Басты жаңалықтар

«Ақтөбе-Атырау» автожолы жаңартылады

Сәрсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев «Ақтөбе-Атырау» автожолын қалпына келтіру жұмыстарының басталуына арналған салтанатты шараға қатысты. Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүргізілетін жоба толықтай 2020 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Соңғы рет осыдан 50 жыл бұрын жөнделген «Ақтөбе-Атырау» автожолының 500 шақырымы жаңартылмақ. Қатынайтын көліктің нөпірі көп болғандықтан арадағы жолдың әбден тозығы жеткен. Мамандар Ресей Федерациясының Астрахань, Орталық Азия және Парсы шығанағы елдеріне шығатын Ақтөбеден Атырау мен Маңғыстауға дейінгі бағыттардың жолдарын қосып, Қазақстан, Қытай, Ресей және Батыс Еуропа арасындағы тауарлар транзиті мен жолаушылар легіне, сондай-ақ, өңірдегі сауда мен жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік беретін жолдың маңызы зор екенін айтады. Бұл жұмысқа 2 мыңға тарта адам тартылмақ.

— Жолдың адам үшін қандай маңызы барын бәріміз жақсы білеміз. Жол арқылы экономиканың басқа салалары да дамиды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бағытта берген тапсырмасына сәйкес, Үкімет үлкен жобаларды жүзеге асырып жатыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы Қазақстанның барлық облыс орталықтарын Астананың жолымен қосу жұмыстары іске асырылып келеді. Қазіргі таңда сол жоспардың 90 пайызға жуығы орындалды деп айтуға болады. Ең бастысы, сол жолдар арқылы транзиттік көліктерге жақсы жағдай жасалады, Еуропа мен Азия арасындағы қарым-қатынас жақсарады.

Мына жол 50 жыл жөндеу көрмеген. Бұл арадағы байланысты одан сайын нығайтуға сеп болады. Одан кейін Үкіметтің көмегімен биылдан бері  Ақтөбе мен Орскінің арасындағы жолды жөндеуді бастадық. Осының барлығының арқасында халықтың тұрмысы жақсарады. Тек қана жолшылар емес, басқалар үшін де қосымша жұмыс орындары ашылады. Мердігерлермен келіскеніміздей, негізгі жұмыс күші Ақтөбеден болады, құрылыс материалы осы жақтан алынады, тиісінше түсетін салық та Ақтөбеде қалады.

Тілейтініміз — ел мен елді байланыстар жолдар көп болсын! Мемлекетіміздің абыройы, жағдайы жақсара берсін. Бүгін — біз үшін ерекше күн, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ал ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев Елбасының тапсырмасы бойынша жөнделіп жатқан жұмыстардың берері мол екенін, осы арқылы көршілес елдерге шығу мүмкіндігі анағұрлым жақсаратынын атап өтті.

Салтанатты шараға, сондай-ақ, «ҚазАвтожол ҰК»АҚ, кореялық «Донгсунг», италиялық «Тодини Конструциони Дженерали С.п.А.», әзірбайжандық «СПИК Аккорд», түркиялық «Ташиапи Иншаат», т.б. мердігер компаниялардың басшылары қатысып, жылы лебізін білдірді. Артынша ауыл ақсақалы жиналғандарға батасын берді.

Айта кетейік, қалпына келтірілуі тиіс 455 шақырым «Ақтөбе-Атырау» автожолының 156 шақырымдық «Ақтөбе-Қандыағаш» бөлігі бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп, 215 миллион АҚШ доллары көлемінде Ислам даму банкімен қарыз туралы келісімге қол қойылды, «Қандыағаш-Мақат» жол бөлігі бойынша 240,3 миллион АҚШ доллары көлемінде Азия даму банкімен қарыз келісіміне қол қойылып, ратификацияланды. Сондай-ақ, ұзындығы 299 шақырым болатын жеті жол бөлігінің құрылыс жұмыстарымен айналысатын мердігер ұйымдар анықталып, олармен келісім-шарт жасалды. Жалпы, жобаны жүзеге асыруға Италия, Әзірбайжан, Түркиядан осы салада үлкен тәжірибесі бар шетелдік компаниялар жұмылдырылған.

Бүгінгі таңда жолдың аталған бөлігіндегі қозғалыс қарқындылығы тәулігіне 2187 автокөлікті құрайды. Барлық жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін күніне 4791 автомобильге дейін қатынай алатын болады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button