Басты жаңалықтарМереке

Мәуліт мерекесін атап өтті

Ақтөбе қаласындағы «Қоныс» спорт сарайында Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың туған күні — Мәуліт мерекесіне арналған «Сағыныш үні» атты кеш өтті.

Жыл сайын Ақтөбеде Мәуліт мерекесін атап өту дәстүрге айналып келеді. Биыл да Ақтөбе халқы Мәуліт мерекесіне арналған шараға көп жиналды.

Салтанатты кештің басында Құран Кәрім оқылып, «Өнер қырандары» театры «Асыл адам» атты көрініс қойды.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жұртшылықты Мәуліт мерекесімен құттықтады.

  • Шарапаты, қайырымдылығы мол Мәуліт мерекесімен баршаңызды облыс басшысы Бердібек Машбекұлының атынан шын жүректен құттықтаймыз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ұлтаралық, дінаралық келісім саясатын жүргізе отырып, бүкіл әлем қауымдастығына бейбітшіл, өркениетті ел екенін мойындатты. Бүгінде елімізде 18 конфессияны құрайтын 3,5 мыңнан астам діни бірлестік татулықта, бірлікте өз жұмысын атқаруда. Соның ішінде ерекше айтатын, маңызды жұмыс жүргізіп отырған сан жағынан да ең көп, ол — ханафи мәзһабындағы ислам қауымы. Салт-дәстүрімізді, имандылықты, мейірімділікті насихаттайтын ата дінімізді мемлекет әрқашан да қолдайды. Облыс әкімінің шешімімен Ақтөбе қаласында медресе, дін қызметкерлеріне әлеуметтік үй салу үшін 5 гектар жер бөлініп, бүгін қазығы қағылды. Құтты болсын, ағайын! Сонымен қатар біздің облыста халықтың сұрауымен 6 мешіттің құрылысы жүргізілуде. Осының барлығы мемлекет тарапынан, облыс әкімдігі атынан дінімізді қолдау деп білеміз. Бүгінгі Мәуліт мерекесі құтты болсын! — деді ол.

Бұдан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз Мәуліт мерекесінің мәні мен маңызына тоқталып, ақтөбеліктерге жылы лебізін жолдады.

  • Бүгін екі дүниенің сәруары, адамзатты қараңғылықтан жарық нұрға алып шыққан, Алланың соңғы елшісі Мұхаммед Пайғамбарымыздың Мәуліт мерекесі құтты болсын!

Дәстүрмен біте қайнасып, халықтың рухани кеші болып, тәуелсіздігімізбен үйлесе жалғасып келе жатқан мерекемізге қош келіпсіздер! Осы сәтті пайдалана отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының атынан баршаңызды мерекемен құттықтаймын!

Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан сәттен бастап, осы ұлан-ғайыр даланы мекен еткен халықтың діні, дәстүрі, бабаларынан қалған мұрасы қайта оралды. Міне, қазір елімізде көптеген мешіттер, медреселер, имандылық үйлері бой көтеріп, мемлекетіміздің қамқорлығыменен, Елбасының салиқалы, сарабдал ұстанымымен, Аллаға шүкір, дамып келеді. Бүгін Ақтөбе облысында Елбасының бастаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырудағы» бастамаларындай облыс әкімі бастаған ел азаматтары медресе кешеніне жер бөліп, имандылық ордасының іргетасын қалау рәсіміне қатыстық. Осындай медреселеріңіз, жақсы бастамаларыңыз құтты, мүбарак болғай!

Мәуліт — бұл туған күн. Бұл — дүниеге ақ пен қараның аражігін ажыратқан, адамзатқа ақ жолды, сара жолды көрсеткен, соңына мейірбан, қылдай қиянат жасамайтын барша Алланың жаратқан тіршілігіне тек қана жанашырлықпен қарауға үндеген, ізгі жол қалдырған Мұхаммед Пайғамбарымыздың Мәуліт күні. Сондықтан жиналған баршаңызды осы Мәуліт мерекесімен құттықтаймын! — деді ол.  

Шарада Мәуліт жыры оқылып, имандылық тақырыбында термелер мен әндер орындалды. Мәулітті қазақ және араб тілдерінде Арман Ғабдуллин мен Шынболат Үмбетов, сондай-ақ Ақтөбе медресе-колледжінің шәкірттері қосыла айтып шықты. Халық Мәуліт салауатын сілтідей ұйып тыңдады.

Кеште Ақтөбе облысының өкіл имамы Төлеби Оспан жұртшылықты мерекемен құттықтап, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірінен ғибрат алуға, Құран Кәрімнің мағынасын терең түсінуге, елдегі бірлік пен татулықты, сондай-ақ адамшылық қасиеттерді сақтауға шақырды.

Бұдан кейін Серікбай қажы Ораз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен 4 бағыт бойынша белсенді қызмет атқарған 21 имамға әрқайсысы 100 мың теңге көлемінде сыйақы табыс етті. Сондай-ақ наиб мүфти Қарғалы ауданы «Шәмші Қалдаяқов» мешітінің бас имамы Айбек Ғалымға демеуші азаматтардың атынан қызметтік көлік кілтін, «Нұр Мүбарак» университетін биыл тәмамдап, қызметін Шалқар ауданының «Байқадам» ауылдық мешітінен бастаған Ақылбек Ордақұловқа жеке кәсіпкерлер Бердібек Шәкірбекұлы мен Ибрагим Сүлейменұлының демеушілігімен құны 1 млн теңге тұратын қызметтік пәтер кілтін табыстады.

Сонымен қатар шарада Мәуліт кешін ұйымдастыруда атсалысқан, «Қоныс» спорт сарайының иесі Талғат Қонысұлына Алғыс хат табысталып, халық зор қошемет көрсетті.

Шара соңында «Өнер қырандары» театрының актерлері Әбу Бәкірдің «Ізгілер жолы» атты монологін оқып, дәстүрлі әнші Арман Ғабдуллин «Ақиқат нұры» әнін орындады.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button