Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Алға ауданының күні өтті

 «Туған жерім — нұрлы елім»

«Туған жерім — нұрлы елім» акциясы аясында Ақтөбе қаласында Алға ауданының күндері өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, қатысты.

Таза өнім, арзан баға

Алға ауданының күндері ауылшаруашылық жәрмеңкесінен басталды. «Табыс» коммуналдық базарында өткен жәрмеңкеге облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин келіп, алғалықтар әкелген ауылшаруашылық өнімдерін көріп, шаруалармен тілдесті.

Аталған жәрмеңкеге Алға ауданының шаруалары 1 тонна 800 келі сиыр етін, 500 келі жылқы етін, 500 келі қой етін, сондай-ақ 500 литр сүт өнімдерін, 500-600 келі құс етін, 1 тонна 500 келі шошқа етін, 7 тонна бау-бақша өнімдерін әкеліпті. Жәрмеңкедегі тауарлар қаланың дүкен-базарларындағы бағалармен салыстырғанда 10-15 пайызға арзан бағамен ұсынылды.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Мусиннің айтуынша, жәрмеңкеде 20-ға жуық шаруа қожалығы өз өнімдерін сатылымға қойған.

— Бүгінгі күні Алға ауданында 270-тен астам шаруа қожалығы, 21 өндірістік кооператив бар. Бүгінгі күні ауданда «Қарақұдық», «Арсен», «Ықылас», «Елек» сияқты кооперативтер ет, сүт бағытында жұмыс жасап жатыр. Биыл ауданда егін де жақсы шықты. Дәнді дақылдардан әр гектардан 10,1 центнер өнім алдық. Қазір майлы дақылдардан сорго, күнбағысты әлі жинап жатырмыз. 2500 гектар суармалы жеріміз бар. Биыл бақша өнімдерінен де мол өнім жинадық, —  дейді Қ.Мусин.

Жәрмеңкеге өз өнімдерін әкелген шаруашылықтардың бірі — қарағаштық «Арсен» өндірістік кооперативі. Шаруашылық басшысы Асылбек Нұргелдиннің айтуынша,

кооператив құрамында 500-ге жуық ірі қара, 30 жылқы, 200-ге жуық қой бар.

  • Жәрмеңкеге 1 тоннаға жуық сиыр етін әкелдік. Келісін 1150 теңгеден сатып жатырмыз. Бағасы қаладағы базарлардың бағасынан 10 пайызға төмен. Қала тұрғындары ауылдың етін таласып алып жатыр, — дейді ол.

Ал «Сәңкібай» шаруа қожалығы жәрмеңкеге 30 литр қымыз, 20 литр сүт, 10 литр қаймақ, 5-6 келі құрт, 3-4 келі ірімшік әкеліпті. Ауылдың дәмін қала тұрғындары кезекке тұрып алып жатты. Әсіресе, қаймақ, құрт, ірімшікке таласқандардың саны көп болды.

  • Қала халқы үшін ауылдың дәмі таңсық. Сондықтан осындай жәрмеңкелер ұйымдастырылса, міндетті түрде келіп немерелерімен қаймақ, құрт, ірімшік аламын. Ауылдың өнімдері таза, табиғи, денсаулыққа пайдалы, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Қаламқас Ақжанова.

Бестамақ ауылдық округінің әкімі Қанат Дәулеталиннің айтуынша, ауылшаруашылық жәрмеңкесі қала тұрғындары үшін де, ауданнан келген шаруалар үшін де тиімді.

Жәрмеңкеде шаруалар өз өнімдерін сатуға мүмкіндік алса, қала халқы ауылдың дәмін арзан бағаға сатып ала алады. Сондықтан мұндай шаралардың қала халқына да, ауылдағы шаруалар үшін де пайдасы зор.

Бүгінгі жәрмеңкеге біздің округтен 8 шаруашылық келіп, өз өнімдерін сатып жатыр. Қазір Бестамақ ауылдық округінде 39 шаруа қожалығы бар. Оның 11-і бау-бақша өсірсе, қалғаны мал шаруашылығымен айналысады. Өткен жылдың аяғында округте «Қолғанат» өндірістік кооперативі құрылып, бүгінде мал бордақылаумен айналысып жатыр. Мемлекеттен жер алып, мал ұстайтын баз салып, несие алып, құрылыстар жүргізіп жатыр. Қазір оның құрамында 19 мүше бар, — дейді ол.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Бестамақ ауылдық округінде 3965 тұрғын бар.

