Елімізде алғаш рет тойланды
Аналар күні
Биыл елімізде алғаш рет халықаралық «Аналар күні» мерекесі тойланды. Бұл — әлемнің көптеген елдерінде анаға құрмет көрсетіп, оның мейірімі мен қамқорлығы үшін алғыс айту мақсатында өтетін мереке. Жалпы мерекені әлемнің 20 мемлекеті атап өтеді. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Германия, Италия, Бельгия, Дания, Финляндия, Эстония, Түркия, Жапония, Бразилия және Аустралия сынды елдер бар. Мереке мамыр айының екінші жексенбісінде тойланады. Биыл 12 мамырға сәйкес келді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз «Жер-ана», «Отан-ана» ұғымдарымен тығыз байланысты. «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар» деген болатын.
Біздің отбасылық өмірімізде, қоғамдық өмірімізде де ананың рөлі ерекше. Мемлекет тарапынан аналардың денсаулығы мен қоғамдағы маңызын арттыру бағытында түрлі жобалар жасалып, нақты істер қолға алынып жатыр. Мәселен, ауыл балалары мен жастарды тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды жаңғырту мәселесін шешу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының аналар кеңесі жұмыс істейді.
«Аналар күні» мерекесі біздің қаламызда да кеңінен атап өтілді. Мереке күні қалалық жастар ресурстық орталығы мен А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің ұжымы бірлесіп, ашық аспан астында концерт қойды. Яғни концерт «Дирижер» атты камералық оркестрдің сүйемелдеуімен өтті. Триатлон саябағында өткен кеште В.Моцарт, А.Пьяцолла секілді әлем классиктері мен Құрманғазы Сағырбайұлының шығармалары орындалды.
Жалпы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, осы мерекені тойлау барысында биылғы 6 мамыр-12 мамыр аралығында еліміздің барлық өңірінде 600-ден астам түрлі іс-шара өткен.
Кәмшат ҚОПАЕВА.