Аналар күніндегі басқосу
Форум
12 мамыр — Аналар күніне орай Темір ауданында «Анаға тағзым» форумы өтті. Іс-шара барысында кимешекті аналардың шеруі ұйымдастырылып, қолөнер көрмесі, отбасылық концерт пен мәдени-танымдық кездесулер болды.
Жақсымай ауылдық клубында өткізілген аудандық аналар форумына Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық аналар кеңесінің төрағасы Рауза Серғалина, әр ауылдағы аналар кеңесінің жетекшілері, көпбалалы әйелдер мен белсенді қыз-келіншектер қатысты.
Ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұралы жиналғандарды еліміздегі жаңа мереке — Аналар күнімен құттықтап, бұл атаулы күннің мән-маңызына тоқталды. Сондай-ақ аудандағы аналар кеңесінің атқарған жұмысы туралы айтты.
Артынша жергілікті аналар кеңесінің мақсат-міндеттері, қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды.Темірлік ақын Ершат Қайболдин аналарға өзінің арнауын жолдады.
— Еліміздің 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі тұжырымдамасында отбасы адам капиталының сапасына әсер ететін маңызды әлеуметтік институт екені айтылған. Шынымен солай, отбасы — ұлттық мәдени кодтың, моральдық ұстанымдардың және дәстүрлердің сақтаушысы. Құрамында аналар бар барлық қоғамдық бірлестіктің жұмысы ұқсас деп ойлаймын: ең басты мәселе —ұрпақты, болашақта еліміздің тізгінін ұстар жас буынды тәрбиелеу. Бұл — үлкен рухани-адамгершілік, мәдени және тәрбиелік мәні бар жұмыс.
Аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты — елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау һәм нығайтуға ықпал ету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға сеп болу. Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауатын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға да атсалысады.
Темір ауданы бойынша 1 аудандық және 9 ауылдық, 1 қалалық аналар кеңесі жұмыс істейді. Кеңес құрамында қоғамдық ұйым өкілдері, білім, мәдениет, спорт, құқық қорғау салаларының қызметкерлері, кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілер бар. Қазіргі таңда аудан бойынша 212 «Алтын алқа», 436 «Күміс алқа», 36 «Батыр Ана»бар, — дейді аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әсемгүл Бақытқызы.
Оның айтуынша, аудандық аналар кеңесі жанынан құрылған «Анаға сый» қоры аз уақыттың ішінде бірқатар игі іске себепкер болып үлгерген. Сонымен қатар өлкеде жоғарыда аталған кеңестің арқасында ерекше балалар тәрбиелеп отырған аналарға арналған«Жігерлі жандар синергиясы» форумы, іскер әйелдердің «Еңбегі жанған арулар» форумы ұйымдастырылып, «Бақытты әйел» қыз-келіншектерді қолдау клубы ашылған. 1 ақпанда құрылған соңғы аталған клуб жас аналарды қолдау мақсатында бірнеше іс-шара өткізіпті.
Форум соңында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері марапатталып, көп бала өсірген аналарға құрмет көрсетілді. Сондай-ақ «Анамның ақ жаулығы аппақ, аппақ» танымдық іс-шара өтіп, соңы мереке иелеріне арналған концертке ұласты.
Ұйымдастырушылар жазға салым ауданның барлық ауылдық округін қамтитын әжелер фестивалі мен кимешекті аналардың шеруін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Айәли АЙБЕК.
Темір ауданы.