Ал Қарағаш ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Гүлайым Ертазинаның айтуынша,

бүгінде округте 72 шаруа қожалығы бар. Оның 29-ы мал шаруашылығымен, 15-і егін шаруашылығымен, қалғаны мал азығын дайындаумен айналысады.

Бүгінгі күні округте «Ықылас», «Арсен» өндірістік кооперативтері қарқынды жұмыстар жүргізуде. Жәрмеңкеге «Ықылас» өндірістік кооперативі 50 келі жарма, 50 келі тары, 50 литр айран, 30 келі сары май, 50 литр қаймақ, сондай-ақ сүзбе, құрт, ірімшік әкеліп отыр.Бұл кооператив өткен жылы құрылды. Кооператив басшысы — «Талғат» шаруа қожалығының иесі Асхат Жолмағанбетов. Ол өзінің қожалығын дамыта отырып, үлкен кооператив құрды. Қазір кооператив өз өнімдерін әр сенбі, жексенбі сайын Алға ауданының орталығында ұйымдастырылатын жәрмеңкеде сатады, — дейді Г.Ертазина.

Көше тұрғындары марапатталды, көрмелер жасақталды

Алға ауданының күндері аясында Ақтөбе қаласындағы Есет батыр көшесіндегі «Мәңгілік алау» ескерткіші алдында «Ел қорғаған ер Есет» атты көше мерекесі өтті.

Шара «Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Бұдан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарға жылы лебізін білдірді.

Өздеріңіз білесіздер, Алғадан шыққан белгілі азаматтар көп. Оның ішінде біздің пір тұтатынымыз — Есет батыр. Бүгін, міне, Есет батыр көшесінде Алға ауданының ұйымдастыруымен көше мерекесі өтіп жатыр. Мұндағы мақсат — осы көшеде тұратын тұрғындарға батыр туралы, оның еліміз үшін еткен ерлігі мен еңбегін насихаттау, ұлықтау. Бұл қазіргі ұрпаққа ғана емес, болашақ ұрпаққа да қажет.

Бүгінгі күні Елбасының тапсырмасымен елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген шаралар өтіп жатыр. Жуырда облысымызда «Туған жер» республикалық форумын өткіздік. Оны әркім өзінің кіндік қаны тамған жерін ұмытпасын, туған жерге келіп, ұрпақтарына осы жердің өздеріне қандай дем, қуат, күш бергенін түсіндірсін деген мақсатпен ұйымдастырдық.

Мемлекет басшысы облысымызға келгенде Ақтөбенің қандай орны бар екенін, Ақтөбенің қандай болашағы бар екенін айтып кетті. Егер біз қоғам болып, билік болып бірге жұмыс жасасақ, Ақтөбе жақсы дамиды. Сондықтан бүгінгі мереке құтты болсын! Облыс басшылығы атынан сіздерге денсаулық, амандық, тыныштық, отбасыларыңызға құт-береке тілеймін, — деді Б.Сапарбаев.

Шарада Алға ауданы әкімінің міндетін атқарушы Гүлназ Сисенова Есет батыр көшесінің тұрғындарын номинациялар бойынша марапаттап, сертификат табыстады. Атап айтсақ, «Көшенің ең жас тұрғыны» номинациясын 30 қыркүйекте дүниеге келген Әбдісаттар Ханкелдінің ата-анасы Нұркелді, Айжан Бақтыбаевтар, «Көшенің ең жас отбасы» номинациясын Абат, Алтынай Жарылқасыновтар, «Көшенің ең қарт тұрғыны» номинациясын 96 жастағы қария Құрманғали Игисенов, «Көшенің ең көп балалы отбасы» номинациясын Саржан Медетова, «Алтын той иелері» номинациясын Хабибулла, Несібелі Шардаковтар иеленді.

Сондай-ақ Гүлназ Сисенова акция аясында демеушілік көрсеткен бір топ кәсіпкерге Алғыс хат табыс етті.

Шарада аудан өнерпаздары өнер көрсетіп, патриоттық әндер орындады.

Көше мерекесінде Алға аудандық кітапханасы, І.Мәмбетов атындағы балалар кітапханасы, сондай-ақ Алға аудандық тарихи-өлкетану мұражайы көрме ұйымдастырды.

