Ауыл

Канадалық технология көп өнім береді

Қарғалы ауданында егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың бірі — «Дилэнд» ЖШС биыл 6 мың гектарға бидай, 1300 гектарға арпа, сондай-ақ зығыр, ноқат, тағы басқа дақылдар еккен.

Күздің басында серіктестік бидайдың әр гектарынан 13,6 центнер, арпаның әр гектарынан 10-11 центнер, зығырдың әр гектарынан 9 центнер, ноқаттан 10 центнер өнім алыпты.

Серіктестік басшысы Қайрат Байтүліктің айтуынша, шаруашылық жоғары протеинді 1-2 класты бидай мен жоғары сұрыпты арпа егеді. Олар жинаған өнімді Иран мен Түркияға экспорттайды.

  • Біздің облыста зығыр өсіретін шаруашылық жоқтың қасы. Біз осыдан төрт жыл бұрын зығыр өсіруді қолға алдық. Биыл зығырдың әр гектарынан 9 центнер өнім алдық. Сондай-ақ биыл алғаш рет бұршақ тұқымдасты ноқат дақылын ектік. Бүгінгі күні біздің серіктестік қарамағында 30-ға жуық адам жұмыс жасайды. Техникаларымыздың барлығы жаңа. Аудан аумағында 8 мың гектарға жуық жеріміз бар, — дейді Қ.Байтүлік.

2009 жылы құрылған серіктестік 2011 жылы канадалық мамандардың көмегіне жүгініп, егін егуде заманауи технологияларды пайдалануды бастаған. Соның нәтижесінде шаруашылық екі-үш жылда мол өнім алыпты. Қазір серіктестікте 30-ға жуық техника бар.

—  Канаданың климаты мен территориясы Қазақстанмен ұқсас келеді. Біз канадалық техникалар мен жабдықтар Қазақстандағы егіс алқабының аумағына, тұқым себу, басқа да жұмыстарына өте тиімді, қолайлы және жарамды. Сондықтан канадалық мамандармен тәжірибе алмаса отырып, жыл сайын мол өнім алу үшін жаңа, заманауи технологияларды пайдаланып жатырмыз. Болашақта органикалық ауылшаруашылық өнімдерін өсіру жоспарда бар, — дейді Қ.Байтүлік.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл күзгі жиын-терін ауа райының қолайлылығына байланысты 25 қыркүйекте аяқталған.

Аудан бойынша биылғы жылы 91 162 гектардан егін жиналған. Астықтың түсімділігі — әр гектарына 13,8 центнер. Қамбаға түскен астықтың мөлшері — 125 457 тонна. Атап айтсақ, биыл аудан бойынша 67 187 гектарға бидай, 22 034 гектарға арпа, 1 226 гектарға тары, 1000 гектарға картоп, 508,0 гектарға көкөніс егілген.

Мамандардың айтуынша, биыл бидайдың әр гектарынан 13,4, арпаның әр гектарынан 15,5, тарының әр гектарынан 7,2, картоптың әр гектарынан 176,4 центнер өнім алынған. Сондай-ақ 9025 тонна көкөніс жиналған.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button