«Ақтөбе — құтты мекен»Мәдениет

Бақытжан Әбішевтің көрмесі ашылды

«Туған жер» республикалық форумы аясында облыстық өнер музейінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, белгілі мүсінші, жерлесіміз Бақытжан Әбішевтің шағын формалы мүсіндерінің көрмесі ашылды.

Көрменің ашылу салтанатына мүсіншінің зайыбы Шәмшәгүл Меңдиярова, шәкірті Жәдігер Кентай, музей қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.

Шарада музей қызметкерлері жиналғандарға мүсіншінің туындыларын таныстырып, Шәмшәгүл Меңдиярова жиналғандарға жылы лебізін білдіріп, көрмені ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.

Музей қызметкері Іңкәр Әлібекованың айтуынша, көрмеге мүсіншінің қоладан, алюминийден, ағаштан, қыш бұйымдарынан жасалған 23 шағын формалы мүсіні қойылған. Әр мүсіннің жанына оның атауы мен жылы жазылған.

— Бақытжан биыл 70 жылдық мерейтойында Ақтөбеге келіп, өз көрмесін ашуды армандап еді. Өкінішке қарай, оған жетпеді, дүниеден озды. Бүгін, міне, Бақытжанның сол аманатын орындайын деп Алматыдан арнайы келіп, форум аясында көрме ұйымдастырып жатырмыз.

Бақытжан Ақтөбеде Әлия Молдағұлованың, Жансен Кереевтің, Құдайберген Жұбановтың, Исатай мен Махамбеттің, Астанада Ататүрік пен Жаяу Мұсаның, Өскеменде Ескен Сергебаев екеуі Абай Құнанбаевтың ескерткіштерін жасады. Ол  тұлпар десе жанын беретін. Сондықтан болар оның туындыларының көбінде жылқының мүсіні көп. Оның әйгілі «Құлагер» туындысының орны бір бөлек. Бұл көрмеге «Құлагерді» әкелген жоқпыз. Қазір оның жұмыстарының бәрі өз шеберханасында тұр, — дейді мүсіншінің зайыбы Ш.Меңдиярова.

Шәмшәгүл Меңдиярова Бақытжан Әбішевпен 38 жыл бірге өмір сүріпті. Отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген.

  • Бүгінде үш немере сүйіп отырмын. Өзім өнер саласында көп жыл еңбек еттім, — дейді Ш.Меңдиярова.

Жәдігер Кенбайдың айтуынша, Бақытжан Әбішев өз өмірінде мүсінші ретінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде өз қолтаңбасын қалдырған.

  • Бүгін, міне, Бақытжан ағамыздың туған жерінде оның көрмесі ашылып отыр. Мен ол кісінің шәкіртімін. Және сол үшін мақтанамын. Ағамыз дүниеден озғанымен, оның артында мол мұрасы қалды. Сондықтан белгілі мүсіншінің есімі ел есінде мәңгі сақталады, — дейді Ж.Кенбай.

Айта кету керек, көрме 20 қазанға дейін жалғасады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button