Жаңалықтар

Ауыл әйелдеріне берілген мүмкіндіктер

Семинар

Ақтөбедегі «Сарқыт» мейрамханасында Аналар күніне орай өткен семинар осылай аталды. Былтыр Үкімет қаулысымен еліміздің мереке күндерінің тізбесін толықтырған 12 мамыр — Аналар күні биылалғаш рет аталып өтті.

Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшылығы, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының облыстық филиалы, Amanat партиясыоблыстық филиалыәйелдер қанаты ұйымдастырған семинарға өңіріміздің әр ауданынан келген кәсіпкер әйелдер қатысты.

Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Маржан Қорғанбаева іс-шараның тізгінін қолға алып, бүгінгі семинар нәтижелі жұмыспен қамту мен кәсіпкерлік саласындағы

мемлекеттік саясатты одан әрі іске асыруға, ауыл әйелдерін ынталандыруға,

бизнестің әртүрлі салаларында жұмыс істейтін әйелдердің басын қосатын желі құруға,сондай-ақ тәжірибе мен ақпарат алмасуға бағытталғанын айтты.

Облыс бойынша еңбек мобильділігі орталығының директоры Алтынай Маханова жұмыспен қамту шаралары туралы әңгімелеп, кәсіптік оқу мен қайтарымсыз гранттар туралы тұшымды ақпарат берді.

Түркия еліндегі ауылдық қауымдастығы федерациясының президенті Сермин Чакалыоғлы өз еліндегі әйелдерге арналған үкіметтік емес ұйымдардың дамуы, ауыл кооперативтерінің бүгіні мен болашағы туралы айтты. Көрермен назарына туған ауылы туралы фильм ұсынды. Фильмде туристер көп келетін сарқырама маңындағы ауылда бір үстелден басталған дәмхананың үлкен бизнеске айналғаны, ауыл әйелдерінің бірігуі, олардың еңбекқорлығы мен ауызбіршілігі, дәстүрге беріктігі көрсетілген.

Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі, облыстық мәслихат депутаты, Amanat партиясы облыстық филиалының әйелдер қанатының төрағасы Күлшат Масалимова ауыл әйелдері арасында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бизнес қауымдастығының жұмыс тәжірибесімен бөлісе отырып, жаңадан кәсіп ашқысы келетін аруларға бизнестің қыр-сырын түсіндіріп, жоспарларын іске асыру үшін қандай әрекет жасау керек екенін түсіндірді.

Әйелдер бизнесін дамытуға қолдау көрсететін «Кока-кола белестері-2023 жыл» үздік бизнес-идеялар байқауының жеңімпазы Венера Данабекова әйелдер бизнесін дамытуға арналған гранттарды қалай алуға болатынын айтты. Семинарға ауылдан келген кәсіпкерлердің бірі — ешкі өсіріп, пайдасын көріп отырған Сәния Қоханова.

— Мәртөк ауылында тұрамын. 4 баланың анасымын. 2009 жылы «Бастау-Бизнес» жобасына қатысып, мал сатып алып, кәсіп бастадым. 2020 жылы «Кока-кола белестері» байқауы арқылы грант ұтып алып, қаражатқа ешкі сатып алдым. Ешкі сүтінен түрлі өнімдер жасап отырмын. Ашыған айранды жұрт төгіп тастап, ысырап қылады. Менде бәрі қалдықсыз технология, ағарғанды барынша кәдеге жаратып, түрлі сүт өнімдерін жасаймын. Қазір бес ешкім бар. Сиыр да сауамын. Әзірге ешкі сүті мен оның өнімдері ауылдастарымнан, таныстарымнан артылмай тұр. Сұраныс көп. Еңбек етемін деген адамды қаржылай қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар жетерлік. Тек сәл ізденіп, ақпараттан құр қалмасаң болды, — дейді Мәртөктен келген кәсіпкер Сәния Коханова. Семинар барысында ол қыз-келіншектерге ауылда шағын бизнесті ашу жолдарын айтты.

Семинарға Алға ауданы әкімдігінен келген жас маман Ақжайық Абылаева мұндай форумға алғаш рет қатысып отырғанын айтты.

— Ауыл әйелдеріне берілген мүмкіндік өте зор. Түркиядан келген кәсіпкердің дәрісін тыңдадық, фильмін тамашаладық. Ауылдан келген әйелдер көкейіндегі сұрақтарын еркін қойып жатыр. Семинар диалог алаңына айналды. Кәсіпкер, іскер әйелдердің әңгімесінен жігерленіп отырмын. Бизнеспен айналысуға құштарлығым оянды. Негізі, той көйлектерінің саудасымен айналысқым келеді, соны көптен ойлап жүрмін. Алдағы уақытта бағымды бизнес саласында сынамақ ойым бар. Кәсіп ашуға ынталы жастарға мемлекет тарапынан қолдау көп екен, — дейді Ақжайық Абылаева.

Қарғалы аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық іскер әйелдер қоғамының төрағасы Надежда Заглядова, Мұғалжар ауданы Amanat партиясының төрағасы Роза Мүсенова аудандағы әйелдер кәсібін дамыту бойынша іс-тәжірибелерімен бөлісті. Семинар барысында қатысушылар кондитерлік шеберлік, мейрамхана бизнесі, білім беру орталығы, тігін шеберлігі, салон бизнесі, өңделген ет, фитнес және спорт, SMM маманы, флористика бағыттары бойынша сұрақтарын қойып, ірі кәсіпкерлерден кеңес алды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button