«Ақтөбе — құтты мекен»Әлеумет

Марал ШЕРАЛИЕВА, Қырғыз Республикасының тұрғыны, байланыс қызметкері:

— Мен кезінде Ақтөбе қаласындағы байланыс техникумында оқығанмын. Өзім туған өңірдің жақсы маманы болсам деп ойлағаным да рас кезінде. Бірақ білімімді одан әрі жетілдіргім келіп, Ташкенттегі байланыс институтына оқуға түстім. Сонда жүріп студенттік күндерді бірге өткізген қырғыздың Асанбек деген азаматымен танысып, шаңырақ құрадық.

Қазіргі уақытта Ыстықкөл облысындағы Қаджысай ауылында байланыс бөлімі меңгерушісімін. Эльмира, Индира атты екі қызымыз бар, олар да мамандықтары бойынша еңбек етуде.

Қырғыз елінде қазақ диаспорасы қауымдастығы жақсы жұмыс істейді. Сол ұйымның басшысы маған Ақтөбе жерінде «Туған жер» форумы өтетінін хабарлап, барып қайтуға ұсыныс жасады. Әрине, туған жерге сиректеу болса да келіп тұратынмын, елде ағайын-туыстар бар дегендей. Бірақ, бұл сапардың ерекше екенін жүрегіммен сезіндім. Ең болмаса жерлестеріммен кездесіп қайтармын деп ойладым.

Ал Ақтөбеге келгеннен кейін алған әсерім мүлде басқаша болды. Мұнда елдегілер алдымыздан шығып, ақ көңілмен күтіп алды. Келгеннен бері халықтың алақанында жүргендейміз. Ақтөбе қаласының жаңаша кейпі тіпті таңғалдырады. Қаншама әсем ғимараттар, халыққа қызмет ету, көңіл көтеру орындары бой көтерген. Қала тұрғындарының да көңіл күйлері ерекше болып көрінді маған.

Туған жердің құдіреті деген ерекше ғой, шіркін. Мен отбасыма, балаларыма, сондағы ағайындарымызға Ақтөбенің жақсы жаңалықтарын, өркенді өзгерістерін жеткізуге асығамын.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button