Басты жаңалықтар

Бас жоспар және болашақтағы жұмыстар

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында «Ақтөбе және Ақтөбе агломерациясын дамытудың перспективалары туралы» ҚР Үкіметінің 2016 жылдың 31 қазанында бекітілген Бас жоспарына сәйкес қоғамдық тыңдау өткізілді. Іс-шараға Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, қалалық мәслихаттың хатшысы Сұлупан Шынтасова, сондай-ақ, депутаттар мен қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік мекеме басшылары, кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

ХАЛЫҚ САНЫ ЖӘНЕ ТАБИҒИ ӨСІМ

Қоғамдық тыңдау басталмас бұрын шараға қатысушылар ғимарат дәлізінде Ақтөбе қаласының және оның жекелеген аудандарын дамытуға қатысты қойылған стендтер, жобалар мен макеттермен танысты. Бұл жерде қаланың Мәскеу ауданының қайта құру жобасы да көпшіліктің назарына ұсынылды.

Ақтөбе — республикада ең серпінді дамып келе жатқан өнеркәсіп орталықтарының бірі. Ақтөбе агломерациясы орталығы ретінде Ақтөбе қаласы айқындалған. Ілияс Испановтың айтуынша, қазірдің өзінде облыс орталығында шамамен жарты миллион адам тұрады. Бұл Ақтөбе облысы тұрғындарының жалпы санының 55,5 пайызын құрайды.

2015 жылдан бері қарай Ақтөбе қаласының әлеуметтік-экономикалық даму мәселесіне тоқталатын болсақ, ең басты мәселе — тұрғындар санының қалай өсіп жатқанын білу маңызды. Өздеріңіз білесіздер,  қалада халық санының өсу қарқыны жоғары.  Бүгінгі күні Ақтөбе қаласы халқының саны шамамен 487 мың адам. Бұл — ресми дерек. Бүгінгі күні халық санын дәл есепке алу үшін барлық құрылымдар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Егер келіп-кететіндерді және тіркелмеген азаматтарды қосатын болсақ, онда бұл санның өсетіні сөзсіз. Себебі, қазір жер алу кезегінде тұрған 127 мың, ал үй кезегінде тұрған 23 мың адам бар. Кезектегі адамдарды үй-жаймен қамтамасыз ету — біздің басты мақсатымыз. Жер учаскелерін беру үшін коммуникация желілері жүргізілуі керек.  Қазіргі уақытта 6 мыңға жуық жер бөлінді. Егер инфрақұрылым жұмыстары аяқталса, жыл соңына дейін қосымша 4 мың адамға жер телімін беруді жоспарлап отырмыз. Келер жылы 15 мың жер учаскесін беру жоспарда бар. Мұның барлығы коммуникация тарту үшін әзірленген құжаттар мен қарастырылатын қаржыға тікелей байланысты. Миграция бойынша оң өсім бар. Ең бастысы, туу көрсеткіші былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға өсті. Тұрғындарды балабақша, мектеппен, одан әрі оқу орындары және жұмыспен қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі — ең басты назарда, — деген І.Испанов журналистер алдында соңғы жылдардағы Ақтөбе қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәліметтер айтты.

Оның айтуынша, өткен жылы қалада тек 2 балабақша пайдалануға берілген. Алайда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бұл бағытта жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Осының негізінде былтыр және биыл 24 участокте балабақша жұмысын жетілдіру жайы қолға алынған. Балабақша санын көбейту жұмыстары биыл және алдағы жылдардың жоспарында да тұр. Қала әкімінің айтуынша, қалада мектеп құрылысын салу жұмыстары өте жақсы қарқында жүзеге асырылып жатыр.

МӘСКЕУ АУДАНЫНДА ЖАҢА ПЕРРОН САЛЫНАДЫ

Басқосуда І.Испанов қаланың Мәскеу ауданына қатысты:

Мәскеу — Ақтөбе қаласының ең ескі бөлігі. Осы ауданда ең бірінші салынған үйлердің көбісінің  тозығы жетті.  Бүгінгі күні жоспарлау жұмысы жасалды. Жоба макетін жасадық. Бірінші кезекте, инвесторлардың ықпалымен бұл ауданда көп қабатты үйлерді тұрғызу жоспарланған. Сонымен қатар, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, көшелерді кеңейту ісі де жоспарланған. Инвестор тұрғындардан жерді сатып алады, болмаса оларға салынған үйлерден үй береді, — деді ол.

