ҚұқықӘлеумет

Желілік бөлімнің жедел жұмысы

Қазақстан Республикасы ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментіне қарасты Ақтөбе стансасындағы ішкі істер желілік бөлімі  Жайсаң стансасынан Ақкемер стансасына дейін ұзындығы 194 шақырымды алып жатқан жол теліміне қызмет етеді.

Қызмет ету аймағында 12 станция, 8 разъезд орналасқан. Сондай-ақ 3 вокзал және бір халықаралық әуежай бар.

Бүгінгі күні ішкі істер органдары жүйесінде жедел қызмет саласы басымдыққа ие. Бұл қызмет жұмысының нәтижесі барлық қызметтің жұмысына өз септігін тигізеді. Кез келген қылмыс пен қылмыстық әрекеттердің ашылуы жетекшілік ететін басшының кәсіби біліктілігіне, қарамағындағы ұжыммен ынтымақтастықта жұмыс істеуіне байланысты. Көпке үлгі боп жүрген Ақтөбе стансасы ішкі істер желілік бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Нұртас Сүндетовтің бұл салаға қосқан үлесі зор.

Полиция полковнигі — Темір ауданының перзенті.  Ол Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітіріп, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер қатарына алынып, Таразда №5513 полиция бөлімінде әскери борышын өтеген. Ол 2000 жылдан бастап көліктегі Батыс ішкі істер департаментіне қарасты Ақтөбе стансасы ішкі істер желілік бөліміне қызметке орналасып, бүгінге дейін осы бөлімде еңбек етіп келеді.

Нұртас Сүндетов өзінің өмір жолында қызметтің қыр-сырын үйреткен тәлімгер ұстаздарын ешқашан жадынан шығарған емес. Олардың қатарында отставкадағы подполковник А.Нетжанов, отставкадағы майор Б.Баймұратов, Қандыағаш стансасы ішкі істер желілік бөлімінің бастығы, полиция полковнигі С.Сәрсенов, облыстық ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі К.Ардемгенов және Ақтөбе стансасы ішкі істер желілік бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Е.Есалиндер бар.

Бүгінде ел экономикасының қарыштап дамуы теміржол көлігіндегі жүк тасымалымен байланысты. Ал көлік полициясының негізгі міндеттерінің бірі — қозғалмалы құрамдағы жүктердің ұрлануына жол бермеу.

Бүгінге дейін бұл саладағы қызметкерлермен жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ұрлықтың алдын алу мақсатында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, өткен жылдың 17 тамызында жедел-іздестіру шараларын өткізу барысында «А» есімді азамат ұсталды.

Ол жалған құжаттар арқылы жүк вагонынан салмағы 20 тонна, құны 8 миллион теңге тұратын өрік жемісін ұрлаған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, шығын есебі қайтарылып, кінәлі адам тиісті жазасын алды.

Ал биыл жыл басынан бері криминалдық полиция бөлімінде 103 қылмыс тіркелген,

оның 62-сі ашылған. Сондай-ақ биыл 17 наурызда жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде Ақтөбе қаласының 39 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол жолаушылар пойызында Алматы станциясына дейін жол жүру кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғынын алдап, оны «Тенгиз Шевройл» компаниясына жұмысқа тұрғызуға уәде беріп, одан және

оның 12 туысынан 800 мың теңге көлемінде ақшаны заңсыз иемденген. Бір қызығы,  жәбірленушілер қаржыны өздері жолдап отырған.

Сонымен қатар, биылғы жылдың 2 мамырында жергілікті сағат 11.30-да Ақтөбе стансасы

Ішкі істер желілік бөлімінің кезекші бөліміне телефон хабарламасы келіп түседі. Аталған

хабарламада Ақтөбе дистанциясы жолдары тұсында бет-әлпеті азиаттық, 35-40 жас

аралығындағы зорлық белгілермен өлтірілген ер адамның мәйіті табылғаны туралы айтылады. Тексеру барысында «Адис папилон» базасында саусақ іздері арқылы мәйіттің жеке басы анықталып, әлгі адам Батыс Қазақстан облысының 41 жастағы тұрғыны екені расталды.

Жедел іздестіру шаралары кезінде көлік сақшылары өлген адамның кешкілік белгісіз адамдармен алкогольдік ішімдік ішіп, олардың арасында төбелес болғандығын анықтады. Тыңғылықты іздестіру шараларын өткізу нәтижесінде бұрын сотты болған «К» есімді күдікті анықталды. Ол қылмыс жасағаннан кейін оқиға болған жерден ізін суытқан. Аталған дерек бойынша сол сәтте аумақтық ішкі істер органдарының патрульдік жасақтары жұмылдырылып, «қылмысқа қатысы бар күдіктінің жүруі мүмкін» деген жерлері жіті тексеріледі. Жүргізілген шаралардың нәтижесінде бірнеше сағаттың ішінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жұмыстары аяқталысымен қылмыстық іс сотқа жолданып, кінәлі адам тиісті жазасын алды.

Желілік бөлім алда да қылмыстарды жедел анықтау жөніндегі шараларды жалғастыра береді.

Е.НҰРЛАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button