Басты жаңалықтар

Бердібек САПАРБАЕВ: Жұмыстар жоспарлы мерзімде аяқталуы тиіс

Ащылысай ауылының тұрғындары өз ауласында мал ұстамайды. Күнделікті қажетті тағамдар — ет пен сүтті, нанды дүкеннен сатып алуға дағдыланған. Ал Степной селолық округі тұрғындарының көпшілігі ауылдағы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс жасап жатыр. Ауыл тұрғындарына өз бетінше поселке жолын жөндеу ұсынысы айтылды.   

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қарғалы ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде бірнеше өндірістік кешенде болып, Кемпірсай селолық округінің Жосалы және Бадамша поселкесі мен Ащылысай, Степной ауылдық округтеріне қарасты ауылдардың халқымен кездесулер өткізді. Кездесулер облыстық сот төрағасы Мұратғали Әкетай, облыс прокуроры Марат Қайыбжанов, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің басшысы Қайрат Сөнтаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті бастығының міндетін атқарушы Рүстем Неталиев, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Махамбет Әбисатов, мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Айбек Паяев, әділет департаментінің бастығы Мақсат Сатыбалдиндерге тұрғындар жеке өтініштерін айтып, сауалдар жолдап, сол жерде нақты жауаптарын алу үшін ұйымдастырылған болатын.

Бүгінде Кемпірсай селолық округі тұрғындарының саны — 785 адам. Округ аумағында 1 ЖШС, 2 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, 12 шаруа қожалығы мен 6 дүкен бар.

Селолық округ ауызсумен қамтамасыз етілген. 2009 жылы Қарабұтақ селосында су құбыры салынған, ал Кемпірсай ауылында құдықтар бар. Бүгінгі күні Жосалы ауылын сумен қамтамасыз ету үшін қайта жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін Жосалы және Кемпірсай ауылдарына газ тарту жұмыстары аяқталмақ.

Облыс әкімінің жергілікті тұрғындармен кездесуі Жосалы ауылындағы клубта ұйымдастырылды.

Сіздер білесіздер, яғни біздер сот, құқық қорғау органдары мен прокуратура өкілдерімен бірге аудандарға шығып, тұрғындардың қалай тұрып жатқанын, оларды мазалайтын мәселелерді білу үшін барамыз, — деді жиынды ашқан сөзінде Бердібек Машбекұлы. — Біздің ең бірінші тапсырмамыз — Мемлекет басшысының берген тапсырмасы — экономикалық көрсеткіштерді төмендетпеуіміз керек. Халықтың әл-ауқаты соған тікелей байланысты, сондықтан біз ауыл тұрғындарына жайлы жағдай туғызу үшін барынша жұмыс жасауға күш саламыз. Қазір облыста мектеп құрылыстары белсенді жүргізіліп жатыр, ауылдарды ауызсу мен газбен қамтамасыз ету шаралары қолға алынып, жол құрылыстары жүргізілуде. Биылғы жылы егін түсімі жаман болмады, негізінен қысқа дайындалдық, алайда жыл соңына дейін әлі де жұмыс жасауымыз керек. Жалпы, өткен он айдың қорытындысы бойынша біз Президент тапсырмасын 100 пайызға жуық орындадық, облыста экономикалық өсім қарқыны 4,7 пайызды құрады, — деді облыс әкімі.    

Кемпірсай және Степной ауылдық округтерінде облыс әкімі  ауыл тұрғындарын Мемлекет басшысының облысты әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту бойынша тапсырмаларының орындалуымен таныстырып, оларды кәсіпкерлікпен белсендірек айналысуға, ауыл шаруашылығының дәстүрлі және дәстүрлі емес түрлерін дамытуға, пайдаланылмаған жер телімдерін тиімді айналымға енгізуге шақырды.

