Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Бердібек САПАРБАЕВ: Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін билік пен қоғам бірігіп жұмыс жасауы керек

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламентінің 3-інші сессиясында берген тапсырмаларын орындау мәселесіне байланысты облыс активі өтті. Бейнеконференция түрінде өткен жиында көптеген мәселелер қаралып, талқыланды.

Алдымен сөз алған облыс әкімі  Елбасының Жолдауында және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы жүктелген міндеттерді орындау мақсатында облыста атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.

Елбасы тапсырмасына сәйкес, біздің облыс үш базалық саланы —  экономиканы, саясатты және ұлттық сананы жаңғыртуға кірісті. 8 айдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 4 пайызды құрады. Жыл аяғына дейін міндеттелген тапсырманы орындайтын боламыз, — деді Бердібек Сапарбаев.

Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыру мақсатында облыстық комиссия құрылып, 3 рет отырыс өткізді. Алты бағыттағы жұмыс тобы белсенді жұмыс жасап жатыр. Осы уақытқа дейін аталған жұмыс тобы 24 отырыс өткізіпті.  

Облыс әкімі жиында мемлекеттік бағдарламалардың игілігін халыққа жан-жақты түсіндіру керектігін тапсырды.

— Қазір тұрғындардың көпшілігі мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау, көмекті жете түсінбейді. Комиссия мүшелерінің ең негізгі міндеттерінің бірі — ел-жұртқа мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын түсіндіру, — деді Бердібек Машбекұлы.

Ол ең негізгі атқарылуы тиіс жұмыстардың  бірі — жұмыссыздардың санын көбейтпеу керектігін баса айтты. Қазір облыста жұмыссыздар өскен жоқ: 4,8 пайыз. Бұл тұрғыда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасының шарапаты көп.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы дәрі-дәрмек бағасын төмендету туралы және дәрі-дәрмек саласында туындаған мәселелерді ретке келтіруді нықтап тапсырғанын айтып, бағаны қатаң бақылауға алуды және бизнесті дамыту, экономикаға инвестиция тарту, азық-түлік бағасын көтермеу керектігін айтты.

402 АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ШАРАСЫ. 146 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ

Кеңейтілген жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова қоғамдық сананы жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мазмұнды баяндама жасады.

Облыс бойынша 146 мыңға жуық адамды қамтыған 402 ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізілген. «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасын халық арасында насихаттау жұмыстарын одан әрі күшейту мақсатында шілде айының 10-ынан бастап облыстық ішкі саясат басқармасының жанындағы ақпараттық топтар барлық ауданда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір ақпараттық топтармен Ақтөбе қаласы және 12 ауданда кездесулер өткізілді. Шараларға жалпы 7000-ға жуық адам қамтылды. Сонымен қатар, қыркүйек, қазан айларында бекітілген кестеге сәйкес ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағытта зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, партиялар, кәсіподақтар, жастар өкілдері кеңінен тартылуда.

Аталған бағдарламаны сыртқы үгіт-насихат құралдары арқылы  түсіндіру мақсатында 267 билборд пен баннер орнатылған.

Мемлекеттік бағдарламалар және заңнамаларды  түсіндіруде бұқаралық ақпарат құралдарының атқарар қызметі зор. Мемлекеттік тапсырыс аясында 15 жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында  облыстың қоғамдық-саяси өміріне, әлеуметтік-экономикалық дамуына, сондай-ақ, өңірде қолға алынып жатқан жобалар мен ұйымдастырылған маңызды шараларға арналған ақпараттар жұртшылыққа кеңінен таралуда, — деді Бұлбұл Елеусінова. Өңірде қабылданған заңнамалық жаңалықтар облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газет беттерінде жарық көреді. «Ақтөбе ақпарат» орталығында жыл басынан бастап 100-ден астам баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.