Бұдан кейін қала әкімі жиналғандарды болашақ Москва-Сити ауданының макетімен таныстырды.

Москва-Сити — бұл біздің жобалау жоспарымыз. Жоба бойынша мұнда қазір іске асырылып тұрған ескі перрон бар. Жобалау жоспарымызға сәйкес, осы перронды басқа жаққа көшіреміз. Жобалаушыларға берілген тапсырмаға сәйкес, Мәскеу ауданында бар көшелер сол күйінше қалдырылады. Сол сияқты, коммуникациялық жүйелер де жойылмайды, оларды сол күйінше пайдалана бермекпіз. Бұл жоба — негізінен жекенің ықпалымен жүзеге асырылмақ. Бүгінгі күні бұл жобаға қызығушылық танытып отырған инвесторлар бар. Егер осы жобалау жоспарымызды бекітсек, содан кейін ғана инвесторлармен жұмыс жасайтын боламыз.  Себебі, олар құрылыс жүргізетін алаңды алып, іске асыруы керек. Ал мұндағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру ісі қаланың құзырына жатады. Тұрғындардан жер учаскелерін алу үшін бүгінгі күні меншік құқықтарына қатысты жұмыстар толық жүргізілді. Ол үшін тұрғындар мемлекетке жерін өткізбес бұрын жылжымайтын мүлікке бағалау жүргізеді. Тұрғындарға, яғни мүлік иесіне содан кейін ғана сәйкесінше қаражат бөлінеді. Негізінен, жеке инвесторлар әлі де болса тұрғындармен келіссөздер жүргізеді. Содан кейін ғана қала құрылысы кеңесінің шешімімен осы бағыттағы жұмыстар басталатын болады, — деді Ілияс Испанов.

Қала әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды келер жылы жүзеге асыру болжанып отырғанын айтты. «Бұл жеке капиталға салынатын болғасын, істің қай уақытта жүзеге асырылатынын нақты айта алмаймыз. Қалалық әкімдік тарапынан қай жағынан да көмек көрсетілетін болады. Яғни, коммуналдық жүйелер, жол салу, абаттандыру ісі  қала тарапынан жүзеге асырылады. Ілияс Испанов бүгінгі күні Москва-Сити жаңа ауданын салуға 3 әлеуетті инвестор табылғанын айтты. Олардың бәрі — ақтөбелік компания.

Жергілікті биліктің айтуынша, Москва-Сити жаңа ауданын тұрғызу үшін алғашқы көпқабатты үйлер қаланың Бөкенбай батыр даңғылындағы «Ұлытау» мейрамханасына жақын маңнан бастау алмақ. Бүгінгі күні инвестор алғашқы жер учаскесін сатып та алған. Жоба қала құрылысы кеңесінен өткен, қазіргі күні жобалық-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр. «Бұрын ол жерде жеке үйлермен қатар мекемелер, заңды тұлғалар болды. Ондағы тұрғындарды көшіріп, сол маңда өзінің құрылыс алаңын кеңейту, әрине, бұл инвестордың қалауына сәйкес  жүргізілетін іс», — деді І.Испанов.

«НҰР АҚТӨБЕ» 2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ДАМИДЫ

2016 жылы Ақтөбе қаласының бас жоспары бекітілген болатын. Соған байланысты біз қаланың ыңғайына қарай қараған кезде, тағы 40 мың жер учаскесін беруге мүмкіндік барын білдік. Бұл — алдағы 3-4 жылда жүзеге асырылатын шара. Жер беру үшін қала аумағында 8 учаске бөлінген. Сол 8 учаскедегі жер кезекте тұрған адамдарға өз тәртібімен, кезегімен берілетін болады, — деді қала әкімі.