Бердібек Сапарбаев өз сөзінде облыстың экономикалық жағдайын айта келе, жалпы көрсеткіштер жаман емес екенін, алайда ауыл тұрғындарының неғұрлым мал шаруашылығымен белсенді айналысу керектігін атап өтті. «Мемлекет тарапынан үлкен қолдау болғанмен,  мал шаруашылығын дамыту ісі өте баяу жүргізілуде. Мұны мына деректерден-ақ байқауға болады. Яғни, селолық округтің жеке секторларында барлығы 969 ірі қара, 639 ұсақ мал бар. Ауылда тұрып нанды, сүтті, етті дүкеннен сатып аласыздар.  Бұл қалай болғаны?! Егер ауылда тұрып мал ұстап, егін екпесеңіздер, өздеріңе қалай жайлы жағдай жасамақсыздар? Ұсақ шаруашылықтардың дамуының қиын болатынын жиырма жылдық тәжірибе көрсетіп отыр. Шаруаларға ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігу арқылы бұл тығырықтан шығуға болады», — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыс әкімі ауылдағы ірі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің мардымсыз қолдау көрсеткендерін сынға алды.

Миллиардтаған табыстарға қол жеткізе отыра биыл селолық округке бар болғаны 2 миллион теңге көлемінде көмек көрсеттіңіз. Сонда сіздің әлеуметтік жауапкершілігіңіз қайда? — деді облыс әкімі «Жосалы Агро» АҚ өкіліне. — Жетекшіңізге айта барыңыз, бұл іске біз шындап кірісетін боламыз. Сіздер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі турасындағы Президент тапсырмасын елемей отырсыздар!

Бұдан әрі облыс әкімі тұрғындардың сауалына құлақ түріп, жиынды қорытындылаған сөзінде айтылған мәселелердің бәрі өз шешімін табатынын айтты.

Бадамша ауылындағы кездесу бұдан бұрын жоспарланғандай, ауылдық клубта емес, жергілікті әкімдік ғимаратында өтті. Жиында облыс әкімінің мемлекеттік қызметке немесе бизнеске қатысы жоқ адам бар ма деген сұрағына тек бір ғана адам қолын көтерді. Жиын қысқа уақытта аяқталды.

Мұндай жиындардың кімде қандай жинақталған мәселелер, сауалдары бар екенін білу мақсатында қарапайым тұрғындар үшін ұйымдастырылатыны жайында мен сіздерге өткен жылы да ескерткен болатынмын.  Ал сіздер мында кімді жинап қойғансыңдар? — деп Бердібек Машбекұлы ашулы жүзбен Қарғалы ауданының әкімі Рахат Сыдықовқа қарады. — Залға не себепті мемлекеттік қызметкерлерді жинадыңыз? Олар онсыз да менің не айтпағымның бәрін біледі, ал олардың арасынан ешбіреуі сауал қоймайтыны анық. Кейбір басшылардың жұмысқа осылай қарауы салдарынан халықтың билікке деген сенімі төмендейді. Қарапайым халық «басшылар жиналып, өздері кездесу өткізді де кетіп қалды» деп айтатын болады. Біз бұл жерге не үшін келдік, формальдылық үшін бе, Рахат Мәжитұлы? Маған да осында келген өзге басшыларға  қараған секілді мұндай немқұрайлылықтың қажеті жоқ, — деді Б.Сапарбаев кездесуді ұйымдастырғандарға келесіде осындай қателікке жол бермеулерін тапсырып.

Облыс әкімінің айтуынша, қолда бар қолайлы географиялық, табиғи жағдайларды ескере отыра, Қарғалы ауданы дамуы жағынан облыстың өзге аудандарына жол бермеуі керек. Алайда, соңғы уақытта осындай беталыс байқалады. «Аудан әкімдігінің қызметінен селқостық көрініп тұр. Бюджеттен тыс қаражатты іздестіру жұмыстары іс жүзінде жүргізілмейді: екі жылдың ішінде ешқандай кешен демеуші қаржысына салынбаған, жүзеге асырылған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалар жоқтың қасы. «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында да жұмыстар жүзеге асырылмаған.  Қосестектегі ауыл клубының құрылысы әлі бітпеген, халық алдында ұят», — деді облыс әкімі аудан әкіміне қарата айтқан сөзінде.

