«Ақтөбенің» шыңы
Облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» газетінің туы Тянь-Шаньдағы Альтус биігі шыңында желбіреді.
Бұл акция «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның облыстағы қазақ тіліндегі тұңғыш басылымның 100 жылдығына арналған іс-шаралары аясында жүзеге асты.
2 мамыр күні сағат 13.40-та шымкенттік нұсқаушы Степан Шифманның жетекшілігімен альпинистер командасы күрделілігі жағынан 2Б категориясына жататын Альтус шыңына көтеріліп, оның ең биігіне медиа-компания мен «Ақтөбе» газетінің туын қадады. Альтус — Батыс Тянь-Шаньдағы Сайрам-Өгем жотасында, теңіз деңгейінен 3 150 метр биіктікте орналасқан.
Шыңды бағындырушылар қатарында — ақтөбеліктер Варвара Диденко, Ибрахим Амангелдиев, Асхат Өтепбергенов, шымкентік Иван Петрусевич және Ресей Федарациясы азаматы, Салават қаласынан Игорь Бекетов бар. Барлық альпинистер ІІІ-ші және одан жоғары спорттық разрядтарға ие.
—Ауа райы бұл күні ашық, жылы болды. Барлығы да жоспарланғандай жүзеге асты: альпинистер базалық лагерьден 6.00-де қозғалып, шың басына 13.40-та шықты. Содан кейін альпинистер лагеріне 18.00-де оралды. Еліміздегі байырғы басылымдардың бірінің мерекесі құрметіне ойластырылған бұл қадам сәтті аяқталды. Мен «Ақтөбе» газетінің журналистеріне шығармашылық жетістіктер тілеймін, басылым бетінен қызықты оқиғалардың, жақсы жаңалықтардың көріне беруіне тілектестік білдіремін, — деп құттықтады нұсқаушы.
Степан Шифманның бұл тілегіне шыңды бағындырушы альпинистер тобы түгелімен қолдау білдірді.
Татьяна ВИНОГРАДОВА,
Ақтөбе-Шымкент-Ақтөбе.
Редакциядан:
Ақтөбелік альпинизм және шыңды бағындырушылар федерациясы мүшелерінің альпинизм бойынша республикалық біліктілік сайысына қатысуы туралы мақаланы газеттің алдағы сандарының бірінен оқисыздар.