Экономика

Электрмен жабдықтаудың жаңа тәртібі

 

Ақтөбе қаласындағы «Капитал плаза» бизнес орталығында «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу рәсімі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департаменті өткізген басқосуға облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының, сондай-ақ, облыстағы электрмен жабдықтаушы және монополист мекеме, кәсіпорын өкілдері қатысты.

Аталған департаменттің директоры Нұрболат Әлмұхановтың айтуынша, электрмен жабдықтау жүйесіне қосылуға байланысты заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілген. Бұл — Дүниежүзілік банктің  «Doing Business» рейтингінің индикаторларын жақсарту жөніндегі 2016-2017 жылдарға арналған кешенді жоспарына, сондай-ақ, тұтынушылардың электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу үдерістерін оңтайландыруға бағытталған реформалар туралы құқықтық түсіндіру жұмыстардың 2017-2018 жылдарға арналаған жоспарыне сәйкес жүргізіліп отырған шара.

Қазір елімізде электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу бойынша қазақстандық бизнестің жағдайын жақсартатын маңызды реформалар жүзеге асырылуда. Осыған сәйкес электр энергетикасы саласындағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің электр энергиясын пайдалану қағидаларына сәйкес, электрмен жабдықтау желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарды беру мерзімі қысқартылды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат алу қажеттігі алынып тасталды. Енді бұдан әрі жобалаушыға сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жұмыстардың басталуы жөнінде электрондық түрде хабарлама жіберсе, жеткілікті.  Сонымен қатар, электр желілеріне қосылуға мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау органынан рұқсат алу қажеттігі де алынып тасталды. Энергиямен жабдықтаушы ұйыммен электрмен жабдықтауға арналған шартты жасасудың апталық мерзімі үш күнге дейін қысқартылды, — деді өз сөзінде Н.Әлмұханов.

Департамент басшысы жиналғандарға еліміздің  «Doing Business» рейтингісінде біршама жоғары сатыға көтерілгендігін атап өтті.

Дүниежүзілік банктің «Doing Business» халықаралық рейтингісіне сәйкес, «Электрмен жабдықтау жүйесі желілеріне қосылу» индикаторы бойынша Қазақстан 75-ші орынға тұрақтады. Бұл —  өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Мұндай оң нәтижелерді электр энергетикасы саласы заңдарына бірқатар өзгертулер енгізумен байланыстыруға болады, — деді Н.Әлмұханов.

Дөңгелек үстел басында ҚР Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департаментінің бас маманы Тимур Мыңбаев жиналғандарға электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу тәртібін баяндады. Өз кезегінде жиынға қатысушылар көкейде жүрген сауалдарына байланысты жауап алды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button