Мәдениет

Ер Дәуіт пен Ербөлек

16-17 қыркүйекте Алматы қаласында Дәуіт Асауұлының 230 жылдық  мерейтойы атап өтілмек.

Біз осы шараның алдында қаламгер Жақсылық Айжанұлының «Асау ұлы Дәуіт дәуірі» атты кітабынан үзінді ұсынып отырмыз.

Тағдырлас тұлғалар

Барақ пен оның ұлы Асау батырдың ерліктері Тілеумағамбет Аманжолұлының «Асау-Барақ» атты жырында баяндалғаны мәлім. Ал Асаудың ұлы Дәуіт туралы көп айтылмай келеді.

… ХІХ ғасырдың 1838 жылынан бастап Есет Көтібарұлы қарамағындағы елді бастап, патшаның өкіметінің озбырлығына қарсы шықты. Оған Жоламан батыр бастаған сарбаздар қатысты. Патша бекіністеріне, атап айтқанда, Елек қорғанына шабуыл жасады. Одан кейін Қоқан, Хиуа хандықтарына қарсы күрес жүргізді. Бұл жылдары Дәуіт күресті іштей қолдағанымен, белгілі бір себептерге байланысты ашық көмектесе алмаған.

1855 жылдан бастап Есет пен Дәуіт тізе қосып, бірге жүрген.

Екеуінің достығы туралы Ғалым Ахмедов, Құрал Тоқмырзин және Тауман Төрехановтың кітаптарында жазылған.  Есет те, Дәуіт те Хиуаға қарсы күрес жүргізген. Қос батырдың бірлігі хандықты қазақпен санасуға мәжбүр еткен.  Мысалы «Ер Дәуіт және үш батыр» атты жырда түрікпендердің тұтқиыл шабуылынан запы болған Хиуа ханының Дәуіттен көмек сұрайтындығы  баяндалған…

Ел ертеңін ойлаған Есет пен  Дәуіт Ресей мен Хиуа хандығы ортасында өз саясатын жүргізген. Ресей қысып бара жатқанда Хиуа ханына Әзберген мен Қарағұл батырды елшілікке жіберіп, ол жақтың саясатына болжам жасап,  таразылаған. Қазақтың орысқа қарсы көтерілісін пайдаланғысы келген Хиуа хандығы елдің белді батыр, билеріне жер беремін, қоныс етесіңдер деп уәде берген. Бірақ Есет пен Дәуіт  бұл ұсынысты бірден қабылдай салмай, талқыға салады.  Екі оттың ортасында қалып, бекерден-бекер күйіп кетпеу жағын ойластырады. «Хиуа әскер жіберіп, көмектескелі жатыр» деген хабарды әкелген Әзберген мен Қарағұлға зеңбірегі бар алып күш иесіне қылыш, сойылмен қарсы шығып ештеңе бітіре алмасын айтып, түсіндіреді. Хиуалықтардың жеме-жемге келгенде уәде бұзып, тайқып шыға келуі мүмкін екендігінен  де сескенеді.

… 1855-1857 жылдары Ресей патшалығы қазақ жеріне бірнеше жазалаушы отряд жібереді. Есетті тұтқындауға жіберген Жантөреұлының тобы сәтсіздікке ұшырайды. Ал, Мұхаммедқали Тәукин бастаған отряд көтерілісшілердің қатары көбейгендігі  туралы хабар алған соң, қорқып, көмекке келе жатқан казак отрядын күтеді. Дәуіттің өз елінде жоқ екендігін біліп,  оның ауылын шабады. Батырдың ұлы Бекназар мен қызы Тәтімді және әйелі Қалымен бірге жасы сексеннен асқан Майдос деген қарияны тұтқындап, Орынборға қарай жөнелтеді. Жазалаушы топ  Дәуітке қарасты ауылдың 293 түйесін, 258 жылқысын, 21400 бас қойын және 285 мүйізді ірі қарасын айдап кеткендігі туралы дерек бар.