Қарғалы ауданы тұрғындарымен бетпе-бет әңгімелесу кезінде жол құрылысы, елді мекендерді газбен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандар салу мәселелері талқыланды.

Ауданның негізгі мәселесі — жол. Бұл — облыс тұрғындарының барлығы үшін өзекті мәселе, бірақ оны бірден шешу қиын. Облыстың  елді мекендері арасындағы жолдарын қаржылық мүмкіндіктерге қарай қалпына келтіретін боламыз, — деп сендірді Б.Сапарбаев.

Бүгінде Степной селолық округінде 880 адам тұрады. Округ құрамына 4 ауыл кіреді. Мұнда 2 ЖШС, 14 шаруа қожалығы мен 7 дүкен және наубайхана жұмыс жасайды. Степной ауылдық округіне барған кезінде облыс әкімі жаңадан ашылған тұшпара цехында болып, пластикалық өнімдер шығаратын шағын цехтың жұмысымен де танысты. Сол сияқты, ауыл наубайханасы мен дүкендердің жұмысын да өз көзімен көрді.

«Кеңдала-ТАС» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі ашқан шағын наубайхана биыл іске қосылған.  Наубайхана өнімдері Степное ауылы тұрғындарын нан өнімдерімен қамтамасыз етеді. Күн сайын мұнда 200 бөлке нан пісіріледі. Серіктестік жұмысшылары үшін нан 50 теңгеден сатылады, ал бөлшек саудадағы бағасы — 60 теңге. Мұнда 2 адам тұрақты жұмыс жасайды. Облыс әкімі наубайхананың жұмысымен танысып, өнім сапасы мен оның бағасына мән берді. Осы серіктестік иелігіндегі тұшпара өндіретін шағын цехта жартылай фабрикатталған өнімдер шығарылады. Мұнда 5 адамға жаңа жұмыс орны ашылған. Ай сайын цехта 700 келі өнім өндіріліп, облыс аумағына саудаға шығарылады. Бұл жерде облыс әкімі жұмысшылардың еңбекақысын сұрап, өнімді өткізу ісінің жай-күйін білді.

Степное округі тұрғындарымен клубта өткен кездесу барысында облыс әкімі Ақтөбе облысының өткен 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің қорытындысын, алдағы жылдары атқарылатын жоспарлар турасында айтты.  Ауыл тұрғындарының поселке жолын жөндеу жайындағы өтінішіне қатысты Бердібек Сапарбаев бұл істі өз күштерімен жүргізуге болатынын айтты.

Бұл дегенің азғантай қаржы ғой, тек жергілікті кәсіпкерлерді көмекке тарта білу керек. Әрине, «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Аманғос Төлеуов жерлестеріне көмек көрсетуден бас тартпайтын шығар, — деді облыс әкімі.

Ауыл тұрғындарының барлық сауалына жауап берген Бердібек Машбекұлы жоспарланған жұмыстардың мерзімінде аяқталатынына сенім білдіріп, әркім өз жағдайын өз күшімен жасау керектігін айтты. Облыс әкімінің мемлекет барлық жағынан қолдау беретінін, субсидия төленетінін, қажетті жаңа мамандықтарды ақысыз негізде оқудың мүмкіндігі барын атап өтті.

Сіздер әр уақытта мемлекетке сенім артуларыңызға болады. Бірақ сіздер табысты болу үшін жұмыс жасауға ынталы болғанда ғана өз жағдайларыңызды жасауға мүмкіндік болатынын білулеріңіз керек, — деді Бердібек Сапарбаев.

Санат РАШ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button