Алдағы уақытта Ақтөбе қаласында Батыс-3 шағын ауданы бой көтермек. «Батыс-3 — қаланың Батыс-2 шағын ауданынан әрірек орналасады. Бұл маңда 110 мың халық шоғырланатын шағын аудан салынбақ. Жаңа ауданның жоспары бар. Қазіргі күні Батыс-3 шағын ауданы үшін коммуникация тартуға  жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр», — деді Ілияс Испанов.

Жергілікті билік 2030 жылға дейін облыс орталығын дамытудың Бас жоспары туралы айтқан кезде Ақтөбе қаласында оңтүстік-батыс және солтүстік-шығыс бағытқа қарай құрылыс жүргізілмек. Яғни, Ақтөбе Батыс-2 және «Нұр Ақтөбе» шағын аудандарынан әрі қарай кеңеймек.

Ілияс Испанов жақын жылдарда Батыс-3 және Батыс-4 шағын аудандары дамытылатынын айтты. Бас жоспарға сәйкес, Батыс-3 ауданында заманауи әкімшілік орталық пен 40 қабатты тұрғын үйлерге дейін бой көтермек. Ал «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабында №3 және №4 шағын аудандар салынып, үйлер Хромтау тасжолына жақын, яғни Рауан ауданына дейін салынбақ.

«Нұр Ақтөбе» шағын ауданының жалпы аумағы — 1800 гектар. Халық саны 110 мың адамға жуықтайды. Мұнда 2012 жылдан бері құрылыс жүргізілуде. Қазір «Нұр Ақтөбе» ауданында 30 мыңға жуық адам тұрады. Алдағы уақытта №3 және №4 шағын аудандар тұрғызылады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 22 шағын қабатты үй және 194 коттедж салынып жатыр. «Нұр Ақтөбе» шағын ауданы 2025 жылға дейін дамиды, — деді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жандос Байырханов.

НҰСҚАМА ЖӘНЕ НАҚТЫ ІС

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кеңсесінде өткен кездесу қаланы және Ақтөбе агломерациясын одан әрі дамыту жоспарларын, бағдарламаларды  қалыптастыру және іске асыру,  сонымен қатар, кәсіпкерлер үшін ашық алаң әрі олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды. Ақтөбе қаласы экономикасының үдемелі дамуының ажырамас бөлігі саналатын шағын және орта бизнесті жүргізушілер де осы басқосуға жиналды.

Жиында Жандос Байырханов Ақтөбе агломерациясы және Бас жоспарға сәйкес жұмыстар турасында баяндады.

Оның айтуынша, Ақтөбе агломерациясы облыстың 6 ауданын, яғни Ақтөбе қаласынан бөлек Алға, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау өңірлерін қамтиды. —— Агломерацияның жалпы алаңы — 4,8 мың шаршы метр. Ақтөбе агломерациясын құрудың нәтижесінде тұрғындар саны 600 мыңға жетпек немесе 72,5 пайыз. 2016 жылдың 31 қазанында Ақтөбе қаласын 2030 жылға дейін дамыту үшін Бас жоспар бекітілген болатын. Бас жоспарға сәйкес, территориялық өсім айтарлықтай қалыптасқан, — деді Ж.Байырханов.

Жиынға қатысушылар қаланы жан-жақты дамыту үшін өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. «Нектар» өндірістік кооперативінің басшысы Ш.Каспранов атқарған жұмыстары жайында баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Жиынды қорытындылаған сөзінде қала әкімі құрылысы ұзаққа созылған кешендер әрі нысаналы мақсатқа пайдаланылмай тұрған жерлер жайында айтып, бұл жағдайларға қатысты әкімдік тарапынан қолданылып жатқан шараларды сөз етті. Белгілі болғандай, жалпы аумағы 154,4 гектарды құрайтын 81 жер учаскесінің иелеріне қатысты шара қолдану үшін іс облыстық жер инспекциясына жолданған. Бүгінгі күні инспекция тарапынан 34 меншік иесіне учаскелерді нысаналы мақсатқа пайдалану үшін бір жылға нұсқама берілген. Ал қалған 47 учаскеге қатысты инспекция тарапынан тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button