Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Көне Көкжардың жаңғыруы

8-9 қыркүйек  күндері Ойыл ауданының орталығында Ұлы Жібек жолындағы  жаңғырған Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығы ерекше атап өтілді. Оған Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан қонақтар келді. Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығына арналған салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, мерекеге қатысушыларды құттықтады.

— Осы жылы біз Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Рухани жаңғыру» — қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға көштік. Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында елімізде тұрақтылық пен тыныштық, бейбітшілік пен бірлік байқалады. Тұрақтылық — кез келген мемлекеттің дамуының негізі, бүгін біз елімізде бәрінің де бейбіт әрі келісімде өмір сүріп жатқанына тағы да көз жеткіздік. Біз — тарихы бір отбасымыз. Тарихсыз болашақ жоқ. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін қағида. Қазіргі ұрпақтың қасиетті парызы — экономикалық және мәдени құндылықтарды сақтау, — деді.

Облыс басшысы аудан тұрғындарына  шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғандары үшін алғысын білдіріп, шараға ат салысқан меценаттар,  еңбек ардагерлері мен аудан азаматтарына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін естелік сыйлықтарын тапсырды. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған коммуналдық тұрғын үйден  алты отбасы пәтер кілтін алды.

Мерекелік шараның шымылдығы аудандық Мәдениет үйінде өткен «Қазақстан сауда тарихында Көкжар жәрмеңкесінің алатын орны, саяси-жағырапиялық және стратегиялық маңызы» атты өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференциямен ашылды. Конференцияға ауданның құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, тарихшы-этнограф ғалымдар, жастар қатысты. Мерекелік шара түстен кейін аудандық Мәдениет үйінде жазушы Табыл Құлиястың «Мұхит» спектакелімен жалғасты.

Ойыл аграрлық колледжінің жәрмеңке алаңында Атырау, Маңғыстау, Қызылорда,  Батыс Қазақстан және облыстың барлық аудандарынан келген дәстүрлі ән орындаушыларының  арасында «Жан серігім — домбыра» атты өңірлік жыршы-жыраулардың байқауы өткізілді. Кешкісін этноауылда «Алтыбақан жанында» және «Ақсүйек» ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, мерекенің ажары ашыла түсті.

Мерекенің екінші күні Ойыл аграрлық колледжінің жәрмеңке алаңында сауда қатарлары өз жұмысын бастады. Алаңға кіреберістің екі жағына жағалай  қойылған қолөнер шеберлерінің  бұйымдары да көпшіліктің назарын аударды. Осы жерде Атырау, Батыс Қазақстан облысы және жергілікті қолөнер шеберлерінің шебер-кластары өткізілді.

Алаңда орнатылған сахнада «Көкжардың жәрмеңкесі жаздай сайран» атты театрландырылған  қойылымы ұсынылды. Қойылым аясында көне Көкжардың тарихын бейнелейтін көш-керуен халқымыздың өткенін көз алдымызға алып келгендей  әсерге бөледі. Төскейінде төрт түлік өсіретін ауданда асыл тұқымды малдың көрмесі ұйымдастырылды.

Ойыл өзенінің жағасына орналасқан этноауылға тігілген киіз үйлерде қонақтар мен мерекеге қатысушыларға қонақасы берілді. Осы жердегі атшабарда  бәйге ұйымдастырылып, ұлттық спорт ойындары өткізілді. Мерекелік шара соңында «Көкжар әуендері» концерттік бағдарламасы ұсынылды.

(Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығын мерекелеу шаралары туралы материал газеттің алдағы санында жарияланады).

Сатыпалды СӘУІРБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button