Алға аудандық кітапханасының қызметкері Гүлнұр Бекенованың айтуынша, бүгінгі күні

аудандық кітапханада 80 мыңға жуық, балалар кітапханасында 50 мыңға жуық кітап қоры бар.

—  Бүгінгі көрмеге батырымыз Есет Көкіұлы туралы, жырау, термеші Әбубәкір Кердері мен ақынымыз Ізтай Мәмбетовке арналған кітаптар, баспасөз материалдарын әкеліп тұрмыз. Ондағы мақсат — оқырмандарға Алға өңірінен шыққан тұлғаларды таныстыру, олардың еңбектері мен жеткен жетістіктерін насихаттау, — дейді Г.Бекенова.

Көше мерекесінде Алға аудандық мұражайының экскурсоводы Қаламқас Ұзақбаева қала тұрғындарына этнографиялық көрмені таныстырып, Есет батыр туралы мағлұматтар айтып берді.

  • Биыл ауданымызда Есет батырдың 350 жылдығы атап өтіледі. Осыдан 25 жыл бұрын 1992 жылы батыр бабамыздың 325 жылдығы республика көлемінде тойланды. Бүгінгі көрмеге сол жылы Бестамақта өткен үлкен іс-шарада түсірілген суреттерді әкеліп отырмыз. Есет батыр туралы көп зерттеген адам тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Зәкраддин Байдосов.

Сондай-ақ көрмеге кезінде батырлар қолданған бес қаруды, атап айтсақ, найза, жебе, садақ, шоқпар, қылыш, аң терілері, ат әбзелдері, торсықтар, кесеқап қойылып отыр, — дейді Қ.Ұзақбаева.

6 Отбасыға сертификат тапсырылды

Алға ауданының күндеріне арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар кешкілік ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық демалыс саябағында жалғасты.

Саябақ алаңына ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылды. Жерге киіз жайылып, ауылдың әжелері ортада ұршық иіріп, диірмен тартты. Қала тұрғындарына ауылдың дәмі ұсынылып, ортада өзге ұлттың өкілдері би билеп, ән салды.

Шараға арнайы келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев саябақ алаңында орналасқан көрме-жәрмеңкені аралап, ауданнан келген өзге ұлт өкілдерінің жасаған тағамдарынан дәм татты.

Мерекелік шара аудан өнерпаздары композициялық қойылымынан басталды.

Бұдан кейін театр актерлері Тәуке хан мен Есет батырдың бейнесін сомдап, ортада көрініс қойылды.

Шарада Алға ауданында биылғы жылы атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктері туралы бейнеролик көрсетілді.

Бұдан кейін сахнаға Алға ауданы әкімінің міндетін атқарушы Гүлназ Сисенова шығып, биыл көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен 6 отбасыға тұрмыстық техниканың сертификаттарын табыс етті.

Мерекелік шара облыстық филармония әншілері мен аудан өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.

Жеңіс Қонжарұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

  • Бүгін, міне, Ақтөбеде Алға ауданының күндері өтіп жатыр. Осы шараға арнайы Алға қаласынан 12 ақсақал келдік. Бүгінгі күні біздің ардагерлер кеңесінде 70-ге жуық ақсақал бар. Олардың қатарында мүгедек жандар да бар.

Бүгінгі күн — біз үшін ерекше күн. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Туған жерім — нұрлы елім» акциясы аясында бүгін ауданнан келген азаматтар қала халқымен араласып, үлкен шара өткізіп жатыр. Ашық аспан астында, бейбітшілікте осындай өмір сүріп жатқанымыз үшін Елбасына алғысымыз шексіз. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!

Марат Қойлыбаев, Ауған соғысының ардагері:

— Бердібек Машбекұлының бастамасымен қолға алынған акцияның маңыздылығы сол, әр аудан өзінің әр жылдарда жеткен жетістіктерін көрсетіп, қала халқымен ортада қарым-қатынас орнатады. Алға ауданының басқа аудандармен қатар облыстың дамуына қосар үлесі мол. Мен Алға ауданының Амангелді аталатын кішкентай ауылында дүниеге келдім. Сондықтан туған жердің жетістігі, қуанышы — мен үшін үлкен абырой, мақтаныш.

Алға ауданы — батыр Есеттің жері, киелі жер. Биыл батыр бабамыздың 350 жылдығы тойланады. Сондықтан ауданымыз көркейіп, гүлдене берсін деп тілеймін.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button