ЖаңалықтарСпорт

«Ақтөбе үміттері» атты республикалық біріншілік өтті

14-16 қараша күндері «Достық» су спорты түрлері бойынша спорт мектебінде «Ақтөбе үміттері» атты жүзуден республикалық ашық біріншілік өтті. Есет батыр Көкіұлының 350 жылдығына ұйымдастырылған бұл жарысқа Астана, Атырау, Шымкент және Екібастұз қалаларынан жас спортшылар келді. Сонымен қатар, Ақтөбе қаласы мен Хромтау ауданының жасөспірімдері де қатысты.

Үш күнге созылған турнирде 2006-2009 жылдары туған ер балалар мен қыздар өз мүмкіндіктерін байқап, сынға түсті.

Жарыстың ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азат Қазиханов пен облыстың құрметті спорт қайраткері Владимир Кореньков қатысып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

200-ден астам қатысушы жасына қарай баттерфляй, кешенді, шалқалап және эстафеталық жүзуден бақтарын сынады.

«Бұл біздің Ақтөбе қаласына бірінші рет келуіміз. Кіші жастағы командамен қатысудамыз. Өкінішке қарай, қаламызда 50 метрлік бассейн жоқ. Дегенмен балалар жақсы нәтиже көрсетті. Жарысқа 4 баланы алып келген болатынбыз. Келешекте аталмыш турнирдің жыл сайын өткізілетіндігі атап өтілді. Сондықтан келесі жылы командамыз толық құраммен қатысады. Кіші жастағы балаларды бұл  сайыс жүзумен айналысуға, жаңа жеңістерге жетуге ынталандырады», — деп жарыс туралы өз ойымен бөлісті Екібастұз қаласының жоғары дәрежелі жаттықтырушысы Наталья Сафронова.

Ал 18 қатысушымен келген Астана командасының жаттықтырушысы Ерлан Байбуликов болса: «Турнир жоғары дәрежеде өтті. Біздің топта жеңіліс те, жеңіс те болды. Бірақ жас спортшыларым дайындық кезіндегі көрсеткіштерінен де жақсы нәтиже көрсетуде. Бұл балалардың басқа қалаға алғаш шығуы, осыған дейін тек Астана қаласындағы жарыстарға қатысты. Сондықтан бізді жылышыраймен қарсы алған ақтөбеліктерге рақмет!», — деп алғысын айтты.

Жеңімпаздар диплом мен медальдармен марапатталды. Аталмыш шара енді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болады. Мамандардың айтуынша, жасөспірімдер арасында су спортына қызығушылық, жалпы салауатты өмір салтын қолдаушылардың қатары артып келеді.

Қалдыгүл ШАЙМЕРДЕНОВА,

Ақтөбе қаласы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button