Ауыл

Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз

Акция

«Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі». Бұл — ақтөбелік жастардың бастамасы. Сәуірдің 26-сында басталатын акция тамызға дейін созылады.

Кеше  аталған акцияны қолдау мақсатында «ТрансМостГрупп ЖШС», «Компания-Емшан» ЗТБ және «Строй деталь» ЖШС ұжымдарында жиын өтті. Өткізілген шараларға ұжым қызметкерлері мен «Нұр Отан» ХДП АОФ, «Нұр Отан» ХДП АОФ «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері қатысты.

«ТрансМостГрупп» ЖШС бас директоры Төлеген Таңатаров жастар бастамасын қолдайтындығын, құрылыс жұмыстарына кем дегенде 30 жасты тартатындығын жеткізді.

Ауылды гүлдендіруге бағытталған бұл игі шараны елімізде бірінші болып біздің Ақтөбе облысының жастары қолға алып отыр. Бұл —  басқа өңірдің жастарына үлгі-өнеге боларлық бастама. Біздің ұжым бұл акцияны қуана құптайды, — деді Төлеген Таңатаров.

Облыстағы әлеуметтік жобаларды, тапсырыстарды орындауда көш басындағы мекеме басшысы былтыр ғана Елбасының қолынан «Парыз»  сыйлығын алды. Кәсіпкер Қобда ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылын гүлдендіру үшін  өз есебінен 270 миллион теңге қаржы бөліп, мектеп пен тұрғын үй салған.

Ал «Компания-Емшан» ЗТБ президенті Мейіржан Өндіргенов ауылды көркейту үшін компания ұжымы 500 000 теңге көлемінде қаражат бөлетіндігін айтты.

Ауыл мен қаланың көркеюі, жасыл желекке орануы — жарқын болашақтың кепілі. Ауылға көңіл бөлу — осы елдегі барлық тұрғындардың міндеті. Сондықтан алтын бесік — ауылды көркейту біздің парызымыз, — деді М.Өндіргенов.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Серік Қожымов жұмысқа тартылатын жастарды көгалдандыру бойынша көп жұмыс күтіп тұрғандығын айтады. Мәселен, облыстағы 7 бірдей орман шаруашылығын жаңарту қажет. Яғни, ондағы 160 гектардың шамасындағы қара ағаштар қырқылып, олардың орнына шырша мен қарағай отырғызылуы тиіс.

«Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» акциясына мектеп оқушылары да тартылады деп жоспарланып отыр. Яғни,  8-11 сыныпта оқитын балалар да атсалысып, еңбегіне байланысты жалақы алады. Сонымен қатар жоғары, арнаулы орта оқу орындарында дәріс алып жатқан жастар да үлес қосады. 146 командалық пункт құрылып, 300 отряд жасақталады деп жоспарланып отыр. Жалпы, акция барысында 50 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылады. Олар өздерінің туған ауылдарына барып, ондағы көшелерді ретке келтіріп, өзен-көлдердің айналасын тазалап, көгалдандырады. Осы мақсатқа 1 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр. Студенттер мен оқушылардың еңбекақылары 25 мың теңгеден кем болмайды екен.

Айта кету керек, белсенді еңбек еткен жастарға 50 жеңіл автокөлік, 1 мың дана ноутбук беріледі.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Мен М. Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінің 9 «В» класс оқушысымын. Аты-жөнім Торғаева Мадина. Біздің мектеп бойынша осы марафонға 450 оқушы тартылды. Соның 200-і өз жұмыстарын қарқынды жасап, ауылдың гүлденуіне белсене атсалысты. Жұмыс барысында күніне 40-50 қап қоқыс шығарылып отырды. Оқушылардың барлығы да құрал-жабдықтармен және арнайы киіммен қамтамасыз етілді. Менің өзіме жұмыс қызықты өтті. Айналадағы тұрғындар алғысын білдіріп, әрі қарай осындай тазалықты сақтайтындықтарын айтты. Бұл марафонды ұйымдастырған Ақтөбе облысының әкімшілігіне алғысым шексіз. Класс жетекшім Баймаханова Разия апайға, директорымыз К. Т. Игисеновке басымды ием. Келер ұрпақтың үлгілі де өнегелі, тәрбиелі болып өсуіне, сонымен қатар, ауылдың өркендеуіне үлес қосуына септігін тигізген бұл марафонның алға қойған мақсаты әлі де өрби түседі деген үміттемін.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button