Басқарма басшысының айтуынша, Елбасының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік бағдарламалар және заңнамалық құжаттарды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде заманауи әдіс-тәсілдер қолданылуда.

— Қазір мемлекеттік маңызы бар шаралар, мәселелер қоғамдық көліктердегі мониторлар және көше бойындағы ЛЭД-экрандар арқылы тұрғындарға хабарланып жатыр. Елбасы қойған ауқымды міндеттер еліміздің жаңғыру жолында жаңа серпін береді деген сенімдеміз, — деп сөзін қорытындылады басқарма басшысы.

Бердібек Сапарбаев Бұлбұл Елеусіновадан Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында құрылған алты бағыттағы жұмыс тобы, облыстық басқармалар мен департаменттер өздеріне жүктелген міндететтемелерді қалай орындап жатқанын сұрады.

Бұлбұл Елеусінова бұл бағыттағы жұмыстардың облыстағы білім беру мекемелерінде кемшін екендігін жеткізді.

Біз жоғары және арнаулы оқу орындарымен жүйелі жұмыс жасамаймыз. Облыстағы барлық білім беру ұйымдарындағы студенттер, оқушылар, оқытушылар, мұғалімдердің жалпы саны 200 мыңнан асады. Сонда әрбір төртінші ақтөбелік тұрғын — білім саласында оқиды, еңбек етеді деген сөз. Демек, біз олардың бәрін қамтысақ, жұмыста нәтиже болады, — деді облыс әкімі.

247 009 АДАМНЫҢ МӘРТЕБЕСІ АНЫҚТАЛДЫ

Облыс әкімінің тапсырмасымен жұмыспен қамтудың кешенді жоспары құрылды. Жоспар бойынша 31 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру міндеті тұр. Қазір 24 830 адам жұмыспен қамтылды. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды  үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қ.Отаровтың баяндамасында айтылды.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4,8 миллиард теңге бөлінген. Аталған бағдарлама үш бағыт бойынша жүзеге асырылады.

Мемлекет басшысының Парламент палаталарының бірлескен отырысында берген тапсырмаларының бірі — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне байланысты нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтыған және еш жерде тіркелмеген жұмыссыздарды анықтау. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс көлемінде жүйелі түрде атқарылып жатыр. Облыстың ауылдық елді мекендерінде, қалаларда мәртебесі жоқ азаматтардың мәртебесін анықтау және мәртебе беру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді, — деді Қ.Отаров.

Осы жұмыстардың 1-кезеңі аясында үйлерді аралау жұмыстарының нәтижесінде, 247 009 адамның мәртебесі анықталыпты және «Әлеуметтік мәртебені  тағайындау» ақпараттық жүйесіне енгізілген.

Әлеуметтік мәртебені анықтаудың 2-кезеңі аясында азаматтардың мәртебесін растау үшін олардың тізімдері құзырлы мекемелерге жолданып, нақтылау жұмыстарын жүргізу жөнінде тапсырма берілді, — деді басқарма басшысы.

Әлеуметтік мәртебені анықтаудың арқасында 47 884 адамның  нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтығаны және еш жерде тіркелмеген жұмыссыз екендігі анықталыпты.

Облыс әкімі халықты уақытша емес, тұрақты жұмыспен қамту керектігін тиісті басқармалардың басшыларына қадап айтты.

«24 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды» деп аузымызды толтырып айтамыз. Дегенмен, олардың біразы —  2-3 ай ғана жұмыс істегендер. Сол себепті, жұмыс орындарын ашқанда уақытша жұмыс болмауы тиіс, халықты тұрақты жұмыспен қамтуымыз  керек, — деп тапсырды Бердібек Машбекұлы.

Жиында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай мен

облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова да баяндама  жасады. Құсайын Сәрсенбайдың айтуынша, қазір қаржы институтары арқылы 2 миллиард 188 миллион теңгеге 487 несие берілген.

