Мәдениет

Әселдің «Шашуы»

Төрт жасынан би өнерін меңгеріп, қаршадайында дүниежүзілік  байқаулардың бәйгесін алған, туған жерін әлемге танытқан, ҚР Президенті оркестрінің бас бишісі  Әсел Әлібекова жерлестеріне «Шашу» атты би кешін ұсынды. Жастар сарайында өткен бишінің «Шашуы» — Жеңістің 65 жылдығына арналған шашу болды.

Әсел осыдан он шақты жыл бұрын, 11 жасында Ақтөбеде алғашқы шығармашылық кешін өткізген болатын. Ол да «Шашу» деп аталды. Сол кештің өткізілуіне мұрындық болған облыстық «Ақтөбе» газеті мен оның бас редакторы Б.Өтеулиевтің сөзімен айтсақ, 11 жасында шығармашылық кешін өткізген Қазақстанда жалғыз Әсел шығар. «Әселдің әр қадамын, қайдан келе жатқанын, қайда бара жатқанын, қай байқаудан қандай жүлде алғанын жұрт «Ақтөбе» газеті арқылы біліп отырды. Меніңше, Әселдің осындай биікке жеткені — ақтөбеліктердің, бүкіл жұртшылықтың, халықтың тілеулестігінен. Осыдан он жыл бұрынғы алғашқы шығармашылық кештен бері Әсел қызымыздың кәсіби тұрғыда қаншалықты өскендігін көріп қуанып, масаттанып отырмын», — деді Б.Өтеулиев.

Кішкентай Әселіміздің ҚР Президенті оркестрінің бас бишісі болғандығы, әлбетте, оның өскендігі.

Шығармашылық кеште Шара Жиенқұлованың шәкірті, ҚР мәдениет қайраткері Ғ.Нығметжанқызы қойған «Бойжеткен» биі, ҚР Президенті оркестрінің  бас балетмейстері М.Бақтиярқызы қойған испан биі, «Адай» күйіне қойылған би, өзбектің ұлттық «Танобар» және Қытай халық билері, т.б. билер көрсетілді.

Әселдің шашбауын көтеріп келген әншілер Аймұрат Мәжікбаев, Жадыра Арыстанова, Гүлназира Сағынғанова мен «Елес» тобы әннен шашу шашты.

Бишінің шығармашылық кешіне ҚР Президенті оркестрінің бас балетмейстері М.Бақтиярқызы мен осы оркестрдің бас жетекшісі Т.Шуруковтар арнайы келді.

Кеште Әселге бидің әліппесін үйреткен алғашқы ұстазы Гүлнар Байделдинова, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Қ.Ермұқан және Астана қаласындағы Әсел оқыған №22 мектептің ұстаздары сөз сөйледі.

Әсел апасына арнап оның сіңлісі эстрада әншілері Қарақат Әбілдинаның, Маржан Арапбаевалардың шәкірті Бекзат Әлібекова ән шырқады.

М.САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button