Басты жаңалықтар

Облыста тұрғын үй құрылысына салынған қаражат 34 пайызға өсті

Облыс әкімдігінде облыс әкімі Бердібек  Сапарбаевтың төрағалығымен «Нұрлы жер» және «Туған жер» бағдарламаларын жүзеге асыру барысы талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудандар мен Ақтөбе қаласының әкімдері, басқарма, құрылыс және жол компанияларының, жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорын басшылары қатысты.

Бердібек Сапарбаев ағымдағы жылдың он  айының қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына 51 млрд теңге инвестицияланғанын атап өтті. «Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 34 пайызға көп. Тағы 7,4 миллиард теңге инфрақұрылымға, 13 миллиард теңге «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінді. Біз облысқа бөлінген қаражатты игеруіміз қажет. Барлық кешендер белгіленген уақытында тапсырылуы тиіс. Облыста көлік жолдарының құрылысы және оларды күрделі жөндеу жұмыстары бойынша үлкен шаруалар жүргізіліп жатыр. «Ақтөбе-Атырау» көлік жолының құрылысы басталды. Құрылыс материалдары мен техникалардың кестесін жасау керек. Сондай-ақ, биыл жеке тұрғын үй құрылысы үшін кем дегенде 14 мың жер телімін беруіміз қажет», — деп бастады сөзін облыс әкімі.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов есепті кезең ішінде 495,2 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілгенін мәлімдеді. 3516 пәтер салынса, оның 1566-сы — жекеменшік үйлер, 1950-і — көппәтерлі үйлердегі пәтерлер. Жыл соңына дейін қосымша кем дегенде 254,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.

Тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатқан аудандарға инфрақұрылым жүргізу үшін 6 млрд  теңге игерілген, жоспарланған 757,7 шақырым желінің 652,7-сі төселді.

Осы жылы сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үйді салуға 1,5 млрд теңге бөлініп, 300 пәтердің құрылысы басталса, оның 180-і биыл пайдалануға берілмек.

Жекеменшік үйлердің пилоттық бағдарламасы аясында «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабында бірыңғай сәулет стиліндегі 122 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Биыл 1 желтоқсанға дейін 105 пәтерлік 65 үйді тапсыру жоспарланып отыр.

Жиынға қатысушыларға Елбасының «Туған жер» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жеткізді.

Атап айтқанда, баяндамашы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында құны 2,8 млрд теңге болатын 555 жобаның жоспары дайындалғанын еске салды. Қазіргі таңда 5,7 млрд теңгеге 416 жоба жүзеге асырылған. Жоспарланған тоғыз ірі әлеуметтік кешеннің алтауы пайдалануға берілген. Ақтөбе қаласы қаражат тарту жағынан алда келеді.

Е.Нұрғалиев соңғы жылдары аудандар мен ауылдық округтердегі мәдениет үйлерінің құрылысы және оларды жөндеу жұмыстарына, мәдени ғимараттардың материалдық-техникалық қорын нығайтуға байланысты мәселелердің бюджет қаржысы есебінен шешіліп жатқанын атап өтті.

Бұған қоса, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Ақтөбеде 1200 орындық Өнер орталығы салынды. Аталған ғимаратқа Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филормонияның он шығармашылық ұжымы орналаспақ. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Қарғалы ауданының Қосестек ауылында ауылдық клуб, облыс орталығында «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйі жұмысын бастады. Жыл аяғына дейін тоғыз экспозициялық залы бар облыстық өлкетану мұражайы пайдалануға берілмек. Аудандардағы мәдениет үйі, кітапхана, мұражай ғимараттарының жетіспеушілігі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмдері арқылы шешілуде.

Бұдан басқа, облыс әкімінің тапсырмасымен облыста «Түлек.кz» жобасын жүзеге асыру жандандырылды. 165 мектепте түлектер туралы барлық мәлімет жазылған арнайы сайттар жасалды. Аталмыш жұмыстың нәтижесінде түлектер туған жерлерінің әлеуметтік ғимараттарына жалпы сомасы 1,6 млрд теңгеге көмек көрсетті.

Жиналыс азаматтардың әлеуметтік желідегі арыз-шағымдарында жазылған неғұрлым өзекті сауалдарын қараумен тәмамдалды.

«Әлеуметтік желілердің талдауы соңғы кездері коммуналдық қызмет жұмысына шағымданатын ақтөбеліктер санының артқанын көрсетеді.  Шағымдардың дені жолдың жағдайы, аяқ алғысыз батпақ, жаяу жолдың жоқтығы, сонымен қатар қоқыстың уақытында шығарылмауына байланысты. Соңғы айдың ішінде Есет батыр, Құлымбетов, Бөкенбай батыр, Нариманов көшелеріндегі, 41-разъезд, Әуе қалашығы, Оңтүстік-Батыс-1, Батыс аудандарындағы, Пригородный, Кірпішті және басқа ауылдардағы батпаққа қатысты сексеннен аса шағым, тұрғын үйлердің аулаларындағы қоқыс үйінділеріне қатысты қырықтан аса пост жарияланған», — деді облыс әкімінің аппарат басшысының орынбасары Ерлан Қаттабеков.

Сондай-ақ, ақтөбеліктер қоғамдық көлік жұмысына, автобус аялдамаларының жағдайына, кәріз құдықтарының ашық қалуына, көшелердің жарықтанбауына және басқа да мәселелерге байланысты шағым түсірген.  «Осыған ұқсас мәселелерді аудан тұрғындары да көтереді. Мәселен, Хромтау ауданына қарасты Сарысай ауылының халқы жаяу жолдың жоқтығына ашынады. Ойыл ауданы халқының жол жабындысына көңілдері толмайды»,  — деді аталған мәселелерді шешуде бірқатар ұсыныс айтқан Е.Қаттабеков.

Ол қаладағы батпақтың басты көзі топырақ екенін атап өтті. Осыған байланысты шағын аудандарды, жол бойындағы жерлерді көгалдандыру, жаяу жүргіншілер жолдарын салу,  жүк көліктерін құрылыс алаңдарына кіру кезінде тазарту жағын қадағалау жұмыстарын күшейту қажет. Оның ойынша, қаланың ластану мәселесін түбегейлі шешу үшін кешенді амал керек.

Облыс әкімі аталған ұсыныстарды қолдап, оларды орындауды құзыретті мемлекеттік органдар мен коммуналдық кәсіпорындарға тапсырды. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласы әкіміне Кеңес Нокин ауылындағы №25 мектепке және Жаңақоныс ауылына апаратын жолдарға қиыршық тас төсеп, ретке келтіру, сонымен қатар, жол құрылысының мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Сондай-ақ, жиында Бердібек Сапарбаев азаматтардың арыз-шағымдарына, әсіресе әлеуметтік желілердегі мәселелерге қатысты жедел әрекет ету керектігін айтты.

Сонымен қатар Бердібек Машбекұлы «Жиренқопа-Первомайское» өткізу бекетінің күн сайынғы жұмыс тәртібіне көшуіне байланысты мәселемен жұмыстануды тапсырды. Облыс әкімі аталған мәселені 16 қараша күні  Ақтөбеде өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестік бойынша үкіметаралық комиссияның 19-шы отырысында қозғаған болатын.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button