ДӘРІ БАҒАСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Денсаулық сақтау министрлігі фармация  комитетінің Ақтөбе облысы бойынша

департаментінің басшысы Ринат Құбатаевтың айтуынша, ақпанның 20-сында облыс әкімдігі, Ақтөбе облысы фармацевтикалық қызметті қолдау қауымдастығы мен медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаменті арасында, 106  дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарға бағаның өсуіне жол бермеу  туралы меморандумға қол қойылған.

Департамент тарапынан осы меморандуммен бекітілген дәрілік заттар  бағасына  айына екі рет мониторинг жүргізіледі. Тексеру қорытындысында, дәрілік заттардың 90-96 пайызы дәріханаларда бар екендігі, бағалары тұрақты  және меморандумдағы келісілген бағадан қымбат еместігі анықталды, — деді Р.Құбатаев.

Өңірде Елбасы тапсырмасына сәйкес, халыққа сапалы фармацевтикалық қызмет көрсету, дәрілік заттардың бағасын бақылау жіті назарда болады.

Дәрі-дәрмек бағасына қоғамдық бақылауды жалғастыру қажет. Қыркүйек айының соңына дейін бағалар зерттеліп, сараптама жүргізілуі тиіс. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитеттің облыстық департаменті дәріханадағы дәрі орамының түпкілікті бағасының қалай қойылатынын анықтауы тиіс. Бақылау қатаң болу қажет, бұл —  Мемлекет басшысының тапсырмасы және халық үшін маңызды мәселе, — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі мектептердегі, медициналық мекемелердегі қолданылмай тұрған медициналық құрал-жабдықтардың бар-жоғын тексеріп, оларды тиімді пайдалануды да тапсырды.

Медициналық құрал-жабдықтарды алу үшін 2015 жылы 580 миллион теңге бөлінсе, былтыр 900 миллион теңге бөлінген. Ал биыл бұл мақсатта 1 миллиардтан астам теңге бөлініп отыр.

Қаржы мақсатты, тиімді жұмсалып жатыр ма? Мектептердегі медициналық құралдар қалай пайдаланылып жатыр? Кейбір мектептерде УЗИ аппартаттар, стоматологиялық құрал-жабдықтар пайдаланылмай босқа тұр, — деді облыс әкімі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев баяндамасында медициналық құрал-жабдықтар үшін бөлінген қаржының мақсатты жұмсалғанын, қондырғы, құралдардың тиімді пайдаланылып жатқандығын тарқатып айтып берді.

Әйтеке би, Ырғыз аудандарындағы мектептердегі стоматологиялық құрылғыларды ауруханаларға бердік. Қазір бұл құрал-жабдықтар пайдаланылып жатыр, — деді Әсет Қалиев.

Жиында облыс әкімі екінші деңгейлі банктердің басшыларын несие алу кезінде бюрократтық сөзбұйдаға салып, несиені дер уақытында рәсімдемейтіндері және несиелік мөлшерлемені төмендетпегендері үшін сынға алды.

Несиелік мөлшерлеме төмендеуі тиіс. Бұл туралы бас банктеріңнің басшыларымен келісім жасаңдар. Сіздер мемлекеттік бағдарламаның ақшасы есебінен қосымша несиелік қормен қамтылып отырсыздар. Сол себепті, облыс экономикасы үшін де жұмыс істеулеріңіз керек, — деді облыс әкімі.

Жиын соңында облыс әкімі қала, аудан әкімдеріне, мекемелердің басшыларына Елбасы жүктеген міндеттерді дер уақытында орындау керектігін қадап айтты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау үшін билік пен қоғам бірігіп жұмыс жасауы керек. Сонда ғана істе нәтиже болады. Биліктің ең негізгі міндеті — қоғамды өзіне тартып, жұмыс жасау. Елбасы жүктеген міндеттерді дер уақытында әрі сапалы орындауымыз керек, — деп түйіндеді сөзін Бердібек Сапарбаев.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button