жетістіктерін тізбеледі.

Грант иегерлері жылына бір рет республика аумағында шығармашылық іссапарға тегін жіберіліп, іс-тәжірибелері таратылады. Байқаудың екінші кезеңіне өткен 29 мұғалімнің барлығының біліктілік санаттары кезектен тыс бір сатыға жоғарылайды.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, қазақ тілі мен әдебиетінің үздік мұғалімдеріне материалдық көтермелеу гранттарын тағайындау байқауы мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 2008-2010 жылдарға жоспарланған.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button