1857 жылы Орынбор – Самара өңіріне басшылыққа келген генерал-лейтенант А.Котянин көтерілісшілерге олар  өз еркімен берілген жағдайда кешірім жасалып көтеріліске қатысқан рулардың бұрынғы қоныстарына көшіп-қонуына рұқсат ететіндігін мәлімдеген.  30 мыңдай казактан құралған Орал әскер шебі, 18 бекініс, 32 редуттан тұрған жоғары Жайық пен 16 бекініс, 18 редуттан тұратын Үй шебіне қарсы тұруға күші жетпейтіндігін білген  Есет Көтібарұлы қарамағындағы елмен  ақылдасып, 1856 жылдың маусымында патшаға қарсы көтерілісті тоқтату жөнінде байламға келеді. Сол жиында Дәуіт Асауұлы да болған.

Бұл жылдар Дәуіт үшін ең қиын уақыт болды, өйткені бүкіл отбасы тұтқында ұсталды. Шекара комиссиясы Дәуіт келіп кешірім сұрағанша босатпайтындығын хабарлап, келмеген жағдайда баласын дүре соғып,  қорлайтындығын, туыстарының бірқатарын Сібірге жер аударатынын, ал әйелі Қалыны өмір бойы тұтқында қалдыратынын ескерткен. Бірақ ол хабарға Дәуіт көп құлақ аспаған.  Дәуіт отбасын құтқару үшін жалғыз  шабуға әрекет етпек болады. Кейін ашуын ақылға жеңдіріп, Есетпен ақылдасады. Бұл Есеттің патша үкіметінен кешірім алған уақыты болатын. Сонда ол:  «Жалғыз шаппа, Айшуақ ханмен ақылдас, сарбаз жина»  деп кеңес береді.

Орынбор билігі өздері жіберген хабарға Дәуіт құлақ аспаған соң басқаша саясат жүргізеді. Алдымен әйеліне хат жаздырып, өзінің және баласы Бекназардың аянышты  халін жеткізбек болады. Бұл іске прапорщик Сейдалинді тартып, хат мазмұны қалай болуы  керектігін  түсіндіріп,  айғақ ретінде бармақ бастырып алмақ еді. Дәл сол тұста шөмішті табыннан шыққан би Алдаш Байғанаұлы түтін салығы туралы мәлімет берем деп келе жатқанда Орынбор отрядына тап болып, олар оны лезде қамауға алады, Отбасы атынан жазылған хатты Дәуітке жеткізуге  Алдашты лайықты деп табады. Өйткені, Алдаш би ел ішіндегі беделді адамдардың бірі еді. Оған Дәуіт батырды сендіріп, Орынборға әкелуді міндеттейді.

Бұл — Алдаш би үшін өте қиын жұмыс еді. Өйткені патша өкіметінің қызметкерлеріне сенім жоқ-тын. Батырды Орынборға ертіп келгенде оны аяқастынан тұтқынға алуы, тіпті Сібірге айдауы да ғажап емес-тін. Ондай жағдайда елге сыйлы бидің қарабет атануы оп-оңай еді….

Дәуіт бұл кезде Есетпен етене араласып, араларынан қыл өтпес дос болған-ды. Орынборға да соның ақ тілегімен  аттанады…

Ербөлек батыр туралы деректер

Дәуіт атаның алты ұлы болған, орайы келгенде оларға да тоқтала өтуді жөн көрдік. Олар — Бәйімбет, Әмет, Ербөлек, Алданазар, Бекназар, Дәрібай. Ел аузында Ербөлек, Алданазар, Бекназар туралы аңыз әңгімелер бар. Алты ұлдың ішінде Ербөлек өжет, батыр  болған деседі. Туған жылы белгісіз. Ол заманда Еділден қайтқан қалмақтар елді тонап, мазасын кетірген. Ербөлек жөңкіле шығысқа қарай беттеген қалмақ әскерін Аралға дейін қуған. Сол жердегі шайқаста қаза тауып, сонда жерленіпті. 1928 жылы Әзірғали Көнекбаев деген ұрпағы баба сүйегін арғы атасы Сатыбалды жатқан Шитүбекке әкеліп жерлейді. Бұл деректі бізге Ербөлектің жиені болып келетін темірлік кәсіпкер Жұмабек Қоқанов айтты.  «Батырдың ұрпағы Алпысбайды да халық әулие дейді,   бейітін бұзып, тасын тиеп әкеткендер  қатты ауырыпты…» дейді Жұмабек.

P.S.  Дәуіт батырдың қорымы Бесқала өңірінде, Үстірттің Қоңырат қаласына құлайтын еңістігінде жатыр. Жергілікті халық ұлтына, руына қарамай батырдың басына барып, тәу етеді.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button