Спорт

Жетінші жеңіс жетінші орынға шығарды

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Тобыл» — 1:0

30-турдың алдын ала өткізілген үш кездесуінің бірі «Қайрат» пен «Ақжайық» тәрізді «Ақтөбеге» де табыс әкелді. Жалпы соңғы бес турдың үшеуін жеңіспен, екеуін тең есеппен аяқтаған жерлестеріміз турнир кестесінде жетінші орынға көтерілді.

Сырт алаңда сыр бермеуге тырысқан «Тобылдың» футболшылары ойынның алғашқы минуттарынан бастап-ақ ақтөбеліктерді алаңның өздеріне тиесілі бөлігіне жолатпаудың қамын жасап бақты. Дегенмен алаң иелері бұл тәсілге ерік бере қоймады. Әсіресе, бірінші таймның екінші бөлігінде жүйесіз қорғанған қонақтардың қақпасына шүйілу жиілей түсті. Дегенмен Игорь Зеньковичтің баспен соққан добы қақпадан асып түссе, Бағдат Қайыровтың соққысы да нысанадан аулақ кетті. Осылайша гол соғу мәселесі тайм аяқталар тұста ғана шешілді. 44-минутта қарсыластар қақпасының алды қарбалас болды да қалды. Душан Савич баспен соққан допты қақпашы Дмитрий Непогодов шалт қайтарғанымен, сол маңға жетіп келген Джозеф Нейн екінші қайтара соққы жасап, жібек торды дір еткізді — 1:0.

Екінші таймда «Тобылдың» бас бапкері алаңға кезекпен жаңадан үш футболшыны шығарып, ойын өрнегін өзгертуге тырысты. Бірақ алаң иелері дес бере қоймады. Тіпті есепті еселей түсудің де мүмкіндіктері болды. Игорь Зенькович пен Душан Савич қолайлы сәттерді тиімді пайдалана алмай қалды. Оның үстіне, расы керек, ақтөбеліктер қорғанысты да ұмытпауы тиіс болды. Сондай қорғаныстардың бірінде тобылдық Жасұлан Молдақараев «Ақтөбенің» айып алаңында өтірік құлап түскені үшін екінші рет ескерту қағазын алып, жасыл алаңнан қуылды. Бұдан соң қонақтардың әбден мысы басылып қалды.

Осылайша «Ақтөбе» ең қажетті үш ұпайға қол жеткізді.

Бұл кездесуде «Ақтөбе» алаңға төмендегі құрамда шықты: Самат Отарбаев, Берік Айтбаев, Олександр Воловик, Бағдат Қайыров, Кристиан Колчак, Руслан Валиуллин, Джозеф Нейн, Слободан Симович, Игорь Зенькович, Муарем Муарем. Душан Савич. Екінші таймда Марко Обрадович, Жереми Фог-Порре, Антон Шурыгин үш ойыншыны алмастырды.

«Ақтөбе»-«Тобыл» — 1:0

Гол авторы: Джозеф Нейн, 44-минут (1:0)

20 қыркүйек 2017 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион.

Басқа екі ойынның нәтижелері:

«Ақжайық»-«Атырау» — 1:0

«Қайрат»-«Ордабасы» — 5:1

Чемпионат басталғалы«Ақтөбе» 28 кездесу өткізіп, 7 рет ұтты, 8 рет тең ойнады, 13 ойында жеңіліп қалды. 33 гол соғып, өз қақпасына 40 доп жіберіп алды. Ұпай саны — 29.

Біздің мергендеріміз:

Игорь Зенькович — 9 доп (2 допты пенальтиден соқты);

Душан Савич — 3;

Юри Мамуте — 3;

Бауыржан Байтана — 2;

Кирилл Шестаков — 2;

Марко Обрадович — 2;

Руслан Валиуллин — 2;

Томаш Шимкович — 2;

Джозеф Нейн — 2;

Жуниньо — 1;

Кассиано — 1;

Витор Жуниор —1.

(Үш допты қарсыластарымыз өз қақпаларына өздері соғып алды: Д.Чертов, «Оқжетпес»; С.Граховац, «Астана»; Б.Шадманов, «Тараз»).

28-турда «Ақтөбе» өз алаңымызда ойнайды. 24 қыркүйек, жексенбі күні Қызылорданың «Қайсарын» қабылдайтынын еске саламыз.

Ертай АШЫҚБАЕВ. 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button