«Ақтөбе — құтты мекен»Әлеумет

Бұл — туған өлкенің қадірін ұғындырар жоба

Нұрлан ИСАБЕКОВ, ҚР Ішкі істер министрлігі Орталық әскери-дәрігерлік комиссияның төрағасы:

— Ақтөбеде өткелі жатқан «Туған жер» республикалық жерлестер форумына құрметті қонақ ретінде шақырту алғанда, ерекше қуандым. Әрине, елден жырақта жүрген адамға мұндай шақырту керемет көңіл күй сыйлайтыны белгілі. Өз басым Ақтөбені ерекше мақтан тұтамын. Себебі, туған жер, өскен өңірге деген ыстық сезім бізді қашанда еңбекте болсын, өмірде болсын, жігерлендіріп, бойыңа қанат бітіреді. Қайда жүрсем де Ақтөбе туралы бір жаңалықты құлағым шалса, елең ете қаламын. Ақтөбедегі болып жатқан жаңашылдықтарға, оң өзгерістерге әрдайым қуанып отырамын.

Ақтөбенің киелі Ырғыз өлкесінде туып-өстім. Балалық шағым Ырғызда өтті. Нұра орта мектебін тәмамдағаннан соң Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне қабылданып, оқу орнын 1983 жылы бітірдім. Сөйтіп, еңбек жолымды бұрынғы Ақтөбе ауданынан бастадым. Кейін медициналық училищеде оқытушы, денсаулық сақтау басқармасында еңбек етіп, 1997 жылы ішкі істер органына қызметке шақыртылдым.

Осы құрылымға басшылыққа келгелі №44 қаулыға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға өз үлесімді қостым деп есептеймін. Соның бірі — бұрын органға қызметке келетін адам наркологиялық, жүйке аурулары диспансерінен анықтама алатын болса, қазір бұл анықтамалар қан тапсыру арқылы беріледі. Мұның маңызы зор. Бұл — құқық қорғау органдарына қабылданатын қызметкерлердің арасында нашақорлар болмау үшін жасалған қадам. Себебі, құқық қорғау органдарында денсаулығы мықты, елінің қорғаны бола білетін азаматтар ғана еңбек етуі керек.

Әрине, қым-қуыт тірлік, күнделікті жұмыстан шаршаған кезде туған жерге барып, мауқыңды басып, ауылда аунап-қунап қайтқанға не жетсін!

Өз басым жылына бір рет Ақтөбеге барамын. Егер уақытым тығыз болмаса, әрмен қарай Ырғызыма жол тартамын. Себебі, Ырғыздың балығын жемей қайту мүмкін емес. Жерлестер форумына келгенде уақыт тауып Ырғызға барып-қайтқым келеді.

Ақтөбеде ұйымдастырылып жатқан «Туған жер» форумы жер-жердегі жерлестердің басын қосады. Бұл — кім-кімге де туған өлкенің қадірін ұғындырар жоба. Осындай бастаманы жүзеге асырып жатқан Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа алғысым шексіз. Бердібек Машбекұлының бастамасымен Ақтөбеде тың идеялар жүзеге асырылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамыуында ерекше серпін болды. Облыс басшысының мұндай бастамасын қолдаған жерлестерімнің де еңбегі ерекше. Форум аясында өз салам бойынша қызмет етіп жатқан ұжыммен, медицина университеті түлектерімен кездесуге дайынмын.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button